Енді қазақстандықтар үйде отырып-ақ көліктің мемлекеттік нөмірі мен тіркеу куәлігіне тапсырыс бере алады. Онлайн қызметті қалай алуға болады?

Жарияланды
Мемлекеттік нөмірді үйге жеткізіп береді

Елімізде жыл сайын түрлі қызметтер мейлінше жеңілдетіліп жатыр. Қазірдің өзінде көптеген қызметті онлайн түрде тұтынуға болады. Бұл қазақстандықтардың уақытын үнемдейді, шығынын қысқартады. 

Жеңілдетіліп, онлайн режимге көшірілген қызметтің бірі – транспорт құралын тіркеу туралы куәлік пен мемлекеттік тіркеу нөмір белгісіне үйде отырып тапсырыс беру. Өкілетті орган онлайн қызмет бойынша аталған куәлік пен мемлекеттік нөмірді үйге жеткізіп береді. 

Ол үшін egov.kz порталында «Көлік және коммуникациялар» бөлімін, оның ішінде «Автомобиль көлігі» айдарын, әрі қарай «Үйге МТНБ және КҚТТК жеткізу» қызметін таңдауыңыз керек. Одан әрі қарай қызметке тапсырыс беру үшін «Онлайн сұрау» батырмасын басасыз. 
Ашылған жаңа бетте: 

  •  Сатып алушының ЖСН нөмірін; 
  • «Көлік құралын тіркеу» қызметі бойынша сұраным нөмірін; 
  • Жаңа МТНБ-ны (мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісі); 
  • Алынатын МТНБ-ны; 
  • Алынатын КҚТТК-ны (көлік құралын тіркеу туралы куәлік); 
  • Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы атауын; 
  • Жеткізу мекен-жайын; 
  • Үйді / корпус / пәтерді жазуыңыз керек.  

Бұл 1-қадам әрекеттері. 2-қадамда төлемді жүзеге асырып, 3-қадам өзіңіздің ЭЦҚ кілтіңіз арқылы қол қойып, қызметті растайсыз. Ескерте кетер тағы бір нәрсе, ЭЦҚ кілтіңіз болмаған жағдайда бір реттік құпия сөз арқылы да электронды үкімет порталына кіріп, қол қоя аласыз. Қызмет тек жеке тұлғалар үшін. Қызмет көрсету мерзімі – бір жұмыс күні. 

Осылайша, бұған дейін қазақстандықтар бұл қызметті алу үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына кем дегенде екі рет барып, уақытын шығындаса, енді рәсімдеу, қайта рәсімдеу, нөмір белгісін таңдау, көлікті есепке қою, мемлекеттік нөмірді жеткізіп беруді рәсімдеу сияқты қызметтерді онлайн түрде жүзеге асыра алатын болады.  

Еске сала кетейік, қазақстандықтар автокөлігін сатқан жағдайда мемлекеттік нөмірді өзінде сақтап қала алады. Көлікті есептен шығару кезінде «Мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісін сақтау» батырмасын басып, белгі қойсаңыз мемлекеттік нөмір сіздің иелігіңізде қала береді. 
 

 
Сондай-ақ оқыңыз