Айталық, сіздің банктен ипотека арқылы алған пәтеріңіз бар. Бірнеше ай бойы төлем жасамай, банк алдындағы жауапкершілікті орындамай жүре берсеңіз, бір күні мекенжайыңызға соттан хабарлама келуі мүмкін. Оның ішінде сіздің мүлкіңізге тыйым салынғаны туралы ақпарат жазылып тұрады. Мүлікке салынатын тыйымды сот қана емес, сот орындаушы, тергеу органы, алдын ала тергеу органы, кейде Қаржы министрлігінің салық комитеті сала алады. Жалпақ тілмен айтқанда, бұл осылай тыйым салудан басқа амал қалмағанда қолданылатын тәсіл.
Бұл шара Қазақстан Республикасы заңнамасында көрініс тапқан, яғни заңды бірақ жағымсыз шара десек болады. Бірақ тыйым салған тарап үшін проблема болғанымен, бұл шара өте қажет. Себебі мойнындағы жауапкершілікті орындамай жүрген «бұзық» азаматты осылай «жазалайды». Және ең бастысы, көбіне осы тәсілді қолданған соң ғана сең қозғалып, осыған дейін бір құлақтан кіргізіп, екіншісінен шығарып жүрген азамат қимылдап, мәселені шеше бастайды.
Мүлікке тыйым салу деген — ауыртпалық. Оны басқаша айтқанда, шектеу десе де қате емес. Яғни осы шара қолданылды дегені мүлікке иелігіңізді, пайдалануыңыз, басқаруыңыз шектеледі. Оған сіздің келісіміңіз не рұқсатыңыз қажет емес. Себебі сіздің еркіңізден тыс қолданылатын заңды шара. Бұл жағдайда сіз шектеу қойылған сәттен бастап, еш мәміле жасай алмай қаласыз. Айталық, банктен алған машинаңыз болса, оны айыппұл тұрағына апарып тастайды. Міндеттемені орындамасаңыз, көлігіңізді сатып, сіздің қарыз болған сомаңызды шығарып ала алады.
Сот тарапынан мүлкіңізге арест қойылып, бірақ сізге мүліктің үлесі ғана тиісті болған жағдайда онда тыйым салу сіздің бөлікке ғана қолданылады. Бірақ сату не басқа мәмілелер жасай алмайсыз. Кодекстің 161-бабына сәйкес азаматтық талапкер немесе прокурор ұсынған азаматтық талапты қамтамасыз етуге тыйым салынған мүлiктiң құны талаптың құнынан аспауға тиiс. Тыйым салу бірінші қажеттілік заттары саналатын мүлікке, сондай-ақ тізімі Қазақстан Республикасының заңнамамен анықталатын өзге де заттарға салынуы мүмкін. Егер басқа тұлғалардағы мүлік күдіктінің, айыпталушының қылмыстық әрекеттері нәтижесінде алынған не қылмыстық құқық бұзушылық жасау құралы ретінде немесе экстремизмді, терроризмді, ұйымдасқан топты, заңсыз әскери құралымды, қылмыстық қоғамдастықты қаржыландыру үшін пайдаланылған не пайдаланылуға арналған деп пайымдауға жеткілікті негіздер болса, ол мүлікке тыйым салынуы мүмкін.
Сондай-ақ, тәркіленбейтін мүлік түрлері де болады. Яғни сот күші жетпейді. Ондай мүлікке сотталушының және оның отбасына (оның асырауында болатын адамдар) қажетті және оған меншік құқығында тиісті немесе ортақ меншіктегі оны үлестері саналатын заттар мен мүліктердің түрлері жатпайды:
• Егер сотталған және оның отбасы онда тұрақты тұратын болса, тұрғын үй, пәтер немесе оның жекелеген бөліктері.
• Тәркілеуге жатпайтын үй және шаруашылық құрылыстары орналасқан жер учаскелері, сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылығын жүргізуге қажетті жер учаскелері.
• Негізгі шаруашылығы ауыл шаруашылығы болып табылатын тұлғаларда, – оның отбасының қажеттіліктерін қанағаттандыру, сондай-ақ мал жемі үшін қажетті сандағы шаруашылық құрылыстары және үй жануарлары.
• Ауыл шаруашылық дақылдарын кезекті егуге қажетті тұқымдар.
• Үй жағдайындағы заттар, керек-жарақтар, киімдер.
