12 мыңнан астам әлеуметтік қызметкер алғаш рет тестілеуден өтеді
12 мыңнан астам қазақстандық әлеуметтік қызметкер алғаш рет тестілеуден өтеді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ағымдағы жылғы 23-27 қараша аралығында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – ҚР Еңбекмині) әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында әлеуметтік қызметкерлерді, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік мекемелердің директорларын, жұмыспен қамту орталықтарының директорларын, үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелерінің меңгерушілерін тестілеуден өткізеді. Жалпы алғанда 12 мыңнан астам адамды тестілеу жоспарлануда.
Тестілеу заңнамалық актілерді, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету стандарттарын, әлеуметтік қызметкерлердің этикасына қойылатын талаптарды білу деңгейін анықтауға бағытталған.
Тестілеуден өтушілерге негізгі блокта заңнаманы, этикалық талаптарды білуге және практикалық міндеттерді шешуге арналған сұрақтар қойылады.
Сондай-ақ, әлеуметтік қызметкердің функцияларын жүзеге асыру үшін қажетті сапалардың болуы мен деңгейін анықтау үшін психологиялық тест арқылы жеке сипаттамаларды өлшеу қарастырылған.
Осыған байланысты, мұндай тестілеу ел ауқымында алғаш рет өткізіліп отырғандықтан, ҚР Еңбекмині шекті балл жинай алмаған адамдарға қатысты санкциялар қолданбайды. Шекті балл ала алмағандар үшін оқыту семинарлары мен қайта тестілеу ұйымдастырылады. Жоғары нәтижелермен ерекшеленетіндерді кейіннен лауазымын жоғарылату, республикалық және облыстық маңызы бар жобаларға қатысу үшін сарапшылар ретінде тарту үшін кадр резервіне қосу жоспарлануда. Сондай-ақ олардың кандидатуралары ҚР Еңбекмині жанындағы Әлеуметтік жұмыс жөніндегі сараптамалық кеңеске және өзге де жауапты қоғамдық қызметтерге енгізу үшін ұсынылатын болады.
Сонымен қатар, тестілеу қорытындысы бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізген адамдар үшін әлеуметтік жұмыстың озық технологиялары бойынша арнайы семинарлар ұйымдастыру жоспарлануда.
Бұл жобаны ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының және Unicef Kazakhstan қолдауымен іске асыруда.