Ағымдағы жылдың 11 айында металлургия саласындағы өндіріс көлемі 1,6% артты. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінде экономика дамуының баяулауына қарамастан, өңдеу өнеркәсібі оң нәтижені қалыптастыратын негізгі бағыт болып қалуда. Ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша саладағы өндіріс көлемі 3,3% – ға өсті. Іс жүзінде өңдеуші саланың барлық секторлары бойынша оң динамика байқалады. Металлургияда өндіріс көлемі 1,6% – ға артты.
Мысалы, түсті металлургияда өндіріс көлемі 2,2% – ға өсті. Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші «Қазақмыс корпорациясы» тазартылған мыс өндіру көлемін 8% – ға, құйма алтынды 35% – ға, сондай-ақ түйіршікті күмісті 25% – ға ұлғайтты.
Сонымен қатар, «Қазақстан электролиз зауыты» бастапқы алюминий өндірісінің көлемін ұлғайтты. Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылы зауыт бастапқы алюминийдің қазақстандық тұтынушыларымен 11 келісімшарт жасады. Бұдан бөлек, отандық кәсіпорын әлемдік нарықта позицияларын ұстап тұруды жалғастыруда, осылайша өнімнің 90% – ы экспортқа жіберіледі. Экспорт географиясында Ресей, Беларусь, Украина, Өзбекстан, Грузия, Италия, Түркия және басқа да жақын және алыс шетелдердің 20-дан астам елі бар.
«Тау-Кен Алтын» кәсіпорны да оң көрсеткіштерге қол жеткізді. Өндіріс ошағы тазартылған алтын өндіру көлемін 6,4% – ға, күміс өндіру көлемін 46,7% – ға ұлғайтты. Өткен жылы кәсіпорын өз өнімдерінің жоғары сапасын тағы бір мәрте дәлелдеп, сенімді жеткізуші ретінде әлемдік мойындауға ие болды. Тазалығы 99,99% – дан кем емес алтын өндіретін аффинаж зауыты Лондон бағалы металдар нарығы қауымдастығының «GoodDelivery» сертификатын алды. Осы сертификаты бар бағалы металдар шектеусіз барлық әлемдік биржаларда саудаға қабылданады.
11 айдың қорытындысы бойынша қара металлургияда өсім 0,4% – ды құрады. Өндіріс көлемінің өсуіне бірнеше кәсіпорындарда қол жеткізілді. Мысалы, Қостанайдағы «Евраз Каспиан Сталь» зауыты арматуралық жайма өндірісінің көлемін 8% – ға ұлғайтты. Арматуралық жайма мемлекеттік стандарттарға сәйкес шығарылады. Өнімнің сапасы зауыттың сынақ зертханасында жаңа технологиялық жабдықтармен және бақылаумен қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ, «Тараз металлургия зауыты» ферросиликомарганец өндірісінің көлемін 20% – ға, «Кастинг» ЖШС арматураларды, шарларды және домалақ шыбықтарды тауарлық шығаруды 7,3% – ға ұлғайтты.