Өзімді «жұлдыз» санамаймын – «Грэммиге» номинант Imanbek

Жарияланды
20 жасар павлодарлық Қазақстаннан алғаш рет «Грэмми» сыйлығына ұсынылды

Павлодар облысына қарасты Ақсу қаласының тұрғыны Иманбек Зейкенов көпшілікке америкалық рэпер SAINt JHN-тың «Roses» әніне жазған ремиксімен таныс. Иманбектің бұл жұмысы YouTube-те 117 миллион қаралым жинады. 

Енді павлодарлық ди-джей әйгілі «Грэмми» сыйлығына үміткерлер тізіміне қосылды. 

«Номинанттар қатарында бар екенім туралы әлеуметтік желідегі оқырмандарым жаза бастады. Бастапқыда мұны «пранк» деп ойлап, сенбедім. Кейін қарасам, шынымен номинанттар тізімінде есімім тұр», – дейді Иманбек Зейкенов. 

Бұған дейін теміржол саласында жұмыс істеген ол енді барлық уақытын түбегейлі музыкаға арнайды. Ноутбук арқылы белгілі туындыларды өңдеп, оның басқа нұсқаларын тыңдарман қауымға ұсынып келеді. 

«Қазір көшедегі адамдар танып, суретке түсуді сұрап жатады. Бірақ маған көпшіліктің көзінде жүрген ұнамайды. Өзімді «жұлдыз» деп санамаймын. Мен емес, ремиксім танымал. Бұл жетістікке ешқандай тірексіз, «Мәке», «Бәке» деген көкөлерсіз жеттім. Бұл жағдай «барлығына тамыр-таныс» қажет деген басқа жастарға үлгі болса екен деймін. Сүйікті ісіңмен айналысып, көп еңбектенсең табысты боласың», – дейді ди-джей. 

63-ші «Грэмми» сыйлығы иегерлерінің есімдері келесі жылдың қаңтар айында белгілі болады. «Үздік ремикс» аталымында Иманбекпен бірге тағы төрт шетелдік музыкант бақ сынайды. 

 

Сондай-ақ оқыңыз