Жеке зейнетақы шотыңызды интернет арқылы бақылап отырыңыз. Бұл туралы БЖЗҚ АҚ-ның ресми телеграм арнасы хабарлады.
Қазіргі кезде ЖЗШ-ның жай-күйі туралы ақпарат алудың ең танымал тәсілі – интернет байланысы. Оны 6,6 млн-нан астам ЖЗШ иелері таңдады (барлық ЖЗШ-лардың жалпы санының 54,2%). Бұл ретте салымшылар мен алушылар 5 762 454 шоттың жай-күйі туралы enpf.kz сайтындағы жеке кабинет немесе ENPF ұялы қосымшасы арқылы қалаған уақытында, әлемнің кез келген түкпірінен біле алады. Осындай хабарлау тәсілін таңдағандар саны бір жылда 225 125 адамға (4%) артты.
БЖЗҚ-ға берілген электрондық пошта мекенжайына жіберілетін үзінді көшірмені 853 954 адам алады. Ол шот иесіне өзі таңдаған кесте бойынша ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет немесе жыл сайын келіп тұрады.
Үзінді көшірмені дәстүрлі пошта арқылы алу тәсілін әлі күнге дейін 1 297 726 адам қолданады. Алайда пошта байланысын ақпарат алу тәсілі ретінде 2 939 233 салымшы мен алушы таңдаған 5 жыл бұрынғы, яғни 2015 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда ол 44 % азайған. Ақпарат алудың бұл түріне деген қажеттіліктің едәуір төмендегінін осыдан-ақ көруге болады.
«БЖЗҚ» АҚ егер салымшы (немесе алушы) ЖЗШ-дан үзінді-көшірмені жылына бір рет дәстүрлі пошта арқылы алуды қалап, бірақ тұрғылықты мекенжайын өзгерткен болса, онда ол жайында Қорға хабарлауы тиіс екенін мәлімдейді. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңында әлгіндей талапты мекенжайы өзгергеннен кейін 10 күн ішінде орындауы қажет деп көрсетілген. Бұлай болмаған жағдайда пошта операторы зейнетақы шотынан үзінді көшірмені адресатқа жеткізе алмай, ол Қорға қайтып оралады. Сондықтан БЖЗҚ келесі жылдан бастап хабарлау мәртебесі «анықталмаған» деп белгіленетін салымшыға(алушыға) үзінді көшірмені жібермейді. Қараша айының басында мұндай салымшылардың саны зейнетақы жарналарының барлық түрлері бойынша шоттардың жалпы санының 1 млн-нан астамын немесе 8,8% құрады.