Дәрігерлер коронавирустың неліктен әйелдерге қарағанда ерлерге көбірек жұғатынын айтты

Жарияланды
Аллергиясы бар адамдар коронавирус пен онкологиялық ауруларға аз ұшырайды

Қазақстанда коронавирус пен пневмония жұқтырған адамдар саны қайтадан күрт арта түсті. Ресми дерек бойынша, дәл қазіргі сәтте елімізде 11 191 адам коронавирус инфекциясынан ем қабылдап жатыр. 

Індеттің екінші толқынында вирус жұқтырған балалар саны да көбейіп кетті. Ем қабылдап жатқан 11 мыңнан астам адамның 614-і балалар. Стационарларда 3165 науқас ем қабылдаса, 8026 адам амбулаториялық деңгейде емделіп жатыр екен. Тағы 214 адам ауыр халде жатыр делінген ресми хабарда. Дәрігерлер олардың 23-і өкпені жасанды желдету аппаратына қосуға мәжбүр болса, 29-ы ауруды өте ауыр бастан өткеруде екен.

 

Соңғы уақытта мамандар осы індетке қатысты түрлі деректерді жария ете бастады. Зерттеулер әртүрлі нәтиже көрсеткен. Адамдардың да коронавирусті жұқтыруы, қабылдауы һәм өткеруі алуан түрлі. Ресейлік РИА Новости порталына сұхбат берген эндокринолог Зухра Павлова коронавирус әйелдерге қарағанда ерлерге қиын тиеді депті. 

«Статистиканың өзі ер адамдардың коронавирусқа жиі шалдығатынын дәлелдеп отыр. Мұның себебі АСЕ2 рецепторларының болуымен байланысты. Соның көмегімен коронавирус клеткаға, ерлердің репродуктивті органдарының тініне түседі. Мұны арнайы зерттеу де көрсетті. Сонымен қатар аурудың салдарының бірі – тестостерон синтезімен және репродуктивті жүйемен проблемаларында болуы мүмкін. Мүмкін, бұл басқалармен қатар ер адамдар арасындағы аурушаңдық деңгейінің гендерлік ауытқуына байланысты болуы мүмкін. Репродуктивті жастағы әйелдердің ерлерге қарағанда табиғи қорғаныс механизмі көп»,- дейді маман. 

Ғалымдар осыған дейін аллергияның коронавирусті қоздыра түсу қаупі төмен екенін атаған. Дәрігерлердің айтуынша, ағзада Е иммуноглобулинінің көп болуына байланысты аллергиясы бар адамдар коронавирус пен онкологиялық ауруларға аз ұшырайды. 

Ал неміс ғалымдары шөппен демделген шай коронавирус инфекциясын қоздырып жіберетінін жария еткен еді. 

Америкалық ғалымдардың айтуынша, коронавирустан қалған антидене адам организмінде бес айға дейін сақталады екен. Яғни, аталған антидене қайтадан жұқтырудан қорғайды немесе вирусты әлсіретеді. Зерттеуге коронавирус жұқтырған 30 мыңға жуық адам қатысқан. 

Осындай болжамдар мен зерттеулерге біржола тоқтам жасап, пандемияны тоқтататын вакцина жасау жолдарын әлем елдері жарыса қарастырып жатыр. Euronews ақпараты бойынша, соңғы бірнеше аптада бірқатар америкалық және еуропалық лабораториялар коронавирусқа қарсы вакцинаны әзірлеу жұмыстарының соңғы кезеңге таяғанын хабарлаған. Солардың бірі BioNTech германиялық биотехнологиялық компаниясы мен америкалық Pfizer серіктес компаниясы 20 қараша күні коронавирусқа қарсы вакцинаны тіркеуге өтініш білдіргенін хабарлады. Аталған екі компания вакцинаны тіркеу бойынша Еуроодақ елдері мен Ұлыбританияға өтініш жолдаған. Компания мәліметінше, аталған вакцина COVID-19-ға қарсы 95 пайыз қорғаныс ұсынады. Еске салсақ, BioNTech компаниясы әлем бойынша қатерлі ісік пен сирек кездесетін ауруларға қарсы иммунотерапиялық құралдарды әзірлеу және өндірумен танымал. 

Сондай-ақ оқыңыз