Банк пен қаржы

Теңге қайтадан нығайды. Ұлттық Банк бұған не нәрсе себеп болғанын жария етті

Әлемдік мұнай нарығы көп нәрсеге ықпал етіп отыр

Апта басында теңгенің долларға шаққандағы бағамы 427,98 теңге болса, апта ортасында 423 теңге деңгейіне жеткен. Бұл ұлттық валютаның қыркүйек айынан бері осы деңгейге алғаш рет жетуі болып отыр. Ұлттық Банк сарапшысының айтуынша, вакциналардың жасалуы мен мұнай өнімдеріне деген сұраныстың артуы мұнай бағасының өсуіне ықпал етті. Биржаның валюталық секциясында сауда-саттық көлемі ұлғайып, белсенділік артқан. 

Ұлттық Банктің Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынхановтың айтуынша, 25 қарашада доллар теңгеге қатысты биржада орта есеппен 422,90 деңгейінде саудаланған. 

«Аптаның басынан бері ұлттық валютаның бағамы 5 теңгеден астам немесе 1,2 пайызға нығайды. Теңгенің оң серпіні қолайлы сыртқы конъюнктура, сондай-ақ экспорттаушылардың салық төлемдерін жүзеге асыру үшін шетел валютасын сатуы аясында орын алуда. Инвесторлар коронавирусқа қарсы әзірленіп жатқан вакциналардың тиімділігі туралы хабарламаларды оң бағалауда, бұл экономикалық белсенділіктің тез қалыпқа келу ықтималдығын арттырады. Сонымен қатар, билікті сайланған президент Джо Байденге Дональд Трамп әкімшілігінен ресми түрде берудің басталуы тәуекел дәрежесін қолдайды. Сонымен бірге нарықтар ФРЖ-нің бұрынғы басшысы Д.Йелленді АҚШ Қаржы министрі лауазымына тағайындау перспективаларына оң жауап береді, бұл қаржылық ынталандыруға байланысты болып отыр»,- дейді Тұрсынханов. 

Сонымен қатар жедел вакцинация және отынға деген сұраныстың жедел қалпына келуі де мұнай бағасының өсуіне әсер еткен. Brent эталондық сұрыпты мұнайдың әлемдік бағасы бірнеше күн қатарынан өсіп келеді және Азия нарықтарындағы бүгінгі сауда-саттық барысында наурыздың басынан бастап алғаш рет бір баррель үшін 48 доллар белгісінен асты. Осыған орай, Норвегия кроны мен Канада доллары сияқты шикізат елдерінің валюталары аптаның басынан бастап 1,3 пайызға және тиісінше 0,6 пайызға нығайды.

«Айдың басынан 13 қарашаға дейін АҚШ-та шикі мұнай қоры барреліне 484,4 млн-нан 489,5 млн-ға дейін өсті. Дүйсенбі, 23 қараша күні биржадағы сауда көлемі 170 млн долларға жетті, бұл – осы қарашада биржада тіркелген күндізгі орта көлемнен 1,5 есе көп. Дамушы елдердегі валюталар сыртқы нарықтағы жағдайларға, мейілінше, жақсы әсер етіп отыр. Апта басында оңтүстік африкалық ранд 1,3 пайызға бекісе, Ресей рублі 1 пайызға, Мексика песосы 0,3 пайызға нығая түсті. Бұл жерде рубльдің өзі экспортерлердің тарапынан түскен салық есебінен нығайып отыр. Ал, теңге сыртқы және ішкі факторлардың жайлылығынан, одан қалды, тәуекел-сентимент пен нарықтағы энерготасымалдаушылардың позитивті жаңалықтарының және жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан түскен көлемді салықтардың арқасында бекіп тұр»,- дейді ҰБ өкілі.