Бейтаныс нөмірден жазатын фейк-таныс
Соңғы уақытта белгісіз нөмірден WhatsApp, Telegram желісі арқылы хат жолдап, ақша сұрайтын алаяқтар көбейді. Соның ішінде әлеуметтік желіде танымал, белсенді адамдардың атынан қомақты қаражат сұрап, қалтасын қампайтып алуды көздейтіндер шықты. Интернет алаяқтықтың жаңа түрін талдап көрелік. Қақпанға түсіп қалмас үшін нені ескеру керек?
Пандемия кезінде үйде отырып табыс табудың осындай заңсыз түрі пайда болды. BTS Digital білім жобаларының жетекшісі Саясат Нұрбектің ауырып жатқан кезін пайдаланып, таныстарынан ақша сұраған. Ең өкініштісі, сенімді әрі беделді адамдардың қолын қайтармай, сұраған қаражатын салып жібергендер аз емес. Мысалы Саясат Нұрбектің танысына «Ассаляму алейкум! Мен ауруханада жатырмын, бала қиындыққа тап болды. Сіздің картаңызда 100000 бар ма? Мен оны бір сағаттан кейін қайтарамын. Брат?» деген хат келген. Экранның арғы жағындағы адам жағдайын айтып тұрған досына сенгені сонша, басқа нөмірден жазғанына да мән бермеуі мүмкін.
Жалпы алғанда сценарий мынадай: ең алдымен алаяқ болашақ «құрбандығын» зерттейді. Әлеуметтік желіде кіммен көбірек тілдеседі, пікір мен лайк арасынан «жарқ» еткен бірнешеуін нысанаға алады. Кімге фейк нөмірден жазуды анықтаған соң, оның жеке мәліметтерін іздейді. Айталық, Telegram-да аты-жөнін теріп көріп, табу мүмкіндігі жоғары. Одан бөлек, көпшілігі нөмірін желіге «байлап» қояды. Соның ішінде Instagram-ның бизнес-аккаунттарында бірден хабарласуға мүмкіндік беретін батырма бар. Сөйтіп нөмірін тапқаннан кейін жап-жаңа SIM-карта сатып алып, желіге тіркейді. Жаңа қолданушы таңдаған құрбандығының суретін аватарға қояды. Әсіресе, желі біткенге бір сурет қоятындарды тіпті жазбай тануға жақсы әдіс. Осылайша жаңа нөмірдің аватарын ауыстырып, аты-жөнін енгізіп, «жемтігіне» жазады.
Бірақ бір байқағанымыз, алаяқтар айтарлықтай мықты жұмыс істей алмайды екен. Олай дейтін себебіміз, құрбандығының жазу стилін, психологиясын меңгеруге аса бас қатырмайтын сыңайлы. Өйткені осындай интернет-алаяқтарға тап болғандар салған скриншоттардағы мәтінге көз салсақ, ішіндегі қатеден көз сүрінеді. Негізі мұндай қақпанға түсіп қалған азаматтар аз емес. Бұл туралы полиция қызметкерлері ашық айтады, тіпті алдына шағым айта келгендердің арызын қабылдауға құлықсыз деседі. Сондағы айтар уәж — мұндай арыздың жетіп артылатыны.
ТВ және кинопродюсер Айсәуле Әбілда да осындай жағдайға тап болғаны туралы жазған. Айтуынша, қатты сыйласатын құрбысының WhatsApp-ына өзге нөмірден Айсәулемін деп хабарласып, ақша сұраған. Сөйтіп қарызды жіберетін карта нөмірін де қалдырыпты. Шұғыл керек болып тұр дегенге сенген құрбысы ойланбастан, сұраған ақшасын — 70 мың теңгені дереу аударады. Содан кейін барып Айсәулеге хабарласып, мән-жайды айтып береді. Қызықтың көкесі осы кезде басталады. Ақша аударған карта иесіне хабарласса, «26 жас шамасындағы бала мен келіншек келіп, мамасының үйіне ақша салмақшы екенін, алайда өздерінің банк картасы жоқ екенін айтты. Картама ақша аудартып, банкоматтан шығарып алуға өтініш жасады. Сол сәтте картамда еш ақша болмаған соң, қолдарына ұстаттым. Жаныма келіншегін қалдырып кетті» деп жауап берген.
Артынша Айсәуле алданған құрбысы тұрғылықты жері бойынша полиция арыз жазған. Бірақ полиция өкілдері алаяқтықтың бұл түрі өршіп тұрғанын, табу қиын екенін айтыпты. Айсәуленің мамандығы заңгер болғандықтан, бұл істің ақ-қарасын ашуға білек сыбана кіріскен. Кейіннен белгілі болғандай, әлгі алаяқ ұсталыпты. «Картам арқылы аударып берші деген соң бердім» деген адамның өзі болып шыққан. Жасы 20 шамасында. Бұдан бөлек бірнеше адамды осы әдіспен сан соқтырыпты. Алданғандар бірлесіп ортақ чат ашып, ақшасын қайтарып алыпты. «Аяп кешіре салғың да келеді. Алайда олай ете берсең, қылмыс жасауға үлес қосасың. Мен соңына дейін кешірім бермейік деп отырмын. Бірақ іштей жүрегім ауырады. Әділ болу да оңай емес. «Тура биде туған жоқ» деп осындайда айтса керек. Туыс емес, айдаладағы қызды аяп отырмыз, туысымыз болса қайтер ек» дейді Айсәуле.
