Оқулық сапасы қашан жақсарады?
Қараша айында бұрынғы білім министрі Бақытжан Жұмағұлов бастаған бір топ сенат депутаты қазіргі мектеп оқулықтарының сапасы жайлы мәселе көтеріп, үкіметбасына депутаттық сауал жолдаған болатын. Бүгін премьер-министрдің ресми сайтында депутаттар көтерген мәселеге қатысты жауап жарияланды.
Оқулыққа қатысты сын бұған дейін де айтылатын еске салған депутаттар, 2016 жылдан бері жалғасып келе жатқан мұндай сын бұрын-соңды болған емес деп атап өткен еді.
«Неге? Өйткені білім беру жүйесі Кембридж моделіне көше отырып, оны практика жүзінде сараптамадан өткізбеді. Оқулықтар асығыс, үстірт жазылды, жыл сайын үш сынып осы жүйеге көшірілді. Авторлар мен сарапшылардың жеткілікті деңгейде дайындығы мен айтарлықтай тәжірибесі болмады. Әрі оқу пәндері қалыптасқан модельге сәйкес келмеді. Осылай оқулықтардың құрылымы мен мазмұны түбегейлі өзгеріске ұшырады. Оның салдары қазір көрініп отыр. Қоғам оқулықтардың мәтінін, грамматикалық қателерін, безендірілуін, басқа да кемшіліктерді сын тезіне алып жатыр. Сындарлы сынды қабылдау қажет. Дегенмен, мұның түпкі себебі стандарттар мен оқу бағдарламаларында жатыр деп есептейміз. Оқулықтар соның негізінде жазылғанын естен шығармайық», – деген еді сенаторлар.
Депутаттық сауалда отандық әдебиеттер (Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиетінен басқалары) Мақсатты бағдарлама қабылдануына сәйкес, 1996 жылдан бастап қолға алынғаны айтылған. Кітап авторлары үшін Мемлекеттік жалпы білім беру стандарттары (ГОСО) мен 2002 жылы қабылданған бағдарламалар негізгі құжатқа айналды. Оларға 2010 жылы өзгерістер енгізілді. 12 жылдық білім беру жүйесіне қалыпты көшу үшін, 2012 жылы бұл құжатқа тағы да өзгерістер енгізілді.
«Бұл кезеңде оқулықтар үш рет басылым көрген болатын. Сол кезеңде айтылған сынға байланысты заңнамалық тұрғыда оқулық жазушыларға, баспагерлерге, сынақтан және сараптамадан өткізу қажеттігі туралы нақты тапсырмалар берілді, талап күшейтілді.Қажетті зерттеулер, әдістемелік кешенсіз, оқу бағдарламаларын жаңа тұжырымдамаға сай қайта құру, жаңа мазмұнмен толықтыру жағдайында жүргізілмеді. Барлық мектеп бағдарламаларының мазмұны өте қысқа мерзімде қайта жаңғыртылды. Көптеген мектеп пәндерінің құрылымы мен мазмұны өзінің методологиялық жүйесінен, тұтастығынан, пәнаралық және деңгейаралық жағдайынан айырылып қалды. Оқушылардың жеке деңгейі ескерілместен оқу материалдары толықтырылды.Оқулықтар дайындалып қойылғаннан кейін оқу бағдарламаларының барлығына дерлік өзгерістер мен толықтырулар енгізілген», – делінген депутатық сауалда.
Оқулық сапасына бұдан бөлек, бағдарлама авторлары жалақысының аздығы, сарапшылардың кәсіби біліктілігінің төмендігі, авторлардың оқулықты негізгі жұмыс істей жүріп жазуы, терминологияның бір ізге түспеуі де әсер етеді.
Осы проблемаларды айтып өткен депуттар қазір Үкімет қандай шаралар атқаруда және қандай жоспары бар, сондай-ақ, сапалы оқулық дайындау, ғылыми-практикалық тұрғыда сараптама (экспертиза) мен сынақ (апробация) өткізудің талаптарын күшейту үшін қандай қадамдар жасалмақ деген сауал тастаған.
Премьер-министрдің жауабына сәйкес, оқулықтарға сараптама өткізу және оларды іріктеу рәсіміне, сарапшылардың біліктілік деңгейіне қойылатын талаптар қатаңдатылған. Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің ғылыми және педагогикалық сараптамасын сарапшылардың автоматтандырылған деректер базасына енгізілген және конкурстық іріктеуден өткен ғалымдар мен педагогтар қатарынан қалыптастырылатын сараптама комиссиясы жүргізеді.
«Сараптаманы өткізу құпиялылық режиміне ауыстырылды, яғни сараптамаға жіберілетін оқулықтардың авторлары толығымен жасырын болады. Бұл шара сараптаманың объективтілігі мен сарапшылардың бейтараптығын қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ Қағидада оқулықтарды міндетті түрде сынақтан өткізу қарастырылған», – деді ол.
Сонымен қатар, ол «Орта білім беруді жаңғырту» жобасы шеңберінде оқулықтардың сапасын арттыру мақсатында, Дүниежүзілік банк қаражаты есебінен әрбір жеке пән бойынша оқулықтарға қойылатын талаптарды жаңарту, оларды бағалау әдістемесі мен критерийлерін жетілдіру көзделгенін айтып өтті. Екі мың сарапшы мен 40 жаттықтырушыны оқыту жоспарлануда.
Одан бөлек, БҒМ 12 жылдық білім беру тұжырымдамасын, мемлекеттік жалпыға міндетті стандартын, 12 жылдық білім берудің үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламаларын әзірлеу жөніндегі жұмыс топтарын құрған.
Айта кетейік, жаңартылған оқу бағдарламасы 2016 жылдан бастап білім беру процесіне кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. (2016 жылы – 1, 2017 жылы – 2, 5 және 7, 2018 жылы – 3, 6 және 8, 2019 жылы – 9 және 10, 2020 жылы – 11 сыныптар).