Алматыдағы Көк базардың иесі кім?

Жарияланды
Жылжымайтын мүлік бөлімінің редакторы
Қаладағы өзге ірі базарлар кімдерге тиесілі?

Коронавирус шектеулеріне қарамастан, биыл  Алматы базарларына иелік ететін көптеген компаниялардың қаржы айналымы өскен. Бұл компаниялар қанша салық төлейтіні, Алматының ірі базарларын кім қадағалайтыны жайлы мәліметтер – осы материалда. 

Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мәліметі бойынша, қаладағы көлемі жағынан да, тауар айналымы тұрғысынан ең ірі әмбебап базарлар: «Кенжехан», «Ақ бұлақ», «Алатау-1», «Алатау-2», «Жұлдыз» (көтерме сауда), «Барыс-4» және Көк базар. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегіне сүйенсек, осы алтылық аяқталуына аз қалған 2020 жылы қала қазынасын 135 млн салықпен толықтырған.  

«Кенжехан» 

Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының бағалауы бойынша, аумағы мен сауда көлемі жағынан ең ірі әмбебап базар «Солтүтік айналым, 116» мекенжайында орналасқан. Негізінде бұл жерде екі базар бар, жақын жерде Кенжехан-2 көтерме базары тұр (Солтүстік айналым, 118). Көтерме сауда базарының сайтында жалпы ауданы 7 гектардан асатын жер телімінің меншік иесі «Сандель-Сауда» ЖШС деп  көрсетілген.

Электронды үкімет дерегі бойынша, 2013 жылы құрылған «Сандель-Сауда» компаниясының 5 құрылтайшысы бар: Әнипа Назарбаева, Амантай Мамырбеков, Исламбек Жәкібаев, Айдар Пірімханов, Параджан Тохтахунов. Компанияның қызмет бағыты –меншікті жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқару, сауда базарын жалға беру және пайдалану, сонымен қатар, бөлшек сауда-саттық. Салық аударымдары туралы Мемлекеттік кірістер комитеті келтірген мәліметке көз жүгіртсек, 2019 жыл компания тарихындағы ең табысты жыл болғанға ұқсайды. Былтыр серіктестік бюджетке 18,5 млн теңге аударған. Биылғы көрсеткіш те жаман бола қоймас, өйткені ІІІ тоқсан қорытындысы бойынша, «Сандель-Сауда» компаниясы 13 млн теңге салық төлеген. 

«Солтүстік айналым, 36» мекенжайында тұрған көрші ғимаратта тағы бір компания  – «Кенжехан» ЖШС тіркелген. Бұл комнанияның да жалғыз иегері – Әнипа Назарбаева. 
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, бұл компания жеке меншікті жалға беру және басқару, сауда базарын жалға беру және пайдаланумен айналысады, алайда eGov.kz порталында  басқа қызмет саласы, яғни «кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет» көрсетеді деп жазылған.

Биыл 9 айда компания 8 млн теңге салық төлеген. 

«Ақ-Бұлақ» 

«Кенжехан» базарынан оңтүстікке қарай 2,5 шақырым жерде тағы бір ірі базар – 3 сауда кешенінен тұратын «Ақбұлақ» базары орналасқан. 

Базар өкілдері заңды тұлға ретінде екі компанияның атын атады:  «Ақ-бұлақ 67» ЖШС (1 және 2-павильон) және «Ақ-бұлақ 66» ЖШС (3-павильон).

Бұл компаниялардың  екеуі де жеке меншікті жалға беру және басқару, базарды пайдалану қызметімен айналысады. Екі компанияны да Нұржан Құлсейітов басқарады. Ол сонымен қатар тағы бір базар – бұрынғы «оптовка», қазіргі «Жұлдыз»  базарын басқарады. «Ақ бұлақ 67» компаниясының құрылтайшысы – Павел Бугаев, ал «Ақ бұлақ 66» компаниясының иелері –  Қанатбай Нұрышов пен Любовь Яновская.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша, 2020 жылы «Ақ-бұлақ 67» ЖШС 2010 жылдан бергі тарихындағы ең жоғары қаржы айналымына қол жеткізеді. Компанияның  3 айы кем бір жылда төлеген салық көлемі 33 млн теңгеден асқан, ал 2019 жылы серіктестік 32,2 млн теңге салық төлепті. «Ақ-бұлақ 66» ЖШС-ның 2020 жылғы ресми табысы былтырғыдан айтарлықтай төмен. Биыл серіктестік 25,4 млн теңге салық төлеген, ал былтырғы салық сомасы рекордтық 51,3 млн теңгені құрапты. Бұл  – Алматыдағы  ірі  базарлардың арасындағы ең жоғары көрсеткіш.

