Бүгін, 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің мерекесі. Егемен ел болып, бодандық бұғауынан құтылғанымызға тұп-тура 29 жыл толды.
Айтулы мереке орай ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнап құттықтау жолдады.
«Барша отандастарды тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Келесі жылы ел тарихының мерейлі 30 жылдығын атап өтеміз. Біз – бірлігі бекем, іргесі мығым елміз. Қасиетті Отанымыз, Тәуелсіз Қазақстанның игілігі үшін еңбек ету – қастерлі парызымыз» деп жазды президент твиттердегі парақшасында.
Қазақстанның тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қазақстандықтарды мерейлі мейраммен құттықтады.
«Біз 29 жыл бұрын ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындап, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Әлем картасына Қазақстан атын ойып жаздық. Сол сәттен еліміздің жаңа тарихы басталды. Осы жылдар ішінде мемлекетіміз айтарлықтай өсіп-өркендеді, айтулы жетістіктерге жетті. Біз елдігіміз бен егемендігімізді нығайтып, шекарамызды бекіттік. Бәсекеге қабілетті нарықтық экономикаға көшіп, мемлекетімізді аяққа нық тұрғыздық. Қазақстан әлем мойындаған іргелі елге айналды. Еуразия жүрегінде жаңа астанамызды салдық. Біз елімізде тұрақтылықты, қоғамымызда татулық пен келісімді сақтай отырып, көп ұлтты халқымызды бәсі бөлек артықшылыққа айналдырдық. Тәуелсіздікті алып, оны дүниеге паш ету бір бөлек, ал сол тәуелсіздікті сақтап қалу одан да зор міндет» делінген Елбасы сайтында жария етілген құттықтауда.
Сондай-ақ Елбасы жақында жарыққа шыққан «Штрихи к портрету» деректі фильмінің екінші бөлімінде КСРО елдерінің ішінде неліктен Қазақстанның тәуелсіздікті кеш жариялағанын түсіндірген.
«Біз шынында да республикалардың ішінде тәуелсіздікті соңынан жарияладық. Де-факто тәуелсіз болып тұрдық. Өйткені қалғандарының барлығы бізден тәуелсіз болды. Ресейдің өзі тәуелсіздікті 1990 жылдың 12 маусымында жариялады. Ал Кеңес Одағы ресми түрде 1991 жылдың соңында тарады. Ресей өзін тәуелсіз ел деп жариялады. Бірақ кімнен? КСРО-да ол бәрі айналасына жинақталған ірі мемлекет болды. Ресей белгі беріп еді, бәрі жариялай бастады. Осылайша, біз соғыссыз, төбелессіз жалғыз және тәуелсіз болып қалдық. Және сол елдің басшылығында мен болдым» дейді тұңғыш президент.
Экс-президенттің айтуынша, мәселе алғашқы немесе соңғы болуда емес.
«Біз тәуелсіздікті бірінші болып жарияладық па немесе соңғы болдық па, бұл маңызды емес. Ең бастысы – мемлекетті сақтау. Тәуелсіздікті жариялау – бұл бір, ал оны сақтап қалу – мүлде басқа категория» дейді Елбасы.
Бүгін Алматыда қала әкімі Бақытжан Сағынтаев тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойып, желтоқсан құрбандарының рухына тағзым қылды.
1991 жылы КСРО ыдырағаннан кейін, республикалар біртіндеп егемендік жариялай бастады. 1991 жылы 16 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заңды қабылдады. Оған дейін 1990 жылы 25 қазанда егемендік жайлы декларация қабылданған болатын.
Қазақстанды тәуелсіз ел болуымен алғаш болып АҚШ, одан кейін Қытай, сосын Ұлыбритания елдері құттықтады. Одан кейін Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеттерінен құттықтаулар келді.