Жаңа жылдық ертеңгілік пен мерекелік корпоратив өткізуге тыйым салынды. Қазақстанда карантин шаралары күшейтіледі

Жарияланды (жаңартылды )
25 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында

Қазақстанда 2020 жылғы 25 желтоқсаннан бастап 2021 жылғы 5 қаңтарға дейін карантин шаралары күшейтіледі, деп хабарлайды ҚР Премьер-министрінің ресми сайты. 

Үкіметбасы Асқар Мамин  ел аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) селекторлық отырысын өткізді.

ВАК мәліметі бойынша, елемізде коронавирус инфекциясының таралуы бақыланатын деңгейде тұр Коронавирус инфекциясымен жаңадан сырқаттанғандардың тәуліктік өсімі 0,4%-ды, репродуктивтік көрсеткіші 0,9-ды құрайды. Инфекциялық төсек орындарының толымдылығы – 28%, реанимациялық төсек орындарының толымдылығы – 20%.

5 өңір жоғары және орташа тәуекел аймақтарында орналасқан, атап айтсақ: Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары.

Келесі жылғы қаңтар-ақпан айларында ЖРВИ мен тұмаудың өсуі аясында коронавирус инфекциясымен сырқаттану деңгейінің арту қаупі бар. Осыған байланысты ВАК бірқатар шешім қабылдады: 2020 жылғы 25 желтоқсаннан бастап 2021 жылғы 5 қаңтарға дейін ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде жаңа жылдық ертеңгіліктер мен мерекелік корпоративтерді өткізуге тыйым салынады.
Эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін «Теңіз» кен орнында шектеу шаралары күшейтіледі.

Бөлшек сауда желісінде антиковидті дәрілік заттардың бағасын орта есеппен 24%-ға төмендету бойынша шаралар қабылданады.

Сонымен қатар білім беру сапасын қамтамасыз ету мақсатында, Білім және ғылым министрлігінің ұсынысы бойынша, сондай-ақ қоғамның пікірін ескере отырып, оқу жылының III тоқсанынан бастап бітіруші сыныптар үшін (9,11,12 сыныптар) санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, аралас оқыту (пәндердің 70%-ын – дәстүрлі форматта, 30%-ын – қашықтан) қарастырылады.

III тоқсаннан бастап мектеп оқушыларының біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда жеке консультация ұйымдастырылмақ.

АЛ II семестрден бастап колледждер мен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттерін аралас оқыту қайта басталады.
Үкімет басшысы әкімдерге өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты жағдайды тұрақтандыру мақсатында қажетті шектеу шараларын қабылдауды тапсырды.

Премьер-Министр әкімдердің назарын қоғамдық орындарды, мектептер мен балабақшаларды сапалы санитарлық өңдеу, сондай-ақ егу пункттерін вакцинациялауға дайындау қажеттігіне аударды. Ішкі істер министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, мереке алдындағы және мереке күндері санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауды қамтамасыз ету тапсырылды.

Айта кетейік, COVID-19 коронавирус инфекциясы Қазақстанда 13 наурызда анықталды. 16 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы бойынша  елімізде төтенше жағдай режимі енгізіліп, ол 11 мамырға дейін бірнеше рет ұзартылды. 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылған. Одан кейін Президент төтенше жағдай режимін екі рет: 14-і және 27 сәуірде ұзартқан.

Президент 11 мамырда үндеу жариялап, елдің барлық аумағында төтенше жағдай режимінің тоқтағанын мәлімдеді. Алайда бірқатар өңірлерде вирус жұқтыру қаупі сейілмей,  кейінірек Қазақстанда 5 шілдеден бастап 14 күнге жаңа шектеу шаралары енгізілді.

Сондай-ақ оқыңыз