42 500 теңге алғаны үшін сақтандырылмай қалған. Спикер халықты мазалаған сұраққа жауап берді

Жарияланды
11 ай ішінде Алматыда ӘМСҚ жүйесі арқылы 102,6 млрд теңге төленген

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жұмысының бір жылдығын қорытындылап, брифинг өткізді. 

Спикердің айтуынша, ӘМСҚ Алматы тұрғындарына сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілген қызметтерге 43,6 млрд теңге төлеген. Халыққа көрсетілген қызмет ақысы оның сапасы мен көлемі толық тексерілгеннен кейін аударылады. Шын мәнінде көрсетілген, емдеуге қойылатын талаптар мен хаттама тәртібі сақталған қызметтер үшін ғана ақы төленеді.

Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, Алматыдағы 1,9 млн тұрғынның бір жарым миллионнан астамы (82,1 пайыз) сақтандырылған. «Сақтандырылмаған адам саны 421 121 адам» деді Әбілдаев брифингте. Оның 146 мыңнан астамы бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) жасаушылар екен. «ТЖ кезінде көп адам 42 500 теңге алу үшін бір мәрте БЖТ төледі, бірақ одан кейін төлеуді тоқтатты. 148 мың адамның әлеуметтік мәртебесі анықталмаған. 100 мыңға жуық адам түрлі себептермен жарна мен төлемдер төлемеген. Оның ішінде салықтан босатылған (МӘМС-тен де) шағын және орта бизнес (ШОБ) жұмысшылары да бар. 16 140 адам – жеке кәсіпкер»,– деді ол. 

Әбілдаев соңғы уақытта қоғамда МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесіне қатысты дау мен талқылаудың жиі туындағанына да тоқталды. 

«Жүйе іске қосылған 2020 жылдың басы мен 1 шілде аралығында жеңілдік кезеңі болды. Яғни, Қазақстанның барлық азаматы төлем жасамағанына қарамастан сақтандырылды. Ал 1 шілдеден бастап кей азаматтар медициналық мекемеге бару кезінде өздерінің сақтандырылмағанын көре бастаған. Бұл проблема жарналарды мемлекет төлейтін 15 жеңілдік санатына жататын азаматтарға да қатысты. Оның себебі – бір реттік 42 500 теңге жәрдемақысын алу үшін БЖТ төлеуі және алушылар тізімінен шығып қалуы болды. Сондай-ақ жалдамалы жұмысшылар, жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, төтенше жағдайлар кезеңінде төлемдерінде үзіліс болған адамдар ӘМСҚ жүйесінен тыс қалды»,– деді спикер. 

11 ай ішінде Алматыда МӘМС жүйесі арқылы 102,6 млрд теңге төленген.  МӘМС қалалық филиалы коронавирус таралуының алдын алу мақсатында атқарылған шаралар үшін 21 млрд 697,7 млн теңге төлеген. Сонымен қатар 8 ай бойы (наурыз-қараша) медициналық қызметкерлерге көтерме ақы төлеу үшін 10 негізгі жеткізушімен келісімшарт жасалған. 9 айда төленген сома 15 млрд 142,8 млн теңгені (46 213 адам) құраған. 

I тәуекел тобы – 6 млрд 795,8 млн теңге (12 310 адам). 1 жұмысшыға берілетін орташа айлық төлем – 552 051 теңге; 

II тәуекел тобы – 6 млрд 223,3 млн теңге (19 953 адам). 1 жұмысшыға берілетін орташа айлық төлем – 311 900 теңге; 

III тәуекел тобы – 2 млрд 123,7 млн теңге (13 950 адам). 1 жұмысшыға берілетін орташа айлық төлем – 152 235 теңге; 

Өткен 11 айда алматылықтар МӘМС пакеті арқылы 7,5 млрд теңгеге консультативті-диагностикалық қызмет пайдаланған. Әбілдаевтың айтуынша, жарты жылдың қорытындысы бойынша адамдардың КТ мен МРТ-ны көбірек пайдаланғаны анықталған. Сондай-ақ қаңтар-қараша аралығында 23 млрд теңгеге стационарлық медициналық көмек көрсетілген. 
 
 

 
 

Сондай-ақ оқыңыз