2020 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында қазақстандықтар 23 трлн теңгеге 2 миллиардқа жуық қолма-қол ақшасыз операциялар жүргізді. Бұл өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда, 2,6 есе артық. Бұл туралы Ұлттық банктың баспасөз қызметі хабарлады.
Сәуір айында ТЖ байланысты бірқатар бизнес субъекті жұмыстарын уақытша тоқтатқандықтан, қолма-қол ақшасыз операциялар біршама азайды. Бірақ мамыр айынан бастап операциялардың көлемі орташа есеппен ай сайын 12%-ға өсіп отырды. Қолма-қол ақшаны шешу операциялары керісінше азайып, карточкалармен жүргізілген операциялардың үштен бір бөлігінен аспады.
Қазірдің өзінде интернет-банкинг пен банктердің мобильді қосымшаларында жүргізілген операциялардың, яғни онлайн-операциялардың үлесі ұлғайып келеді. Егер 2019 жылдың 9 айында онлайн-операциялар үлесі 67% болса, биыл – 81%. Орташа есеппен алғанда, 9 айда онлайн түрде төлем карточкаларымен 68 миллиард теңгеден аса қаржыға 4 миллион транзакция өткізілген.
Жыл басынан-ақ мобильді банкинг аудиториясы тым белсенді болды. Қаңтар айында интернет-банкингті белсенді қолданатындардың саны 8 миллион болса, қыркүйек айында ол 12 миллионға жетті.
Жиі қолданылатын төлем карточкаларының саны – 25 миллион. Бұл карточканың барлығын иелері қыркүйек айында онлайн-төлем жүргізіп қана қоймай, қолма-қол ақшаны шешу үшін де қолданды. Биылғы 9 айда қазақстандық банктер 12 миллион төлем карточкасын шығарды.