Банк пен қаржы

3 триллион теңге бөлінеді. Тоқаев зейнетақы мен жәрдемақыға байланысты мәлімдеме жасады

Мемлекет жыл сайын индексация үшін қаржы қарастырмақ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек ұсынуға даяр екенін айтты. Бұл туралы «Nur Otan» партиясының XX съездінде мәлімдеді. 

«Біздің бағдарламада төрт негізгі басымдық бар. Соның біріншісі – әр азаматқа өз әлеуетін іске асыруға тең мүмкіндіктер беру. Біз әлеуметтік-экономикалық саясатта нарық тәсілдерін басшылыққа аламыз. Қаржыны және жәрдемақыны негізсіз  оңды-солды таратуды доғару қажет. Мемлекет атаулы әлеуметтік көмекті шын мәнінде мұқтаж адамдарға беру керек. Ең бастысы – әлеуметтік әділдік. Сол себепті мұқтаж жандарға қамқорлық жасауға баса мән береміз. Әлеуметтік саясатты жүргізгенде қиындыққа тап болған азаматтарға атаулы көмек көрсету шаралары күшейтіледі»,– деді президент. 

Мемлекет басшысының айтуынша, алдағы бес жыл ішінде әлеуметтік төлемдерді жыл сайын индекстеу үшін 3 триллион теңгеден астам қаражат бөлінбек. «Ортақ зейнетақы мөлшері де жыл сайын индекстелетін болады. Бұл ретте, біз мұны инфляция деңгейіне 2 пайыз қосып жүзеге асыруды ұсынып отырмыз» деді. 

«Тұрақты күтімге мұқтаж және жеке көмекші қызметін пайдаланбайтын бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың барлығына қосымша әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Осыған орай берілетін арнаулы жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,4 есе көбейтілген мөлшеріне тең болады.  Алдағы бес жыл ішінде біз ерекше күтімді қажетсінетін адамдарды арнаулы техникалық құралдармен қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ оларға толықтай оңалту-сауықтыру қызметтері ұсынылады»,– деді Тоқаев. 

Президент басты міндет – әр адамға табыс табу мүмкіндігін беру екенін, сол мақсатта нақты шаралар қабылданып, 2025 жылға қарай мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту көрсеткіші 30 пайызға жететінін айтты. 

«Осындай жандардың кәсіби қызметпен айналысуымен бірге, білім алуына да жағдай жасау маңызды. Бес жыл ішінде колледждер мен жоғары оқу орындары инклюзивті білім беру жүйесімен толық қамтылады. Сонымен қатар, мектепке дейінгі барлық мекеме мен мектептерде бұл көрсеткішті кезең-кезеңмен 70 пайызға дейін жеткіземіз. Біз тек әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға ғана емес, халықтың өзге де топтарына қолдау көрсетеміз»,– деді мемлекет басшысы. 

Осыған дейін бізге сұхбат берген экономист Оразбек Мырзақұл индексацияның жыл сайын бір мәрте жүргізілетінін және оның әлеуметтік сала үшін маңызын айтқан болатын. 

«Индексация дегеніміздің өзі – азаматтардың төлем қабілетін, табысын қорғау мақсатында жасалатын әрекет. Осылайша, мемлекет белгілі бір әлеуметтік топтағы адамдардың табысын сақтауға қам жасайды. Бұл бастама халықтың жағдайын жақсарту үшін емес, халықтың жағдайын қазіргі деңгейінде ұстап тұру үшін жасалып жатыр. Ал индексация елдегі инфляция деңгейіне байланысты жылына бір рет қана жасалады» деген еді сарапшы. 

Еске салсақ, осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйек күні жасаған жолдауында инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға индексациялауды тапсырып, соған орай мемлекеттен 200 миллиард теңге бөлінетінін айтқан. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың сөзіне сүйенсек, 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 2 миллионнан астам адам зейнет жасына жеткен. Ал 2018 жылдың дерегі бойынша 587 мың қазақстандық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алған.