Жаңалықтар

Павлодарлық кәсіпкер жүк көліктерін «қаптайды»

Көлік орындығына арналған тысқап тұтынушылар сұранысына ие

Павлодарлық Спартак Медведев бала кезінен тігінге жақын болып өсті. Мата қиығын құрастырып, одан тұрмысқа қажетті заттарды тігіп, туған-туынысына сыйлауды әдеткен айналдырған екен. Осы арманының жетегімен, ерлердің сырт және балалар киімі тігіншісі деген мамандық бойынша училищеде білім алып, 1989 жылы оқуын бітірді. Кейін әскер қатарында азаматтық борышын өтеді.  Ал елге оралған соң сүйікті ісін жалғастырып, әр түрлі ательеде еңбек етті. 

Ұзақ уақыт бойы жалдамалы жұмысшы болып қызмет атқарып, тәжірибе жинап, біліктілігін шыңдаған соң «Неге жеке бизнесімді ашпасқа?» деген ой келді. Сөйтіп, жүк көлігі салонын қаптап, қызмет көрсете бастады. Креслоларға арналған тысқаптарды тұтынушылардың талғамына сай етіп тігіп береді. Тапсырыс берушілердің қатары артқан соң, құрал-жабдықтарды да көбейту керек болды. Осы мақсатта мемлекеттің қаржылай қолдауына жүгінді. 

«Бастау» жобасы бойынша білім алып, кәсіпкерлікке деген көзқарасым түбегейлі өзгерді. Бизнесті жүргізудің бұрын білмеген жолдарын үйрендім. Бастысы, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 505 мың теңгелік грантын иеленіп, үш жаңа тігін машинасын сатып алдым», – дейді Спартак Медведев. 

Соның нәтижесінде жеке цехтағы құралдарының қатары толықты. Енді жеңіл автокөліктерге қажетті тысқаптарды тігуді де қолға алды. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашып, осы салада еңбек етуге ниетті жастарды қызметке қабылдауға әзір. 

Жалпы, Павлодар облысында жыл басынан бері шамамен 1700 адам «Бастау» жобасы бойынша білім алып, 1000 қатысушы мемлекеттік грант иегері атанды. Тағы 400 тұрғын жеңілдетілген несие алды.