Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов үкімет отырысында мүгедек адамдарды әлеуметтік тұрғыда қолдау мәселесіне қатысты кең көлемді деректерді жария етті.
Министрдің айтуынша, қазір Қазақстандағы 705 мыңнан астам мүгедек жанның 430 мыңы еңбекке – қабілетті жаста, 181 мыңы – зейнеткерлік жаста және 94 мыңы балалар.
«Жалпы, ағымдағы жылы әлеуметтік төлемдерге, оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерді қамтамасыз етуге 448 млрд теңге бағытталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға артық. Елімізде мүгедек адамдардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар іске асырылуда», – деді министр.
Ұлттық жоспар 7 бағытты қамтитын 64 іс-шарадан тұрады екен. Олар:
- Мүгедектік профилактикасы мен алдын алу;
- Білім алуға қолжетімділік;
- Кедергісіз орта;
- Жұмыспен қамту;
- Тиімді оңалту;
- Әлеуметтік қызметтер;
- Қоғамдық сананы жаңғырту.
Министрдің айтуынша, оңалуы қиын жандар үшін мүгедектік мерзімі 5 жылға ұзартылған. Сондай-ақ бала 5 жылға немесе ол 16 жасқа толғанға дейін мүгедек деп танылатын көрсетілімдер кеңейтілген.
Ведомство басшысы елімізде тұңғыш рет электр жетегі бар отандық кресло-арбаларды өндіру бойынша жоба іске қосылғанын; мемлекеттік тапсырыс негізінде «Тыныс» АҚ алғашқы 1381 кресло-арбаны шығарып, олардың 817-сі өңірлерге жеткізілгенін де атап өтті. Сонымен қатар Amazon және Alibaba сервистері қағидаты негізінде aleumet.egov.kz әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылған. Аталған портал мүгедек жандарға үлкен мүмкіндіктер сыйламақ. Интернет ресурста азаматтар келесідей қызметтерді алады:
- Оңалту құралдары мен қызметтерін өз бетінше таңдау құқығы;
- Оларды алу мерзімін 6 айдан 15 күнге дейін қысқарту;
- Бизнес-процестердің ашықтығы, делдалдық қызметтерді жою;
- Бағаны біріздендіру, бюджет қаражатын тиімді пайдалану;
- Оңалтудың техникалық құралдарын және қызметтерін жеткізушілердің тең қолжетімділігі.
Біржан Нұрымбетов келер жылы барлық қызметті цифрландыруға тырысамыз, қазірдің өзінде біраз шаруаны тындырып үлгердік дейді. Енді мүгедектікті сырттай белгілеу және проактивті форматта әлеуметтік қызметтер көрсету қолға алынбақ.
«Қызметтер толық автоматтандырылғаннан кейін, 2021 жылы өтініш беруші тек емханаға тексеру үшін жүгінеді. Көрсетілетін қызметтердің қалған сатылары мүгедектікті белгілеуді, жәрдемақы тағайындауды қоса алғанда, проактивті форматта, кешенді электрондық түрде жүзеге асырылатын болады. Осы процесті іске асыру мүгедек адамдардың қызмет берушімен байланысын болдырмауға мүмкіндік береді, қызмет көрсету уақытын едәуір қысқартады» деді министр.
Мүгедектерді жұмыспен қамту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Биыл 13 мың мүгедек жан жұмысқа орналастырылса, 626 адам кәсіпкерлік негіздерін оқып шыққан. 830 қайтарымсыз грант пен 350 шағын несиенің де иесі мүгедек кәсіпкерлер. Қазіргі кезде «Даму» қорымен бірлесе отырып «Scale-up» бағдарламасы бойынша мүгедек адамдардың қатысуымен іске асырылатын 76 бизнес-жобаны қолдау шаралары басталыпты.
Министр өңірлерде кәсіпорындармен мүгедек адамдарды жұмысқа орналастыру жағынан белгіленген квоталарды орындау бойынша жұмыс жүргізу өзекті болып қалып отырғанын айтты. Бүгінгі таңда кәсіпорындардың 36 пайызы заңнама талаптарының орындалуын қамтамасыз еткен.
«Мүгедек адамдарды оңалту мәселесі өте маңызды. Қазіргі уақытта елімізде 40 стационарлық оңалту орталығы жұмыс істейді. Оның ішінде биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы 12 жаңа оңалту орталығы іске қосылды. Мұқтаж адамдарды оңалту орталықтарымен қамту 47 пайызға дейін жеткізілді. 2025 жылға қарай оңалту орталықтарына деген қажеттілік 100 пайыз қамтамасыз етіледі»,– деді Нұрымбетов.