Баспаналы болу үшін БЖЗҚ-дан ақша алу қаншалықты тиімді?

Жарияланды (жаңартылды )
Сенат заң жобасын кері қайтарды

21 желтоқсан күні сенат экономикалық өсімді қалпына келтіру мәселелері көтерілген заң жобасын мәжіліске кері қайтарды. Аталған заң жобасының ішінде тұрғын үй алу үшін зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалану да қарастырылған. 

«Заң жобасы бойынша жұмыс барысында нақтылау сипатындағы бірқатар түзетулер мен толықтырулар енгізу, сонымен қатар ішкі қайшылықтарды жою және заң жобасының нормаларын қабылдау қажет болды»,– дейді сенаттың кәсіпкерлік, инновациялық даму және экономикалық саясат жөніндегі комитетінің мүшесі Еділ Мамытбеков

Заң жобасына байланысты сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та пікір білдірген. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша зейнетақы қаржысының бір бөлігін азаматтар үй алу және емделу үшін пайдалану құқығы белгіленді. Сонымен қатар кәсіпкерлерге бірлесіп жұмыс істейтін тараптың жағдайын анықтауға және іс-әрекетінің тәуекелін азайтуға мүмкіндік беретін бизнес-серіктестердің тізілімін дайындау қарастырылған»,– деді Әшімбаев. 

Еске салсақ, осыған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарының баспаналы болуы және емделуі үшін зейнетақы қорындағы қаражатының бір бөлігін пайдалануы тиіс деп, тапсырма берген еді. Бұл мүмкіндікті елімізде үкіметтің есептеуінше 700 мың, осы жоба бойынша бірыңғай оператор болудан үмітті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің болжамынша 800 мың адам пайдалануы мүмкін. 

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Ирина Кушнареваның айтуынша, зейнетақы қаржысын өзге мақсаттарға пайдалану әлем елдерінің, әсіресе, Сингапур, Австралия, Малайзия елдерінің тәжірибесінде бар нәрсе. Дегенмен әр елдің зейнетақы жүйесінің өзіндік ерекшелігі бар. 

«Зейнетақы қаражатын пайдалануға қатысты атап өтетін бірнеше аспекті бар. Біріншіден, Біріншіден, қомақты қаражат жинаған салымшылардың белгілі бір бөлігіне осыған дейін жеке зейнетақы қорларында қызмет көрсетілді және олар жеке қорлардағы қаражатты басқару тиімді болғанын және ең бастысы, егер олар нәтижелері өздеріне сәйкес келмесе, жинақтарын басқа қорға аудара алатындықтарын біледі. Екіншіден, басқарушы компанияларды, инвестициялық стратегияларды және барлық ұсынылған шарттарды мұқият зерделеу қажет. Үшіншіден, қаржылық мәселелерге деген сенімді әрдайым бақылап отыруы керек. Жинақтарды кім басқаратынына қарамастан, салымшы зейнетке шығаруға арналған ақшасының қаншалықты тиімді салынғанын бақылауы керек»,– дейді Кушнарева. 

Оның айтуынша, осы уақытқа дейін аз табыс тауып, тиісті шекті мөлшерді жинай алмаған азаматтар да ескерілуі тиіс. 

«Өзінің зейнетақы шотында шекті мөлшердегі қаражатты жинай алмаған еңбек өтілі аз, табысы төмен, тұрақты салымы болмаған азаматтар үшін жалпы классикалық құралдар қолжетімді болуы тиіс: жеткілікті және тұрақты табыс негізінде тұрғын үй арендасы немесе ипотекалық несие, оның ішінде әлеуметтік аренда. Зейнетақы жинағы біздің зейнет жасымызда лайықты деңгейдегі табыс болуы керек екенін білеміз. Мәселе – бұл ақшаны зейнетақы жүйесінде сақтау, оның ішінде оны жеке басқаруға беру, зейнетақы аннуитетін сатып алу, БЖЗҚ-да ақша жинау немесе оны қазіргі кезде тұрғын үймен немесе емделумен байланысты мәселелерді шешу үшін пайдалану қаншалықты мотивация бере алатындығында. Әр салымшы шешімді өзі қабылдайды, тиісінше осы шешімі үшін жауапкершілік пен одан кейін болар кез-келген жағдайды түсіністікпен қабылдай алуы керек»,– деді сарапшы. 

БЖЗҚ-ның 21 желтоқсан күні ұсынған дерегі бойынша, дәл қазіргі сәтте салымшылар шотында тұрған қаржы көлемі 12,7 триллион теңгеге жеткен. 2020 жылдың басынан бері 1 желтоқсанға дейін сома 1,9 трлн теңгеге немесе 18 пайызға артқан. 

БЖЗҚ ресми хабарлағандай, зейнетақы жинағының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары есебінен жиналған. Оның мөлшері – 12,4 трлн теңге. Яғни, жыл басынан бері қазіргі уақытқа дейін 18 пайызға өсім көрсеткен. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 309,6 млрд теңге (өсім 26 пайыз), ал ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 2,2 млрд теңгеге (өсім 11 пайыз) жеткен.

«БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 2020 жылдың 1 желтоқсанында 11,6 миллион бірлікті (жыл басынан бергі өсім 10 пайыз ) құрады. Шоттардың басым бөлігі міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша ашылған, олардың саны – 10 984 130 (өсім – 11 пайыз). Одан кейін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған шоттар – 526 111 (өсім – 3 пайыз). Ерікті зейнетақы жарналарының (ЕЗЖ) саны да біртіндеп көбейіп келеді, БЖЗҚ-дағы мұндай шоттардың саны қазір 57 211 бірлік (өсім – 5 пайыз)»,– делінген БЖЗҚ хабарламасында. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегі бойынша, 721 мың салымшы шамамен 1,4 трлн теңгеге жуық қаражатты қордан алады. Оның ішінде, 529,7 мың салымшы – тұрақты жұмыс істейтін, қорда қаржы жиған азаматтар. 178,4 мың салымшы жиылған қаражаттың 50 пайыздан аспайтын мөлшерін ала алады. 13,3 мың салымшы сақтандыру компаниясымен зейнетақы аннуитеті жайлы келісімшарт жасасқан. Оларда да қаржысының бір бөлігін алу мүмкіндігі бар. 

Зейнетақы қорындағы жиған қаражатыңызды көру үшін мына сілтемеге өтіңіз. Ал зейнетақы қорындағы қаражатты кімдердің алатыны туралы нақты ақпаратты мына жерден оқысаңыздар болады. 
 

Сондай-ақ оқыңыз