14 қараша – Дүниежүзілік қант диабеті күні. №6 қалалық емхана эндокринологы Ғалия Үржанова ерте белгілердің алдын-алу үшін не нәрсеге назар аудару керектігі, қант диабеті кезінде асқынулардың алдын алу жолдары туралы айтты. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы ресми сайты хабарлады.
Қант диабеті – эндокриндік ауру, қандағы глюкозаның жоғары деңгейімен сипатталады.
Қант диабетінің негізгі екі түрі бар:
1. Инсулинге тәуелді қант диабеті. Ауру ұйқы безінің дисфункциясымен байланысты.
2. Инсулинге тәуелді емес қант диабеті. Аурудың бұл түрі инсулинге сезімталдықтың жойылуынан болады. 2-ші типті қант диабетінде жасушалар инсулинге сезімталдығын жоғалтады және қандағы глюкозаның деңгейі жоғарылайды. Әдетте, ауру семіздік аясында дамиды.
«Адамдар қант диабетімен өмір сүре алады және өз сырқаты туралы білмеуі де мүмкін. Кейбіреулер ауру белгілерін елемейді, дегенмен бұл кезде қант диабеті олардың ағзасын бұзып жатыр», – дейді №6 қалалық емхана эндокринологы.
Аурудың негізгі факторлары:
1. семіздік;
2. Генетикалық бейімділік;
3. Қабыну процестері: инфекция және қабыну аурулары ұйқы безінің зақымдануына және оның секреторлық қызметінің бұзылуына әкелуі мүмкін;
4. Дұрыс тамақтанбау;
5. Стресс: ауыр күйзеліс жағдайлары аса қауіпті.
Дәрігер қант диабетінің асқынуынан пайда болатын аурулардың 4 негізгі класын атап өтті:
1. Қант диабетінің ұзақ ағымында дамитын диабеттік ретинопатия. Диабеттік ретинопатияның прогрессивті ағымы бар: алғашқы сатысында нашар көру, перде және көз алдында өзгермелі дақтар байқалады; кейінірек – көру қабілетінің күрт төмендеуі немесе жоғалуы.
2. Диабеттік невропатия. Прогрессивті қант диабетімен жүйке талшықтары зақымданып, қол-аяқтың сезімталдығы төмендейді. Аяқтың невропатиясы қан айналымы төмендеуімен үйлескенде, аяқтың ойық жарасы пайда болады және аяқ ампутациясы қаупі артады.
3. Қант диабеті – бүйрек жеткіліксіздігінің негізгі себептерінің бірі.
4. Жүрек-қан тамырлары жүйесінің асқынулары. Қант диабеті бар адамның инсульт пен инфаркт қаупі қант диабеті жоқ науқастарға қарағанда 2-4 есе жоғары. Сондықтан жоғары қан қысымын уақтылы анықтау және емдеу маңызды.
Дәрігер қант диабетімен ауыратын науқастарға арналған негізгі ұсыныстарды атап өтті:
1. Қант диабетімен күресте диета мен жаттығулар өте маңызды.
2. Дәрігерге үнемі бару және қандағы глюкозаның деңгейін үнемі бақылау. Глюкоза деңгейінің жоғарылауына уақтылы ем жасау пациентті салыстырмалы түрде қорғай алады және асқыну қаупін азайтады.
3. Қант диабетін және оның асқынуын емдеу тек эндокринологтың басшылығымен барлық ұсыныстарды қатаң сақтай отырып жүзеге асырылады;
4. Егер адамға алғаш рет қант диабеті диагнозы қойылса, ол тіркелген жеріндегі емхананың «Денсаулық мектебіне» баруы керек. Онда пациенттерге қант диабеті дегеніміз не, қандай асқынулар бар және олардан қалай сақтануға болатыны айтылады. Сондай-ақ егер пациент инсулиннің қажетті фазасында болса – инсулинді қалай дұрыс енгізу керегі түсіндіріледі.