«Компанияларда нөмірім қайдан жүр?»
Күнде болмаса да, күнара не кем дегенде аптасына бір бейтаныс нөмірден қоңырау түсіп, әлдебір компания өз өнімін жарнамалап кетеді. Телефонның арғы жағындағы оператор барын салып түсіндіріп, сізге қалайда жарнамасын өткізуге тырысады. Кейде құрығына түсіп, пайдаланып көруге келісім береміз. Енді бірде «уақытым жоқ» деп шорт кесеміз. Тұтқаны қоя бергенде «осы менің нөмірім бұларда қайдан жүр» деп ойлайтын боларсыз? Ендеше, қайдан жүргенін және заң жүзінде бұған тыйым салуға бола ма, анықтап көрелік.
Әлқисса, бастан өткен оқиғадан бастайық. Түске қарай телефоныма әлдекім хабарласты. Қалалық жерде ауыз су тоқтаусыз келіп тұрғанымен, сапасы сын көтермейді. Сондықтан фильтрленген суды литрлеп сатып алуға не бөлек фильтр орнатуға мәжбүрміз. Осыны желеу еткен оператор қыз әп-сәтте «басымды» айналдырып, үйге өнімін қай кезде апарып, көрсетуге болатыны жайлы келісім жасап үлгерді. Ет пісірім уақытта компания өкілі келіп, таныстырды. Артынша көрші, құрбы, тума-туыстарымның нөмірін сұрады. Қолында – ұзын-сонар тізім. Осы кезде клиенттер базасы осылай жинақталады екен-ау деген ой басыма сап ете қалды.
Расында, кез келген компанияның өзінің клиенттер базасы болады. Жеке мәліметтерін жаңалықтардан хабардар етіп отыру үшін сұратып алады. Бас салып бірден нөмір мен пошта адресін алмайтыны анық. Алдымен параққа сауалнама жүргізіп, болмаса белгілі бір акция аясында деректер толтырту арқылы мәліметтерге қол жеткізеді. Содан кейін «спамдату» басталады. Әрине, сүйікті дүкенінде жеңілдік жүріп жатқанын естімей қалам деп уайымдайтындар үшін бұл – жақсы әдіс. Бірақ таразының екінші басында мұндай қадамдарды ұнатпайтындар тұр.
Заңгер Нұра Тынысқызының айтуынша, жеке мәліметтерді тарату-таратпауды әркім өзі шешеді.
«Компаниялардың жеке мәліметтерді талап етуі өздерінің ішкі ережелері мен талаптарына байланысты. Мұны заңды не заңсыз дей алмаймыз. Мысалы банкке барғанда, телефон нөміріңізді беруге міндеттісіз. Яғни жеке мәліметіңізді таратасыз. Олар болса, аталған мәліметтерді ала отырып, хабарламалар жолдап отырады. Негізі заң бойынша нөміріңізді бермеуге құқығыңыз бар»,– дейді заңгер.
Әрине, банктің нөмір талап етуі түсінікті. Жеке басыңызды растау үшін де сұралатыны белгілі. Дегенмен коммерциялық мақсатта нөмірлер базасын жасайтындардың жөні бөлек. Олар түрлі тәсілмен клиент жинайды. Соның бір түрі – дайын нөмірлер базасын сатып алу. Мұндай жағдайда аса көп еңбек етудің қажеті жоқ. Бар болғаны өзіңізге қанша нөмір керегін белгілеп, соған қарай бағасын төлейсіз. Бүгінде мұндай базаның түр-түрі бар. Аймақ, жыныс, жас сынды категориялар ішінен өзіңізге керек, қармаққа түседі-ау дейтін клиенттерді аласыз.
База саудасы ашықтан ашық жүріп жатыр. Бірақ қолыңызға дайын кесте береді екен деп қалмаңыз. Мұндағы жұмыс принципі басқа. Бір түсінгеніміз, бүгінде электронды пошта не телефон нөмірлерінен бөлек, қазір WhatsApp желісіне бірден топтасқан хат жіберу сәнде екен. Толық ақпарат алу үшін хабарландыру иелерімен байланыстық. Арнайы сайт ашып, 11 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компанияға хабарласып, кеңес алғымыз келетінін айттық. Арықарай нөмірлер базасына қалай қол жеткізуге болатынын бағамдадық. Компанияға тапсырыс беріп, өзіңізге қажет тарифті таңдайсыз. Смс, WhatsApp және E-mail түрінде жарнама беруге болады. Алғашқысы – смс түріндегісі. 7 000 адамға жолдау – 63 000 тг, 15 000 адамға – 126 000 тг, 30 000 адамға – 240 000 тг, ең қымбаты – 100 000 адамға 580 000 теңге төлейтін тариф. Символы шектеулі, сілтеме бірден ашылатын, нөмір мен бір атау арқылы келетін хат қылуға болады екен.
