Жамбыл облысында автокөліктің «әдемі» нөмірін ұнататын азаматтар бюджетке 73 миллион теңгеден астам қаражат аударды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әкімшілік полиция бөліністері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету желісі бойынша мемлекеттік қызметтің үш түрін көрсетеді: олар көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу, көлік құралы үшін мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісінің нұсқасын беру, жүргізуші куәліктерін беру.
«Жыл басынан бері көлік құралдарын тіркеу және есептен шығару бойынша 89 274 мемлекеттік қызмет көрсетілді, 32 140 жүргізуші куәлігі берілді. Алғаш рет жүргізуші куәлігін 3751 адам алды», – деді Жамбыл облысының ПД процессинг орталығының бастығы Айбек Көшеков.
Оның ішінде «Азаматтарға арналған үкімет “Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (мамандандырылған ХҚКО) арқылы 83 391 адамға көлік құралдарын тіркеу және есептен шығару бойынша мемлекеттік қызмет көрсетілді, 19 375 азаматқа жүргізуші куәлігі берілді.
«Электрондық үкімет» www.egov.kz ” порталы арқылы 5 883 көлік құралы тіркеліп, 12 765 жүргізуші куәлігі берілді. Жалпы сомасы 73 миллион 162 мың 396 теңгеге жоғары сұраныстағы нөмірлердің 289 жиынтығы берілді. Өңір тұрғындары арасында 010 – нан 090, 077, 707-ге дейінгі цифрлық белгілері бар нөмірлер үлкен сұранысқа ие – мұндай мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің 156 жиынтығы сатып алынды.