«Таргет жасап үйретемін» деген жарнаманы жиі көретін боларсыз? Сол арқылы ақшаға көміліп қалуға болады деседі. Бұл сонда аспаннан ақша жаудыратын нендей құрал деген сауал ойыңызға бір рет болсын келген болар? Ендеше, таргеттелген жарнама жайлы осы материалда түсіндіріп өткенді жөн көріп отырмыз.
Әлеуметтік желідегі таргеттелген жарнама деген не?
Жарнама берушілерге арналған қуатты құрал десек жөн болар. Олай дейтініміз, сатып алушысын келтіріп, сара жол салып береді. «Тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар» дегеннің нақ өзі. Себебі осы таргеттің көмегімен тауар, қызметіңізді ұсынып қана қоймай, жасы, жынысы, мекені, қызығушылығы бойынша дәл табуға көмектеседі. Тағы бір айта кетерлігі, осы аталған ақпараттың бәрін біртіндеп іздеп, теріп отырудың қажеті жоқ. Өйткені әлеуметтік желіде отырған қолданушы бұл ақпараттың бәрін өзі-ақ жайып салады. Мәселен, кез келген желіге тіркелгенде жас, жыныс, қай аймақтан екеніңізді айтып барып қосыласыз емес пе? Міне, таргет осының бәрін сіз үшін жинап, екі ортада алтын көпір болады. Жарнама беруші тауарын құдды дүкеннің сөресіне шығарғандай ұсынады, ал соны көптен бері іздеп жүрген сатып алушы әп-сәтте табады.
Айталық, белгілі бір хештег арқылы бір зат іздедіңіз делік. Мысалы, Instagram-да #білезікАлматы тегімен білезіктер қарасаңыз, актуал жазбалар мен stories-те ендігіде Алматыдағы аксессуар сататын дүкендер жарнамасы қаптап кетеді. Міне, таргеттің күші осында.
Қанша кезеңнен тұрады?
Таргеттелген жарнаманың қалай жұмыс істейтінін түсіндірейік. Ол үш кезеңде жүреді:
• Әлеуметтік желілер барлық ақпаратты жинақтайды. Басым көпшілігін қолданушылар профайлын толтырған кезде өздері айтып береді. Ал енді одан да көбірек мәлімет керек болған жағдайда, Cookie-файлдар көмегімен алынады.
• Ал енді қажет деген ақпарат алынып болған соң, ол мәліметті бір жүйеге салады. Яғни қолданушылар белгілі бір сипаттары, критерийлері бойынша бөлек-бөлек топтарға яки категорияларға бөлінеді.
• Үшінші кезеңде таргеттелген жарнамалар әлеуметтік желілердің жарнама кабинеттерінде бапталады. Яғни жарнама беруші мақсатты аудиториясын таңдайды. Ол дегеніміз — нақты сіздің тауар не қызметті қолданатын адамдар тобы.
Осы үш кезеңнен кейін жарнамалар желіде көріне бастайды. Хабарландырулар таңдалған критерийлерге сәйкес келетін адамдарға ғана көрінеді. Яғни жалпақ жұртқа жылт етіп көріне бермейді. Сондықтан белгілі бір жарнама көзіңізге көрінсе, демек сізді бұл тауармен байланыстыратын бір ортақ сипат бар деген сөз. Негізі егер ол хабарландыруды екінші рет көргіңіз келмесе, баптауларға кіріп, көрсетпей тастауға болады. Бұл — келесі таргет жарнамалар үшін де қажет. Яғни көргіңіз келмейтінін білдіру арқылы оның нақты себебін көрсетесіз. Егер «мұндай киімдер маған ұнамайды» десеңіз, ендігіде соған ұқсас киім дүкендерінің жарнамасын көрмейтін боласыз.
Таргеттің түрлері
Айтқандай, таргетинг — белгілі бір сипаттар бойынша аудиторияны сегменттеу. Яғни аудиториялардың бөлініп, бір топқа біріктіретін нақты критерийлер бар деген сөз. Демек, таргеттелген жарнаманың бірнеше түрі бар екенін білдік. Осы ретте қандай түрлері бар, қалай бөлінеді дегенді талдап көрелік.