Одан кейінгі түрі – WhatsApp. Мұнда 7 000 адамға 70 000 теңгеден басталып, 100 000 адамды 500 000 теңгеге қамтитын түрге дейін барады. Ал электронды хат болса, ең арзаны 50 000 хатқа 50 000 теңгеден бастап, 300 000 хатқа 210000 теңгелік тарифпен аяқталады. Нөмірлер базасы туралы сұрағанымызда, агрегаттар арқылы жұмыс істейтінін айтты. Өздеріндегі дайын базаны тегін беретіндерін, болмаса сіздегі базаны қолданып, топтық хат жіберу қызметінін ұсынатынын жеткізді. Сайттарындағы ақпарат бойынша, елге танымал market.kz, krisha.kz, kolesa.kz базаларын қолданады екен.
Компанияларға клиенттерінің жеке деректерін өзге мақсатта қолдануға болмайды. Егер мәліметтер базасы сатылғаны туралы ақпарат расталса, ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.
«Белгілі бір компанияның нөміріңізді рұқсатсыз пайдаланып, сатқанын нақты дәлелдесеңіз, жауапкершілікке тартуға болады. Дегенмен көп жағдайда базаны сатып алушылар кімнен алғанын айтпайды. Сондықтан анықтау қиын»,– дейді Нұра Тынысқызы.
Бір мезетте бірнеше адамға хат жіберіп, кедергілерге тап болмау үшін аталған қызметті қолданатындар көп. Солардың бірі – Аида Сұлтанқызы.
«Сұлулық салоным бар. Клиент тарту үшін үнемі түрлі акция мен жеңілдік ұйымдастырып отырамын. Сондай кезде топтық хабарлама жіберу қызметіне жүгінемін. Өте ыңғайлы»,– дейді ол.
Осыдан екі жыл бұрын қытайлық суретші Денг Юфенг жеке мәліметтерді оңды-солды шашпау керегін білдіретін арт-нысан жасаған болатын. 300 мыңға жуық қытайлық тұрғынның жеке мәліметін ашық «базардан» сатып алады. Базаның ішінде телефон нөмірі, сатып алған заттарының тізімі, қай жерге саяхаттағаны туралы ақпарат болған. Бір қолданушының бағасы бір центтен де аз тұрады екен. Қызығы, арт-нысан жұртшылық назарына ұсынылған күннің ертеңіне көрмені билік жауып тастайды. Артынша Юфенгті жеке мәліметтерді заңсыз жариялады деп айыптайды. Ал суретші болса, жеке деректерді жинақтайтын брокерлерден сатып алғанын айтады. Былай қарасаңыз, осылай назар аудартпаса, әркім сатып алып, клиенттер базасын жинақтап жүре берер ме еді, кім білсін.
Егер бұрын-соңды бұл мәселеге мән бермеген болсаңыз, жеке мәліметтерді сақтауға қатысты бірнеше кеңеске құлақ түріңіз. Электронды пошта, жеке нөмірді сұраған сервистің бәріне енгізе бермеген дұрыс. Көп жағдайда сіздің мәліметтеріңізді өңдеуге рұқсат сұралады. «Иә» деп баспас бұрын, не нәрсеге келісім беріп жатқаныңызды бағамдап алғаныңыз жөн болады.
Сонымен қатар, нөмір не электронды поштасыз шаруаныңызды бітіруге болмайтындай жағдай туса, ол үшін жеке деректер ұстанған абзал. Яғни бөлек нөмір мен поштаңыз болса, жеке қолданыстағыларын мазаламайды. Қалай десек те, көпшілігіміздің нөміріміз тамыры тереңдеп, талай базаның төрінен орын алып үлгерді. Бұған – жиі шалынатын қоңыраулар мен ұсыныстар дәлел. Бұлар сіздің жүйкеңізге тие ме, қалай?