Қостанайлық фермер асыл тұқымды сиырын сақтандырды

Жарияланды
Ол 1 795 бас сиырды сақтандырды

Қостанайлық фермер 1 795 бас асыл тұқымды сиырын сақтандырды. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады. 

Агроөнеркәсіп кешені саласындағы сақтандыру қызметінің операторы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры аграрлық саладағы тәуекелдерді төмендету жұмыстарын жалғастыруда.

Биыл қазан айында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі эпизоотиялық жағдайды ескере отырып, нарықта саудалауға жеңіл болу үшін ірі қара малды аурулар мен түрлі қауіп-қатерлерден сақтандыру өнімдерін әзірледі.

Фермерлер малын өз шаруашылығының аумағында және 5 км радиустағы көрші шаруашылықтардың аумағындағы аурулар мен басқа да қауіп-қатерлерден сақтандыра алады. Мысалы, инфекциялық және аса қауіпті аурулардан, өрттен, үшінші тұлғалардың зиянды әрекеттерінен, қауіпті табиғи құбылыстардан, сондай-ақ жазатайым оқиғалар – жарылыстан, найзағай түскен жағдайда, тұншығып өлсе, жыртқыш аңдардың шабуылынан, жылан немесе жәндіктердің шағуынан, түрлі себептермен жарақаттанса және тағы басқа да қауіп-қатерлерден сақтандыруға болады.

Қараша айында алғашқы келісімшартты «Север-Агро Н» жауапкершілігі шектеулі серістестігі «Жусан Гарант» сақтандыру компаниясымен бекітті. Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы бұл ірі шаруашылық абердин-ангус тұқымды сиыр өсірумен айналысады. Компания 2018 жылы Аграрлық несие корпорациясынан несие рәсімдеп, ірі қараны АҚШ-тан әкелген болатын. Мал несиеге алынғандықтан, мұндай сақтандыру полисі шаруашылықтың да, несие берушінің де сенімін нығайтады.

Бүгінгі таңда шетелден әкелінген сиырлар бұзаулап тұр. Енді 1 795 бас сиыр түрлі аурулардан, жазатайым жағдайлардан және басқа да қауып-қатерлерден сақтандырылды. Сақтандыру полисінің құны 14 млн теңгені құрады, оның 7 млн теңгесін мемлекет субсидия ретінде төлеп берді. 

      «Сақтандырылатын ірі қараның саны 30 бастан кем болмауы тиіс. 1 бас асыл тұқымды малға берілетін сақтандыру құнының ең жоғарғы шегі – 1 600 000 теңге, тұқымдық шығу тегіне сәйкес келетін мал үшін – 600 000 теңге, тауарлық ірі қара үшін – 300 000 теңге. Сақтандыру тарифі 1,54 %-дан 4,62 %-ға дейін болады», – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның басқарушы директоры Асқар Қалиев.

Сақтандыру шартын жасасқаннан кейін мемлекет сақтандыру сыйақы сомасының 50%-ын төлейді. Бұл фермердің сақтандыруға жұмсаған шығынын азайтуға мүмкіндік береді.

Агроөнеркәсіп кешеніндегі автоматтандырылған ерікті сақтандырудың артықшылықтарына көз жеткізген фермерлер мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланатыны анық.

Ең бастысы – жаңа жүйе фермерлердің тәуекелдерін төмендетуге көмектеседі және салған қаражаттың қайтарылатынына кепілдік береді. Яғни, салаға тартылатын инвестицияның да көлемі артады деген сөз. Айта кетейік, барлық процесс фермердің электронды цифрлық қолтаңбасы негізінде Qoldau.kz платформасындағы Agroinsurance ақпараттық жүйесінде іске асырылады.

Сондай-ақ оқыңыз