Академик Төрегелді Шарманов «нан соғарлықты» доғару керек. Бұл туралы академик Facebook парақшасында жазды.
Індеттің беті әлі қайта қоймады, ал онымен күресте адамның иммунитеті маңызды рөл атқаратыны анық. Бәрімізге иммунитетімізді күшейту қажет. «Ас – адамның арқауы» деп тегін айтылмаса керек. Расымен, адам денсаулығының басты кепілі – уақытылы әрі дұрыс тамақтану.
Кішісінен бастап үлкені болсын дұрыс тамақтанулары тиіс. Қандай тағамдарға басымдылық беру керек десе, әрине – бұл сүт өнімдері. Сүт, айран, қымыз, шұбат, сүзбе, йогурт. Сондай-ақ, сұйық тағамдарды көп ішу керек. Ет және тауық сорпасы. Одан бөлек көкөністер, жеміс-жидектер тағам рационында міндетті болуы шарт. Майлы тамаққа әуес болмау қажет, оны аздатқан дұрыс. Және «нан соғарлықты», нан өнімдерін көптеп тұтынуды доғару қажет.
Қымыз бен айранның пайдасы зор. Қымыздың құрамында С дәруменінің үлесі жоғары. Осы күні жылқының қазақ үшін қадірі артты. Себебі адамның ағзасына жылқы еті өте жақсы әсер етеді.
Әрине, дәл қазіргі күні қымыз бен жылқы етіне жетер еш тағам жоқ. Бірақ оған жұрттың бәрінің қолы жете бермеуі мүмкін. Қазақ жалпы «қойдың еті қорғасын» деп текке айтпайды. Кешкі асқа қойдың етін жесеңіз, ол ертеңгі күн батқанша сіңеді. Ұзақ.
«Сиырдың еті таң сарайы батқанша, жылқының төсек салып жатқанша» дейді қазақ. Яғни жылқы еті бойға тез сіңеді. Сондықтан жылқы етінің қасиеті ерекше екенін көрсетеді. Ол ғылыми жолмен дәлелденген.