Ресурстар

Жол картасы аясында 220 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты

Орташа жалақы 130 мың теңге

Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы (бұдан әрі – ЖҚЖК) шеңберінде 6,7 мың жобаны іске асыру басталды, оларда 130 мың теңгелік орташа жалақымен 220,7 мың адам жұмыспен қамтылған. Бұл ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.  

ЖҚЖК инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру 4 негізгі бағыт бойынша өтеді:

– әлеуметтік-мәдени нысандарды күрделі және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау және салу;

– тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау;

– инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау және салу;

– елді мекендерді абаттандыру.

ЖҚЖК инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру кезінде отандық өндірушілердің кемінде 90%-ының тауарлары мен қызметтерін қолдануды қамтамасыз ету ерекше шарт болып табылады. Жұмысшылардың кемінде жартысын жұмыспен қамту орталықтары арқылы жалдайды, басымдық жұмыссыз жастарға беріледі. Мердігерлер санитарлық-эпидемиологиялық шараларды қолдана отырып, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге тиіс.

1 желтоқсандағы жағдай бойынша өңірлерде 6,7 мың жоба бойынша жұмыс басталды, 220,7 мың жұмыс орны құрылды, оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы 116 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

Бағдарламаға қатысушылардың жартысы ауыл тұрғындары, 39%-ы – жастар және 7%-ы – табысы аз азаматтар.

ЖҚЖК шеңберінде жұмыспен қамтылғандардың ең жоғары үлесі Шығыс Қазақстан (20,6 мың адам немесе 109,2%), Жамбыл (19,7 мың адам немесе 100%), Атырау (7,6 мың адам немесе 106%) облыстарында.

Бұған дейін хабарланғандай, ЖҚЖК аясында барлығы 255 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бұл ретте ЖҚЖК жобалары болашақта 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуға негіз болады.