Әуе билеттеріне қатысты 23 сұраққа жауап
1. Ұшақ билеттерін қайдан қараймын?
Мұның бірнеше жолы бар. Біріншісі, ұялы телефонның не компьютердің браузерін ашып, іздеу жүйесінен қарау. Назарыңызға әуе билеттерін сататын бірнеше сайт шығады. Олай бас қатырғыңыз келмесе, билеттерді сатып алу әдісін оңтайландырған арнайы мобайл қолданбалар бар. Соларды жүктеп алып, қажет бағыт бойынша іздей аласыз. Мәселен chocotravel, aviata, tickets, aviasales қолданбалары ыңғайлы.
2. Ұшу билетінің құны неден тұрады және неге өзгереді?
Бағаның бірінші бөлігі тариф және әуекомпаниясының бекіткен ұшу бағасынан құралады. Екіншісі, әуе билетіне, яғни алымдар мен таксадан тұрады. Алымдар деген жанармай, сақтандыру, сервистік қызмет және т.б. Такса болса, әуежайдың алымы. Тариф бағасы ұшақта қанша орын қалғанына қарай өзгереді. Сонымен қатар, валюта бағамы мен жанар-жағармай бағасы да тікелей әсер етеді. Одан бөлек, әуекомпаниялары кейде акция немесе жеңілдіктер ұсынуы мүмкін.
3.Қандай құжаттар керек?
Ішкі рейстерге жеке куәлік те, төлқұжат та жүре береді. Ал халықаралық рейстерге билет алу үшін міндетті түрде төлқұжат керек. Егер бала болса, туу туралы куәліктегі мәліметтерді енгізесіз.
4. Бронь жасағанмен, төлеп үлгермесе не болады?
Әр тарифте билеттің төлем мерзімі түрліше. Негізі арзан билеттерге жасалатын бронь төлеуге аз уақыт береді. Ал егер сол мерзімде төлеп үлгермесеңіз, «күйіп» кетеді.
5. Билетті қалай қайтарамын?
Егер сайт не мобайл қолданба арқылы сатып алсаңыз, онлайн қайтаруға болады. Ол үшін өтінім қалдырасыз. Ескеру керек жайт, кей билеттер қайтарымсыз болады. Сондықтан аларда нақтылап алыңыз. Қайтарымды рәсімдегені үшін төленетін комиссия, ұшудан бас тартқаныңыз үшін салынатын айыппұл және қайтарымсыз алымдардан қалған сома қалтаңызға қайтады.
6. Қайтарған билеттің ақшасы неше күнде түседі?
Әдетте, 3-10 күн аралығында.
7. Билетті ауыстыра аламын ба?
Тарифке байланысты. Егер еш кедергі болмаса, билет алған жерге өтініш қалдырып, бағаны қайта есептетесіз. Әлбетте, үстіне қосып төлеуіңіз керек болады.
8. Өз билетімді біреуге бере аламын ба?
Бере алмайсыз.
9. Балаларға жеңілдік бар ма?
2 жасқа дейінгі сәбилер көп жағдайда тегін ұшады. Дегенмен тіркеп, «бос билет» алуыңыз керек. Әйтпесе, балаңызды қалдырып кетуге не өзіңіз де қалуға мәжбүр боласыз. 2-12 жас аралығындағы балаларға орын алу міндетті. Көбіне бағасы ересектер билетінің жартысына жуық болады. Тағы бір айта кететін жайт, егер дәл ұшатын кезде бала екіге толып қойған болып, билет алғанда «екі жасқа дейінгі бала» деп көрсетсеңіз, баланы өткізбейді. 3 жасқа дейінгі балалардың арбасын тегін тасымалдайды.
10. Әуежайда қандай құжат көрсетемін?
Жеке куәлік яки төлқұжат болса жеткілікті. Қасыңызда балаңыз болса, оның туу туралы куәлігін ұмытпаңыз. Ал билетті шығарып алу міндетті емес. Онлайн тіркеу жасағанда телефонға сақтап алсаңыз, жүгіңіз болмаған жағдайда тікелей өте беруіңізге болады.
11. Жүгімді жоғалтып алсам, не істеймін?
Әуекомпанияға барып, жоғалтқаныңыз туралы айтасыз. Жүк түбіртегін көрсетіп, түрі қандай болғанын сипаттайсыз. Тапқан жағдайда, жуық арадағы рейспен екі күн ішінде салып жібереді. Ал бес күнде табылмаса, оның ішінде не болғанын тізуіңіз керек. Осылайша жүкті іздеу 21 күнге созылуы мүмкін. Егер әлі де табылмаса, әуекомпаниядан өтемақы сұрай аласыз.
12. Аты-жөнімде қате кетсе не болады?
Әр әуекомпанияда шарттар әр түрлі. Басым бөлігінде, атын не тегін көрсеткенде ең көп дегенде үш әріп қатеге дейін жіберуге болады. Ал паспорт нөмірі қате болса, рейске отырғызбайды. Кей әуекомпаниялары түзетуге мүмкіндік береді. Әрине, ол үшін аз болсын ақы төлейсіз. Бастысы, ұшуға 24 сағаттан көп уақыт болуы тиіс.
13. Төленбеген айыппұл не несие болса, шетелге шыға алмаймын ба?
Борышкерлер тізімінде бар-жоғыңызды алдын-ала біліп алыңыз. Оны мына жерден білесіз.
14. Мүгедек балалар тегін ұша ала ма?
