АҚШ Қазақстанға коронавируспен күресу үшін 6 млн доллар жіберді. Тағы қай елдер Қазақстанға көмектесті?
АҚШ халықаралық даму агенттігі (USAID) Қазақстанның COVID-19 пандемиясына қарсы әрекетіне қолдау көрсету үшін қажетті зертханалық жабдықтар мен материалдар сатып алынғанын жариялады. Бұл материалдар USAID жергілікті денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы жобасы шеңберінде ұсынылды. Материалдарды жеткізудің екінші кезеңі 1 113 907 долларға бағаланады және бұл Қазақстандағы COVID-19 індетіне қарсы іс-қимылға және ұзақ мерзімді пандемияға дайындықты қолдауға мүмкіндік бермек.
«Бұл тесттер мен материалдар Қазақстан үкіметінің кеңейтілген дәл тестілеу жүргізу, сондай-ақ COVID-19 сияқты вирустық қатерлерді анықтау, зерттеу және түсіну қабілетін растайды. Бұл қолдау кезеңі сонымен қатар вирустарды тексеру үшін 50 000-нан астам вирус үлгілерін тасымалдау жиынтықтарын, сондай-ақ вирусты тексеруге арналған Cepheid SARS-COV-2 картридждерін жеткізуді қамтиды және жағдайларды жедел анықтау үшін халықтың денсаулығын сақтау бойынша жұмыстарды қолдайды» делінген хабарламада.
Мәлімет бойынша, 700 мың доллардан асатын қаржыға бағаланған қосымша зертханалық жабдықтар елімізге қараша айының соңында жеткізілмек. Жалпы, АҚШ Қазақстанның пандемиямен күресі үшін 5,7 млн доллар көлемінде қаржы бөліп отыр.
АҚШ сәуір айында да коронавируспен күрес мақсатында Қазақстанға 1,6 млн доллар жіберген еді. Жалпы, соңғы 20 жылда АҚШ Қазақстанға әртүрлі себеппен 2 млрд доллар көлемінде көмек жасаса, соның 86 млн доллары медициналық мақсатта бөлінген.
Пандемия басталғалы бері бірқатар мемлекеттер Қазақстанға көмектесті. Гуманитарлық көмектер жіберді. Мәселен, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы атынан 53 тонна гуманитарлық көмек келді. Оның ішінде 622 мың миллионнан астам респираторлық және медициналық маска, 62 мыңнан астам қорғаныш көзілдірігі мен қолғаптар, 120 мыңға жуық қорғаныш халаттары. Көмектің жалпы құны 2,7 млн долларға бағаланған.
Шілде айында Израиль мемлекеті де 4,5 млн-ға бағаланған гуманитарлық көмек жіберді. Израиль елшілігінің баспасөз қызметі көмекте қазақстандық дәрігерлер үшін қорғаныс костюмдерінің бар екенін мәлімдеген болатын.
Індет қатты тарағалы бері Қытай Қазақстанға бес мәрте көмек көрсетті. Көмектің алғашқы партиясы Алматыға 2 сәуір күні келіп жеткен. ҚХР негізінен Қазақстанға тепловизор, тест, бір реттік қорғаныш құралдары, қорғаныш көзілдірігі мен медициналық киімдер, өкпені жасанды тыныс алдыру аппараттары, басқа да қажетті медициналық бұйымдар жіберді.
10 сәуірде және 1 мамырда қытайлық миллиардер Джек Ма қоры атынан 500 мыңнан астам медициналық маска, 5 мыңнан астам қорғаныш костюмдерін, 50 мың қолғап пен термометрлер, жасанды тыныс алдыру аппараттары келіп жеткен еді.
Бұдан өзге пандемия кезінде Қазақстанға белсенді көмек көрсеткен елдер қатарында Біріккен Араб Әмірліктері, Польша, Оңтүстік Корея, Түркия, Үндістан, Пәкістан, Жапония, Катар бар.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте денсаулық сақтау вице-министрі – Қазақстанның бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының да «қызыл» аймаққа кіргенін айтты. Аталған екі облыстан бөлек Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары «қызыл» аймақта болса, Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы «сары» аймақта.
Джонс Хопкинс университетінің дерегіне сүйенсек, бейсенбі күні Қазақстан вирус жұқтыру көрсеткіші бойынша әлем бойынша 49-орында болған.