Географиялық таргетинг
Аты айтып тұрғандай, белгілі бір аумақты қамтиды. Яғни клиенттерді тұратын мемлекеті, қаласы, тіпті ықшам ауданына қарай жіктейді. Контекстік жарнамада гипержергілікті таргетинг түсінігі болады. Негізі өте күшті әдіс. Айталық, сізге ұялы телефонға арналған құлаққап қажет болды. Бір дүкенге бардыңыз. Сөйтсе, дәл сізге керек түрі бітіп қалыпты. Енді қайтесіз? Әрине, ұялы телефон аксессуарларын сататын жақын маңдағы дүкенді іздейсіз. Осылайша алдыңызда бірнеше нұсқа шығады. Содан көңіліңіз қалағанын таңдап, сол жаққа баратын жолды да телефоннан қарай аласыз. Ал енді осы жерде геотаргетингтің не екенін түсінген боларсыз. Мұның көмегімен тауарды белгілі бір қалада, ауданды сатуға болады. Геотаргетинг қосылмаса, жақын маңдағы дүкен сіздікі болса да, білмей қалуы мүмкін еді. Көрдіңіз бе?
Мерзімдік таргетинг
Жарнаманы желіге бір жіберсеңіз, ұстатпайтын алтын балық деп қалмаңыз. Өйткені бәрі таңдау мен қалауыңызға қалай ұйымдастырылады. Мерзімдік таргетингте жарнаманың қашан көрініп, қашан мүлдем назарға ілікпейтінін көрсетуге болады. Бұл не үшін десеңіз, айтамыз. Мысалы сізде қаржылық кеңес ұсынатын компания бар делік. Компания кешкі сағат 18:00-ге дейін, тек жұмыс күндері ашық тұрады. Соған сәйкес, мерзім мен уақытын көрсетсеңіз, тек ашық тұрған кезде ғана назарға ілінеді. Сәйкесінше, жабық тұрған кезде жарнама бекер көрініп, ақша жемейді. Ал қызметті қолданушылар жабық екенін көріп, босқа қоңырау шалмайды. Есіңізде болсын, осы баптауды реттеу маңызды. Егер тәулік бойы, демалыссыз істейді деп көрсетіп, шын мәнінде телефон тұтқасын көтермейтін, есікте қара құлып тұратын болса, беделіңіз де түседі. Қазір көпшілігі пікір қалдырып, әсерін жиі бөліседі. Мекеме жайлы негатив осындайдан жиналуы мүмкін екенін ескеріңіз.
Демографиялық таргетинг
Аудитория сегментациялаудың ең ұтымды тәсілі десек болады. Себебі мұның көмегімен нысанаға дөп тигізу ықтималы жоғары. Демографиялық таргет арқылы сізге қажет клиенттің жасы, жынысы, білімі және т.б критерийлер бойынша бөлінген аудиторияға қол жеткізесіз. Жарнама кабинетіне кіріп, таңдау ғана қалады. Негізгі талаптар көрсеткен соң, сол талапқа жауап беретін клиенттерге хабарландыру көріне бастайды.
Қызығушылығына қарай ұсынылатын таргет
Мысалы денсаулығыңызға мән беру мақсатында фитнеске барамын деп шештіңіз. Сөйтіп қай жерде қандай зал бар, бағасы қандай деп іздейсіз. Артынша әлеуметтік желідегі парақшаларыңызға түрлі тиімді жеңілдік пен пакет ұсынған жарнамалар шыға бастайды. Сонымен бірге фитнеске арналған киім, болмаса онлайн курстар мен марафондар да шығуы ықтимал. Мұның бәрі детальдар бойынша бөлінген таргетинг арқылы жол тауып, сізге көрініп тұрады. Сондықтан қазіргі таңда сіз қандай болсаңыз, неге қызықсаңыз, алдыңызға соның жарнамасы шығады. «Мына телефон бәрін қайдан біліп қояды?» деп кей адамдар таң-тамаша болып жатады. Мұнда ешқандай сиқыр жоқ. Бар болғаны таргеттелген жарнама жасалғанын білдіреді.