Қазақстанда мал ұрлығы соңғы 5 жылда 2 есе қысқарды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Соңғы 5 жылда еліміздің барлық өңірінде мал ұрлығының төмендеуі байқалады. Егер 2015 жылы 8 мың қылмыс болса, 2016 жылы – 7,3 мың (- 8%), 2017 жылы – 6,4 мың (- 13%), 2018 жылы – 5,6 мың (- 12,4%), 2019 жылы – 4,7 мың (- 15,2%) факті тіркелген. Осылайша, 2015 жылдан бастап 2019 жылға дейін мал ұрлығының саны 40%-ға төмендеді. Биыл пандемияға байланысты енгізілген карантинның нәтижесінде мал ұрлығы тағы екі есеге азайды.
Десекте, бұл мәселе әлі де өзектігін жоймады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мал ұрлығымен күресті күшейтуге ерекше назар аударды.
Мал ұрлығының алдын алу мақсатында ҚР АШМ мен ҚР ІІМ бірлескен меморандум қабылданды. Құжатқа сәйкес ведомствоаралық арнайы топ құрылып, заң шығару саласында бірлескен жұмыс атқарылды, техникалық және ақпараттық қолдау жолға қойылды, ветеринариялық талаптарды, малды сәйкестендіру тәртібін және ауыл шаруашылығы жануарларын тасымалдау қағидаларын түсіндіру бойынша және т.б. іс-шаралар жүргізілуде.
Шаруа қожалық басшылары және тұрғындармен мал басын сәйкестендіру (биркалау, электрондық чиптер, GPS-бақылау және т.б.), мал жаю мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Сондай-ақ, сауда орындарының, мал базарларының қызметі нормативтік-құқықтық талаптарға сәйкес тексерілуде.
Мал ұрлығының алдын алудың пәрменді шарасының бірі – ол Қазақстанда міндетті болып табылатын ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жұмыстары.
Бірінші кезекте, ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру базасы – әр жануарға бақылау жүргізуге және ауруларға қарсы ветеринариялық екпелерді бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, малды тіркеу жүйесі ұрланған ауылшаруашылық жануарларын жаппай сатуды қиындатады.
Бүгінде облыс әкімдіктерінің ветеринария басқармаларының есептері бойынша республика көлемінде барлық мал басы сәйкестендірілген.