Біздегі әуекомпаниялардың ішінде мұндай жеңілдік тек SCAT-та бар. Бірақ жылына бір рет қана алуға болады. Әрі баланың жанында міндетті түрде ересек адам еріп жүруі керек. Оған билетті кәдімгі тарифпен алады. Баланың мүгедек екенін растайтын құжатты көрсету міндетті. Жеңілдікпен берілетін билеттер SCAT әуе компаниясының сату кеңселері мен өкілдіктерінде ғана рәсімделеді.
15. Жүкті болсам, ұшуға рұқсат па?
Аяғы ауыр әйел билет аларда іштегі баласының саулығы үшін жауапкершілікті өз мойнына алады. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен ереже бойынша, дәрігерден анықтама көрсетуі керек. Жүктіліктің соңғы 4 аптасында, босанған соң бір аптадан кейінгі мерзімде анықтама қажет. Ал егіз не үшемге аяғыңыз ауыр болс, жүктіліктің соңғы 8 аптасында анықтама алу шарт.
16. Билетте қандай уақыт көрсетіледі?
Әуежай қай қалада орналасса, сол жердің жергілікті уақыты көрсетіледі.
17. Бірінші рет ұшайын деп отырмын. Мені не күтіп тұр?
«Тойға барсаң, бұрын бар» демекші, ертерек қамданған дұрыс. Кешіккеннен, ерте барған әлдеқайда жақсы. Сонымен қатар, бір күн бұрын онлайн тіркеу ашылғанда орын алып қойыңыз. Жүк өткізетін болсаңыз, ертерек барған жөн. Ең дұрысы, халықаралық рейске — 3 сағат, ішкі рейске 1,5 сағат бұрын барып алыңыз. Сонда анық кешікпейсіз. Рейске тіркеу әдетте ұшақ ұшуына 40 минут қалғанда ақяталады. Ал ұшаққа отырғызу уақыты болса, 15 минут қалғанда. Екі өкпеңізді қолға алып, асыққанмен кептелісте тұрып қалсаңыз, кешігіп қалуыңыз әбден мүмкін. Әуежайға барған соң, өз әуекомпанияңыз бен бағытыңыз жазылған таблоны іздеңіз. Тапқан соң, әуекомпания қызметкерлеріне құжатыңызды, жүгіңізді бересіз. Ол жерде жүкті өлшейді. Егер салмағы ауыр болса, қосымша ақы төлеуіңіз керек болады. Қанша келі жүкке рұқсат берілетіні билетте жазулы тұрады. Қызметкер сізді тіркеп, жүкті қабылдаған соң отырғызу талонын береді. Сол жерден нешінші Gate екенін анықтаңыз. Бұл сіздің қай есіктен шығатыныңызды білдіреді.
Талонда ұшаққа отырғызу уақыты қашан басталатыны да жазылады. Әрі жүгіңіздің биркасы да жабыстырылады. Тиісті тексерістерден өтесіз. Киіміңізді, жүгіңізді — бәрін тәптіштеп тексереді. Өзіңізден бірге ұшаққа кіргізуге тыйым салынған заттар болса, тастап кетесіз. Яғни көлемі үлкен сусабынды қолжүкке салсаңыз, шампунь қоқыста қалады. Сондықтан алдын-ала қандай заттарды қолжүкке салуға болмайтынын, көлемі қандай болса рұқсат екенін біліп алу қажет. Сұйық, тез өртенетін заттарды негізі жүкке салған дұрыс. Арнайы тексерістерден «аман» өткен соң, ұшаққа отырғызу басталатын уақытты күтесіз. Кейде телетрап арқылы тікелей борттан бір шығасыз. Енді бірде автобус апарып тастайды. Билетте көрсетілген орынға отырасыз да, аман-есен қонуыңызды тілейсіз.
18. Орын таңдай аламын ба?
Кей тарифте тегін орын таңдау мүмкіндігі жоқ екенін ескеріңіз. Ондай жағдайда онлайн тіркеу кезінде сізге автомат түрде орын бекітіледі. Дегенмен ақылы орын сатып алуыңызға болады. Алдыңғы жақтың орындары қымбаттау. Сол сияқты орын таңдауға мүмкіндік беретін тарифтер де болады. Оның өзінде тегін және ақылы деп бөлінеді.
19. Ауырып қалсам қалай болады?
Ол үшін әуекомпаниясына алдын-ала ақпарат беруіңіз керек. Кейін олар соманы түгел қайтару туралы қарастырады. Ауырып қалғаныңыз құжатпен расталуы тиіс.
20. Бару-қайтуға билет алып, бармай қалсам, қайтатын бағыттағы билет күйіп кете ме?
Өкінішке қарай, күйіп кетеді. Себебі бару-қайту билеті қатар алынғандықтан, біреуі жойылса, екіншісі де жойылады.
21. Кешігіп қалсам не істеймін?
Ұшақ ұшып кетсе, ештеңе істей алмайсыз. Ешқандай сома да қайтарылмайды. Егер кешігетініңіз анық болып жатса, ұшақ ұшып кетпес бұрын әуекомпанияға хабарласып не сайт, қолданбадан қайтарым жасап көріңіз.
22. Құжатымның мерзімі шетелде жүргенде бітіп қалса, ол мәселе бола ма?
Мерзіміне абай болыңыз. Кей елдерде белгілі бір мерзім, мысалы жарты жылдай уақыт береді. Бірақ ол үшін баратын елдің елшілігінен анықтау қажет. Ең дұрысы, ондай тәуекелге бармай, құжатқа мұқият болу.
23. Сапарды сақтандыру міндетті ме?
Өзіңіз таңдайсыз. Дегенмен халықаралық рейстер үшін сақтандыру сатып алған дұрысырақ.