Алматыда ағаштарды заңсыз кесіп тастаған «Сулпак» қалалықтардан кешірім сұраудан бас тартты. Әкімдік өкілдері жағдайға байланысты мәлімдеме жасады

Жарияланды
13 ағаш заңсыз кесілген

Алматыдағы «Сулпак» сауда үйінің алдындағы ағаштардың қырқылуы әлеуметтік желі арқылы жұрттың назарын жылдам аударып, қысқа уақыт ішінде қоғамда үлкен шу туғызды. Белсенділер кінәлілерді әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке тарту керек деп мәлімдеді. Кейін жағдайға президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі назар аударып, содан кейін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев оқиғаны өз бақылауына алатынын айтты. Кеше кешкілік әкімдік жағдайға байланысты онлайн-брифинг өткізді. 

Брифингке Алматы қаласы  Жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская, қала прокурорының бірінші орынбасары Берік Адамов және полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов қатысты. 

Спикерлердің айтуынша, 13 ағашты кесу бойынша әкімдікке ешқандай өтініш келіп түспеген. 9 емен, екі қарағаш және екі акация кесілген деп мәлімдеді Наталья Ливинская. Оның айтуынша, кесілген емендер сирек кездесетін ағаш және Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген екен. 

«Әкімдік ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы негізінде қылмыстық істі қайта квалификациялау туралы өтініш жіберді. Ағаштарды бұлай кесіп тастау – қатыгездік және заңсыздық. «Сулпак» осындай бассыздыққа жол бергені үшін қалалықтардан кешірім сұраудан бас тартты. Біз осы теріс әрекеттері үшін бүкіл қала шеңберінде көшеттер отырғызуды талап етеміз. Мөлшерін, орнын, көшеттерге қойылатын талаптарды ұсынамыз. Қоршаған ортаға келтірген зияны үшін ел алдында міндеттерді қабылдауды талап етеміз»,– деді ол. 

Сондай-ақ Ливинская әлеуметтік желінің күші және қоғамдық айыптаудың маңыздылығына да мән берді. 

«Осындай әрекеттерге кәсіпкерлер үшін үлкен сабақ болады. Біз алматылықтарды жасыл желектердің қауіпсіздігін бақылауға, бізге және экологиялық құрылымдарға қаланың жасыл қорын бақылауға көмектесуге шақырамыз»,– деді. 

Басқарма басшысының сөзінше, 1 желтоқсаннан бастап дәлелденген фактілер негізінде ағаштарды заңсыз кескен компаниялардың антирейтингі жасалмақ. 

«Бұл істе қоғам бізді қолдайды деп сенеміз. Жыл соңына дейін жасыл комиссияның реформасын аяқтап, оның құрамын жаңартамыз. Жұмысты барынша ашық ету үшін біз оған қоғамдық кеңес мүшелерін, белсенділер мен журналистерді қосқымыз келді. Сондай-ақ, айыппұлдарды қатаңдату үшін біз сарапшылармен бірге қолданыстағы жасыл реестрді негізге ала отырып, бағалау әдістемесін әзірлеп жатырмыз. Ағаштарды кескен компанияға қосымша айыппұлдарды салу мәселесін және оның қаншалықты жүзеге асырылуы мүмкін екендігін заңдық тұрғыда қарастырамыз»,– деді Ливинская. 

Ал полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов іске қатысы бар күдікті тұлғалардың анықталып, бұл іс бойынша қылмыстық құқық бұзушылық құрамының ҚР Қылмыстық кодексінің 2 бөлімінің «Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ өсімдіктер мен жануарлардың түрлерін, олардың бөліктерін немесе туындыларын пайдалануға тыйым салынған заңсыз айналым» 339-бабына қайта квалификацияланғандығын атап өтті.

«Қазір сараптамалық зерттеулер тағайындалып, тиісті тергеу жүргізіліп жатыр. Біз сонымен қатар «Сулпак» компаниясының да жауапкершілігін қарастыратын боламыз. Себебі, күдіктінің айтуынша көршілес аймақтарды абаттандыру бойынша келісім-шарт осы компаниямен жасалған. Келісім-шартта ағаштарды осы аймақтан алып тастау керек деп көрсетілген дейді»,– деді Әбдірахманов. 

Оның айтуынша, күдікті деп танылған тұлға – жеке кәсіпкерлік мекемесінің басшысы. Ол 10 жұмысшыны жалдап, түнгі уақытта талдарды кесіп тастаған. 

Қала прокурорының бірінші орынбасары Берік Адамов «Сулпак» орналасқан территорияның жалға алу уақытының биыл біткенін, оны әкімдіктің әрі қарай созбағанын айтты. 

«Біз қала тұрғындарының әлеуметтік желілердегі шағымын зерделеп, тексеріс жүргізудеміз, оны Алмалы ауданының прокуратурасы жүргізіп жатыр. Полицияның іс-әрекетіне заңды баға беріледі. Тексеру нәтижелері бойынша полиция бөліміне бұйрық жіберіледі»,– деді Адамов. 

Ал әкімдік «Сулпак» ағашты қашан отырғызады деп күтіп отырмай, көшет егуді өздері бүгін-ақ бастап кетпек. Төле би көшесінің бойынша және «Сулпак» сауда үйінің жанында биіктігі 4 метр болатын 30-ға жуық емен ағашы отырғызылмақ. Ал келтірілген шығынның мөлшерін анықтағаннан кейін, қалалық жасыл экономика басқармасы кесілген ағаштардың орнын толтыратын ағаштар отырғызуды талап етеді. Жаңа үлгідегі ережелер бойынша серіктестік 260 ағаш отырғызып, оларды екі жыл бойы күтіп-баптауы керек
 

 
Сондай-ақ оқыңыз