Қазақстанда қанша бала коронавирустан емделіп жатыр? Екінші тоқсан қалай болмақ?
Елімізде жаңа оқу жылы басталғалы бері 16 қарашаға дейінгі аралықта 302 бала коронавирус жұқтырған. Ал қашықтан оқыған бір оқушыдан вирустық пневмония анықталған.
ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетованың айтуынша, арнайы жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша мектептердің офлайн режимде жұмыс істеуге дайын екендігі анықталған.
«Бірақ эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда, оқыту форматы бойынша шешімді өңірлік бас мемлекеттік санитарлық дәрігермен бірлесіп әкімдік жанындағы өңірлік штаб қабылдайтын болады» деді Айжан Есмағамбетова.
Ал білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғаридің айтуынша, ведомство екінші тоқсанға тыңғылықты дайындық жүргізген.
«Бірінші тоқсанда миллионнан астам бала аралас форматта білім алды. 2,3 млн бала қашықтан оқыды. Қашықтан оқыту нысанында 8-ге жуық білім беру платформасы пайдаланылды, оларды жергілікті атқарушы органдар білім беру мекемелерінде енгізді. Айта кетейін, 82 млн-нан астам баға онлайн режимде қойылды, 40 млн-ға жуық үй тапсырмасы мен бақылау жұмысы берілген. Білім беру жүйесінде 2 млн-нан астам ата-ана, 3 млн білім алушы және 362 мыңға жуық оқушы жұмыс істеді. Сонымен қатар, сабақты өткізудің қосымша тәсілдерінің бірі ретінде видео сабақтар қолданылды» деді вице-министр.
Сонымен қатар, Қазақстан аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы, сондай-ақ Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы негізінде оқыту форматы анықталды. Бірінші, оқып жүрген мектепалды, 1-4 сынып оқушыларының кезекші сыныптарына 5 сынып қосылды. Екіншіден, контингенті 5-300 оқушыны құрайтын мектептерге штаттық режимде оқытуға рұқсат етіледі. Үшіншіден, халықаралық мектептерде 1-7 сыныптарды штаттық режимде оқыту енгізілді.
«Нормативтік-құқықтық актілерде жазылған және КВИ таралуының алдын алуға бағытталған ережелер мектептерде сақталмаса, бұл ешқандай нәтиже бермейді. Мектептегі балалар осы талаптардың барлығын орындайтынына сенімді болу өте қиын десем, менімен бәрі келісетін шығар. Сонымен қатар, климаттық жағдайларды ескере отырып, желдету үшін барлық жағдайларды жасау өте қиын. Әрине, терезелер ашылмайды. Бұл жағдайда вентиляция жұмысы қауіпсіз ауа алмасуды қамтамасыз ете алады. Қазіргі ауа-райы жағдайында желдету – алдын алу шараларының бірі, оны жылыту маусымына байланысты сақтау өте қиын. Ылғалдылық аэрозольдің сақталу және тұнып қалу уақытына тікелей әсер етеді. Егер ауруды тасымалдаушы оқушы немесе мұғалім болса, қиын болады. Осы шаралардың барлығын және көрсеткіштерді ескере отырып, дәстүрлі оқуға ауысу немесе ауыспау туралы шешім қабылданады» деп жауап берді Есмағамбетова.
Брифингте мұғалімдердің интернет үшін қаржыны өз қалтасынан төлеуі туралы да сөз болды.
«Оқу жылы басталар алдында цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, отандық білім беру платформаларына тегін тарифтелмеген қолжетімділік қамтамасыз етілді. Екіншіден, санитарлық нормаларды сақтай отырып, мектептерде жұмыс орны ұйымдастырылды. Мұғалім үйден жұмыс істей алмаса, мектепке келіп, сол жерден сабақ бере алады. Егер тариф тез бітіп қалса, онда бұл жағдайда отандық білім беру платформаларынан басқа платформалар қолданылатын шығар. Бірақ мемлекет тарапынан Қазақстанда білім беру үшін қажетті 600-ге жуық білім беру платформасына тарифтелмеген трафик енгізілді және бұл тіпті теңгерім нөлге тең болғанда да сабақ жүргізуге жеткілікті» деп түсіндірді білім беру ведомствосының өкілі.