Қашықтан жұмыс істеу экономикаға қауіп төндіре ме?

Жарияланды
Пандемия еңбек нарығы заңдылықтарын өзгертті

Англия банкінің бас экономисті Энди Холдейннің айтуынша, тұрақты негізде үйден жұмыс істеу экономикаға ұзақ мерзімді залал келтіруі ықтимал. Бұл туралы әйгілі Daily Mail басылымы хабарлап отыр. 

Сарапшының айтуынша, адам үйде отырып жұмыс істеген кезде еркіндікте болады. Үйден шықпай, жұмыс орнына қатынамай, қашықтан міндетін атқарады. Алайда олар үйде болған уақыттарында жұмысынан гөрі балаларына, үй жағдайына көбірек көңіл бөледі. Ұлттық статистика басқармасының дерегінше, Британия қызметкерлерінің 25 пайызы үйден жұмыс істеу олардың еңбек өнімділігіне кері әсер еткенін мойындаған. 

«Үйден жұмыс істеу кезінде түйсікті – кесте, ал көзбе-көз жүздесуді – Zoom алмастырады. Бұл жағдай бізді кездейсоқ әңгімелерден, қызметтік қарым-қатынасты дамытудан шектейді, сөйтіп шығармашылық потенциалға қауіп төндіреді. Ал бұл экономикалық өсім үшін аса маңызды фактор», – дейді сарапшы. 

Өткен айда Британия премьер-министрі көпшілікті үйден жұмыс істеуге шақырған. Соған орай елдегі кеңселердің біразы қаңырап бос қалды. 14-18 қазан аралығында халықтың тек 60 пайызы ғана жұмысқа барған. Бұл уақытта қашықтан жұмыс істейтіндер 25 пайызға дейін көбейген. 

Сарапшылардың сөзінше, қызметкерлер жұмысты үйден істесе шаһардағы қоғамдық көлік, такси, қоғамдық тамақтану орындары, дүкен, басқа да тұтынушылық қызметтерді пайдаланбайды немесе аз пайдаланады. Осының әсерінен экономикаға келетін түсім де азаяды. 

Алайда қашықтан қызмет істеудің пайдалы тұстары да баршылық дейтін эксперттер: 

•    Жұмыс орнын ұстап тұруға кететін шығындар азаяды. 
•    Өңірлерде білікті мамандарды жұмысқа шақыруға мүмкіндік туады. 
•    Мүгедек жандардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беріледі 

деген көзқарасты алға тартады.  

BBC.com дерегінше, әлемге атағы жайылған компаниялар қазірдің өзінде қашықтан жұмыс істеуді өздерінің басты ұстанымдарына айналдыра бастады. Мәселен, Facebook компаниясы қашықтан жұмыс істеу режимін жыл аяғына дейін созған және бұл стратегияны ұзақ мерзімді етуді ойластыруда. Google компаниясы да тап осындай тәртіп қалыптастырған. Ал Twitter басшысы Джек Дорси қызметкерлеріне түбегейлі үйден жұмыс істеу құқығын ұсынған. Алыстан жұмыс істеуді қолдаған ұйымдар арасында Amazon, Barclays, Mastercard, Microsoft, Royal Bank of Scotland,Shopify компаниялары да бар. 

Мамыр айында жарық көрген Азия даму банкінің баяндамасында 2020 жылы әлемдік экономика 8,8 триллион доллар жоғалтатыны айтылған. 
 

Сондай-ақ оқыңыз