Алматы қалалық полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденовтың айтуынша, шаһарда тағы қосымша 362 «Сергек» посты орнатылмақ. Бір қызығы, көлік жылдамдығы мен жол үстіндегі тәртіп бұзуды бақылайтын құрылым пандемиямен күресте де көмегін тигізіп жатыр екен.
«Профилактика және жол апатын төмендету мақсатында әкімдікпен бірге Алматы қаласындағы жол қауіпсіздігін арттыру және жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіру бойынша 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспар жасалып, бекітілді. Жоспар жүзеге асса өткізу қабілеті 25-30 пайызға артып, жол апаты 15-20 пайызға дейін төмендейді және қаладағы экологиялық ахуал 10 пайызға жақсарады. Қазір қалада 414 «Сергек» посты бар, бұл дегеніңіз 2050 камера. Жыл соңында тағы 362 пост орнатылмақ»– деген еді Таймерденов таяуда өткен баспасөз жиынында.
Полиция департаментінің сөзіне сүйенсек, биыл қаңтар-қазан айлары аралығында шаһардағы жол апаты 27,8 пайызға азайыпты. Тиісінше, жарақат алу, қаза табу бойынша да көрсеткіштер кеміген.
Ал қала билігі «Сергекті» коронавируспен күресте таптырмас мүмкіндік деп есептейді. Әкімдік ендігі ретте жаппай шоғырланған адамдар тобын «Сергек» арқылы бақыламақ. Бұл коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бойынша жылдам шешім қабылдауға мүмкіндік береді дейді цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев.
«Жаңа жоба аясында адамдар көп жиналып жатқан орындарға мониторинг жасалады. Жүйедегі мәліметтер әр сағат сайын жаңарып, бұл процесс адамдардың өзін-өзі оқшаулау индексін анықтауға мүмкіндік жасайды. Алматылықтардың жеке мәліметтері жүйеде жарияланбайды. Біз мобилді абоненттер картасын шығардық. Жобаны концептуалды және пропорционалды тұрғыда жетілдіріп жатырмыз. Қосымша бізде екі жаңа жоба бар. Оның алғашқысы – көшедегі қозғалыс пен жедел жәрдем көлігі қозғалысына аналатика жасаса, екінші жоба емхананың денсаулық сақтау сапасын жақсартуға байланысты»,– деді Қоңырбаев.
Бұған дейін «Сергектің» экология проблемасын шешу үшін де қолданылатыны жария етілген. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Алматы маңындағы ұлттық парктерде «Эко-Сергектердің» орнатылатынын хабарлаған. Ведомствоның хабарлауынша, «Эко-Сергек» инспекторлардың ұлттық парк территориясына бақылау жасауына көмектеседі. Өйткені дәл қазір ұлттық паркте адамдардың қоқыс, қалдық, темекі тастап кетуі, отты өшірмей кетуі үлкен проблемаға айналып тұр. «Сергек» камералары тек бақылап қана қоймай, өрт, ағаш кесу, басқа да фактілерді көрген жағдайда бірден хабар беру мүмкіндігіне ие екен. Вице-министр Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, «Эко-Сергек» броконьерлермен күресте де үлкен нәтиже береді.
Айта кетейік, 2020 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Алматы қаласында «Сергек» камерасының көмегімен 518 762 жол ережесін бұзу фактісі тіркелген. Жүргізушілерге салынған айыппұл сомасы 3 млрд теңгеден асып түскен.