Алматыда жаңа шектеулер енгізілді
Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Алматы қаласына келді. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевпен бірлесіп қаланың 70 тен астам ауруханалары мен емханаларының бас дәрігерлерінің қатысуымен бейнебайланыс режимінде ауқымды жиналыс өткізілді. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі эпидемиологиялық жағдайдың өзекті мәселелері және мегаполисте COVID-19 таралуына жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды.
Жиын қорытындысы бойынша Алматыда келесі шектеулерді енгізу туралы шешім қабылданды:
– қызметкерлер саны 15 және одан да көп адамды құрайтын ұйым қызметкерлерінің 60-80%-ын қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшіру;
– мектепке дейінгі балалар мекемелерінде қосымша кезекші топтар, қала мектептерінде кезекші сыныптар ашуды тоқтата тұру;
– жексенбі күндері санитарлық күнге жабыла отырып, СОО, сауда объектілерінің жұмысын сенбі күні сағат 17.00-ге дейін шектеу;
– қоғамдық тамақтану объектілерінің, оның ішінде сауда ойын-сауық орталықтарында орналасқан нысандардың қызметіне сағат 19.00-ден 23.00-ге дейін, ұжымдық іс-шаралар өткізбей, бас санитар дәрігер Қаулысының талаптарын сақтай отырып, отыратын орындар саны 50-ден аспаған жағдайда қызметіне рұқсат ету;
– өнеркәсіптік, құрылыс, көлік кәсіпорындарының қызметкерлерін жұмысқа жеткізу және тасымалдау үшін ұйымдарға қызметтік көлікті ұсыну;
– бас санитар дәрігер Қаулысының талаптарын сақтай отырып, жұмыс күндері сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін, сенбі күндері сағат 10.00-ден 15.00-ге дейін жұмыс кестесін белгілей отырып ХҚКО жұмысын ұйымдастыру;
– тестілік режимде жұмыс істеу кезінде белгіленген шектеу шараларын сақтай отырып, туризм объектілерінің жұмысын жалғастыру.