Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша фармацевтикалық өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 39,7% – ға өсті, ол отандық кәсіпорындарда шығарылатын өнім көлемінің ұлғаюына байланысты. Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналы хабарлады.
Мысалы, «Химфарм» АҚ-да шығарылатын өнім көлемі 67% – ға артқан. Айта кету керек, аталмыш отандық фармацевтикалық компания соңғы 2 жылда экспорт көлемін 2,5 есеге арттырды. Бүгінгі таңда кәсіпорынның дәрілік заттары Орталық Азия және ЕАЭО нарықтарында кеңінен сұранысқа ие. Өнімдер Тәжікстан, Түрікменстан, Моңғолия, Ресей және Қырғызстан сияқты елдерге экспортталады.
Сонымен қатар келесі жылы Өзбекстан нарығын игере отырып, экспортты екі есеге арттыру жоспарланған. Бұдан бөлек, маңызды бастамалардың бірі Еуропалық одақтың дәрілік нарығына шығу көзделген. Осылайша, 2023 жылға қарай экспорт көлемін 4 есеге, яғни 16 млрд. теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.