2018 жылы интернет-алаяқтықтың 4 мың түрі болса, 2019 жылы 8 мыңнан асып жығылған. Ал осы жылдың алғашқы жеті айының өзінде 6 мыңға жуық түрі анықталыпты. Жыл соңына дейін статистика қандай болары белгісіз. Көбеймесе, азаймайтын түрі бар. 2020 жылдың басынан бері осындай қылмыстың 1400-ге жуығы ашылған. Соның нәтижесінде 500-ден аса адам құрықталған. Интернет-алаяқтық ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабымен реттеледі. Әдеттен қылмыстың бұл түрін жасағандардың мүлкі тәркіленеді, белгілі бір лауазымды қызметті атқару не қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айырылады, болмаса төрт мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеу міндеттеледі. Сонымен бірге сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жылға дейін бас бостандығы шектеледі.
ҚР Ішкі істер министрлігінің криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Әлібек Оразалының айтуынша, интернет-алаяқтарға тап болған жағдайда салғырттық танытпай, сауатты қимылдаудың маңызы зор.
«Әдетте алаяқтар сенімге кіру үшін барын салады. Кейде қаскүнемдер жалған интернет дүкендер немесе танымал сайттардың көшірмесін жасау арқылы азаматтарды өздеріне көптеп тартады. Ең өкініштісі, кей азаматтар мүлкінен айырылып қалып жатады. Мысалы жарнама бойынша хабарласып, қызығушылық танытқандай болып, кепіл ретінде алдын-ала төлем жасайтынын айтады. Ақша аудару үшін реквизиттерін біліп алып, екінші рет қоңыра шалып, төлемді аудару үшін СМС-кодты атауын сұрайды. Қаржылық не сандық сауаты болмаса, ешкімге айтуға болмайтын құпия кодты айтып, интернет-банкингіне кіруге өзі білмей жол ашып береді» дейді Әлібек Оразалы.
Расында, біраз уақыт бұрын интернет-алаяқтықтың бұл түрі де таралған. Осы ретте алаяқтарға тап болған жағдайда қандай іс-қимыл жасау керегін және тап болмас үшін сақтану жолдарын атап өткенді жөн көріп отырмыз. Бірінші кезекте, компьютер, смартфондарыңызға лицензиясы бар бағдарламалық жасақтамаларды жүктеңіз. Өйткені кей қосымшалар сіздің жеке бас деректеріңізді ұрлауы мүмкін. Орнатып жатқанда не нәрсеге рұқсат беріп жатқаныңызға мән бергеніңіз жөн. Сонымен бірге жеке хат түрінде келген күмәнді, белгісіз сайттарға сілтейтін сілтемеге кірмеңіз. Басқан күннің өзінде әрмен қарайғы диалогты сауатты жүргізіңіз. Құпиясөздеріңізді, сақтаулы тұрған банк картасының мәліметтерін бермеңіз. Тағы бір ескере кететін жайт, картаның артында тұрған, үш саннан құралған CVV кодты айтпаңыз, картаңыздың алды-артын түсіріп жібермеңіз. Негізі картаны суретке түсіргеннен гөрі банк есепшотын санмен жіберген жөн. Немесе тіркелген телефон нөміріңіз арқылы аударым жасауын сұраңыз. Себебі картаның артындағы кодтың көмегімен интернетте еркін сауда жасауға болады. Өзіңіз үшін айлық шектеу, яғни белгілі бір сомаға лимит қоюды әдетке айналдырсаңыз құба-құп. Болмаса, телефоныңызға өзіңіз қолданатын банктің мобайл қосымшасын міндетті түрде жүктеп алыңыз. Әр төлем жасалған сайын хабарлама келетіндей етіп қойған дұрыс.
Бүгін талқыланып отырған алаяқтық түріне тап болмас үшін ең алдымен сақтық қажет. Яғни танысыңыз неге бөгде нөмірден жазып тұрғанын анықтаңыз. Бұрынғы, өзіңізге белгіл нөмірге хабарласыңыз. Қарсы тараптың жазу стиліне мән беру керек. Досыңыз солай жазушы ма еді? Әріп қатесі, сөйлем құруы ұйқаса ма? Желі арқылы байланысып тұрған соң, видеоқоңырау шалсаңыз болады. Сол жағдайда бет-бейнесін көріп, рас-өтірігін анықтайсыз. Әлеуметтік желіге жеке деректерді жарқыратып қоя берудің осындай көлеңкелі жағы барын ескеріңіз.