Осыған дейін Ақорда 29 қарашада коронавирус инфекциясына қарсы қазақстандық вакцинаның клиникалық сынағының I және II кезеңі аяқталғанын хабарлаған еді. 25 желтоқсанда басталатын III клиникалық сынақ кезеңіне 3 мың еріктіні қатыстыру көзделген. Сынақ 2021 жылдың наурыз айында аяқталады деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы президенттерінің өзара жасасқан келісіміне сәйкес, биыл 22 желтоқсанда Қазақстанда ресейлік Sputnik V вакцинасының өндірісі басталмақ. Ел тұрғындарын жаппай ерікті вакцинациялауды бастау 2021 жылдың басынан бастап жоспарланып отыр. Бірінші кезең халықтың инфекция қаупі жоғары топтарын, оның ішінде дәрігерлерді, мұғалімдерді, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қамтиды.
Қазақстанның қадағалаушы органдары мақұлдағаннан кейін Ресей елімізге тиісті технологиялар мен субстанцияларды жеткізе бастамақ. Елімізде ресейлік вакцинаның 2 млн дозадан кем емес өндірісін жасау көзделген.
18 желтоқсан күні ТМД елдері мемлекет басшылары кеңесінің отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев келесі аптадан бастап елімізде Ресеймен бірлесіп коронавирусқа қарсы вакцина өндірісі басталатынын ресми жария етті. Тоқаевтың айтуынша, Ресей коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күресте маңызды рөлге ие және әлемде алғашқылардың бірі болып өз вакцинасын тіркеп, халыққа егуді бастап кетті.
«Ресей Федерациясының жаһандық COVID-19-ға қарсы күрестегі маңызды рөлін атап өткім келеді. Сондай-ақ Қазақстан тестілеу кезінде жақсы нәтиже көрсетіп жатқан өз препаратын да әзірлеуде. Жақын күндері Ресеймен бірігіп вакцина өндірісін бастаймыз. Оның ішінде қазақстандық вакцинаны да шығару және оны экспорттау көзделген» деді Тоқаев.
Ресей президенті Владимир Путиннің айтуынша, Ресей вакцина мәселесі бойынша ТМД елдеріне көмек көрсетуге дайын.
«Барлық достастық елдерімен «Спутник V» және «ЭпиВакКорона» вакциналары өндірісі бойынша бірлесе әрекет етуге дайынбыз. Жақын уақытта басқа да вакциналарымыз дайын болады. Осы ретте COVID-19-ға қарсы вакцинаны өндіру және ұйымдастыру жұмыстарымен бірігіп айналысуға шақырамын» дейді Путин.
Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова ресейлік «Спутник V» вакцинасын елорда тұрғындарының 70 пайызына жуығына салу жоспарланып отырғанын айтқан еді.
«Жақында ғана бізде осы мәселе бойынша жиын өтті. Сатып алу «СҚ Фармация» бірыңғай дистрибьюторы арқылы жүргізіледі. Қазір вакцина дозасын нақты айта алмаймын» деген болатын.
Қазірдің өзінде елордалық басқарма вакцинаны сақтайтын және ауыстыратын мұздатқыш аппараттарын әзірлеп қойған.
Қазақстан пандемия басталғалы бері денсаулық сақтау саласына қаржы бөлуді күшейткені белгілі. 2020 жылдың 10 айында еліміздің денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер саласына республикалық бюджеттен 201 млрд теңге бөлінген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда екі есе көп көрсеткіш.
Energyprom.kz мәліметінше, қазан айында негізгі капиталға салынған инвестиция 52 млрд теңгені құраған. Бұл сома қыркүйек айымен салыстырғанда 14 пайыз, ал 2019 жылдың дәл осы мерзімімен салыстырғанда 4,3 есе көп.