• киім, аяқ киім, төсек-орын, төсек жабдықтары, пайдалануда болатын ас үй және асхана керек-жарақтары. Ішік және басқа да құнды киімдер, ас үй сервиздері, бағалы металдардан жасалған заттар, сондай-ақ көркем құндылығы бар заттар тәркіленуі мүмкін.
• Сотталған және оның отбасының мүшелері үшін қажетті ең аз жиһаз.
• Барлық балалар заттары.
• Егер негізгі жұмысы ауыл шаруашылығы болып табылса, келесі егінге дейін сотталғанға және оның отбасына қажетті сандағы тағам өнімдері, ал қалған жағдайларда – Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшердегі жалпы сомаға ақша және тамақ өнімдері.
• Тамақ дайындауға және отбасының тұрғын жайын жылытуға арналған отын.
• Сотталушы сот үкімімен тиісті қызметпен айналысу құқығынан айрылғанда немесе инвентарьды ол қылмыс жасау үшін қолданған жағдайларды қоспағанда, сотталғанның кәсіби айналысуына жалғастыруға қажетті инвентарь (соның ішінде оқу құралдары және кітаптар).
• Мүгедектердің қозғалуына арналған арнайы көлік құралдары.
• Сотталған марапатталған халықаралық, мемлекеттік және өзге де сыйлықтар.
Тыйым салудың ең бірінші және басты аспектісі — ол тыйым салынған жағдайды тоқтату.
Егер азаматтық іс бойынша сотпен тыйым салынатын болса, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 160-ы бабына сәйкес талап бойынша бас тартуы туралы шешімінің заң күшіне еңгізілген кезінде, тыйым салу, сот арқылы талаптың қабылдануы туралы шешімі бойынша аяқталады. Мүлікке тыйым салуда тыйым салу туралы істі қарастырған сот қана тараптардың өтініші бойынша немесе өзінің қалауы бойынша жоя алады. Бұл жерде өтінішпен процеске қатысы жоқ бөгде адамдар да жүгіне алатынын ескерген жөн. Тыйым салуды алу үшін аталмыш істі қарастырған судьяның атына жазбаша өтінішпен жүгіну қажет. Өтінішке сот шешімінің орындалғандығының дәлелін қоса тіркеу керек. Бұл Қазақстан Республикасы «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 47 бабына сәйкес сот атқарушының атқарушылық іс жүргізілуінің тоқтатылуы туралы Қаулы болуы мүмкін.
Сот тыйымды алу туралы анықтама шығарады немесе бас тартуы мүмкін, бірақ шығарылған күннен бастап аппеляциялық инстанцияда шешімді 10 жұмыс күн ішінде талап ете аласыз. Тыйым салу сот шешімі заңды күшіне енуіне қарай алынады.
Сот акті бойынша талаптарының толық атқарылғандығынан, атқарушылық санкцияның республикалық бюджетке 10% төленгендігінен, жеке сот атқарушының іс жүргізуі үшін ақыны төленуден кейін сот атқарушы мүлікке тыйым салынуын болдырмауы мүмкін.
Сот орындаушысы сіздің мүлкіңізге тыйым сала алатын екі себеп бар:
1) егер сот мүлікке тыйым салса;
2) борышкерге мүлік немесе ақшаны төлету бойынша шешімді орындау барысында.
Бұндай жағдайда тыйым салуды алу үшін бірінші кезекте қарызды өтеуге және бұл туралы тыйым салған сот орындаушысын хабардар ету қажет. Сот орындаушысы қаулыны мемлекеттік органға жібергеннен кейін және ауыртпалық тоқтатылған соң тыйым салу алынады.
Егер тыйым салу қылмыстық іс бойынша өндіріс барысында салынса, онда тергеуші прокурор немесе соттың санкциясымен тыйым салу алдын ала тергеуден кейін егер іс тоқтатылса алынады. Егер іс сотқа берілсе, онда сотта айыптау немесе ақтау үкімі жағдайында тыйым салу туралы мәселе шешілетін болады.
Назар аударыңыз, тыйым салу үшін барлық қажетті рәсімді орындағаннан кейін: қарызды төлеп, сот ұйғарымын орындағаннан кейін сотқа немесе мемлекеттік органға (жағдай бойынша) мүлікке тыйым салуды алу туралы өтінішпен міндетті түрде жүгініңіз. Көбінесе ұзаққа созылған процестер барысында немесе тараптардың сотқа қызығушылығының болмауынан немесе немқұрайлық салдарынан мүлікке тыйым салу оны алып тастау себептерінің жойылуына қарамастан, қалуы мүмкін.