«Алатау» 

«Алатау-1» мен «Алатау-2» базарлары «барахолкада» «Ақ бұлақ» базарымен қатар жатыр. «Алатау» сауда орталығының иелері де жабық сауда орындарын салған, сондай-ақ базар сайтында аумағы 70 мың шаршы метр болатын «Алатау» базарының «заманауи сауда орталығы және қажеттінің бәрі табылатыны» жазылған. 

Базар өкілдері телефонмен тілдескенде, оны «Достар сауда» ЖШС басқаратынын хабардар етті. eGov мәліметі бойынша, бұл ЖШС-ның жалғыз құрылтайшысы – Әділет Қожаберген. 

Биыл базар иесі бюджетке 30,3 млн теңге салық төлесе, былтыр бұл көрсеткіш 34,2 млн теңге болған. 

«Жұлдыз» 

Тоқсаныншы жылдары көліктің артқы жүк салығышынан кез келген тауарды табуға болатын бұрынғы «оптовканың» орнында, Алматыдағы Розыбакиев 33/1 мекенжайында қазір «Жұлдыз» базары орналасқан. Кезінде алыпсатарлар ұсақ-түйек тауарларды осы жерден көтерме бағамен алып, сосын қаланың әр шетінде жекелеп сататын. 

Қазір бұл мекенжай бойынша «Жаңа Ақ-Бұлақ» ЖШС тіркелген, оның да қызмет  бағыты  – сауда базарын жалға беру және пайдалану.  Компанияның жалғыз құрылтайшысы  – Аманжол Бурабаев. «Жұлдыз» базарын басқаратын компанияға бұған дейін «Ақ бұлақ» базарын  басқарушы компанияның директоры ретінде аталған Нұржан Құлсейітов басшылық етеді. Биыл «Жаңа Ақ Бұлақ» ЖШС бюджетке 10,6 млн теңге салық төлеген. 2019 жылғы көрсеткіш біршама төмен, 10,3 млн теңге болған.

«Барыс-4» 

2000-жылдардың басында, «Жұлдыз» базарына қарама-қарсы, бұрынғы «Поршень» зауытының аумағында тағы бір базар – «Барыс-4» салынды. 2005 жылдың мамыр айынан бері сауда базарын жалға алу және пайдалану мәселелерімен аттас компания –  «Барыс-IV» ЖШС айналысады. Оның жалғыз құрылтайшысы –  Болат Назарбаев. Сонымен қатар ол Төле би көшесінің бойынша жатқан әмбебап «Тастақ базарымен аттас – «Тастақ» ЖШС-ның түпкі бенефициары. Электронды үкімет порталының мәліметтері бойынша, бұл компания көтерме саудамен айналысады, ал Ұлттық статистика бюросы деректерінде  сауда базарын жалға алу және пайдалану деп көрсетілген.

2020 жылы «Барыс-IV» ЖШС 5,9 млн теңге салық төлеген. Соңғы 10 жылда компанияның салық аударымдары тұрақты түрде 4-6 млн теңгенің айналасында болған, тек 2010 және 2012 жылдары төлеген  салығы 3 млн теңгеден аз болған.

«Тастақ» ЖШС   биыл 7,8 млн теңге салық төлеген.

Көк базар 

 Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының  дерегі бойынша, Көк базар қаладағы ірі базарлардың алтылығын түйіндейді.   Осы шолуда келтірілген базарлардың ішінде  «барахолкадан» тыс жатқан жалғыз базар.  

Үш жылдай бұрын базар қайта жаңғыртылып, жабық павильон аумағы 10 мың шаршы метрге дейін өсіп, жерасты паркингі салынған еді. Басқарманың мәліметі бойынша, оған 2,5 млрд теңге қаржы жұмсалған. «Dostar Fresh Market» ЖШС Көк базардағы меншікті жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқарумен айналысады,  ал оның түпкі бенефициарлары – Яков Цхай, Динара, Тимур Құлыбаевтар мен Александр Ли.

2020 жылғы наурызда тіркелген компания биыл бес айда салық ретінде 4,7 млн теңгеаударған. Ал оның бас компаниясы –  «Достар-Коммерц»  ЖШС-ның төлеген салығы 134 млн теңгеге жеткен. Бұл салық екі қызмет бағыты бойынша: сауда базарын жалға беру мен пайдалану және кестеге бағынбайтын  әуе көлігі бойынша төленген. 

Сондай-ақ оқыңыз