Қазақстандықтар қалыптасқан эпидемиологиялық ахуалға қарамастан жаппай жиналуды және іс-шаралар өткізуді жалғастырып жатыр. Соның әсерінен вирус тарауы да тыйылмай тұр. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің өкілі мәлімдеді.
Вице-министр Марат Шорановтың айтуынша, азаматтар тарапынан туындап жатқан немқұрайлы көзқарастың салдары тым ауыр болуы мүмкін.
«Коронавирус инфекциясының жергілікті ошақтары көп адамның жабық жерде, ұзақ уақыт жиналуын салдарынан пайда болады. Карантин талаптары сақталмай жатқаны жайлы хабар күнде келіп түседі. Тыйым салынғанына қарамастан, адамдар түрлі іс-шараларға қатысып та, өткізіп те жатыр, бұл эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына ықпал етеді. Жаңа жылдық мерекелер қарсаңында баршаңызды инфекцияның алдын алу шараларын сақтауға шақырамын: халық көп жиналатын орындарға бармау, ұжымдық іс-шара, ертеңгілік, корпоратив өткізбеу және оған қатыспау, суық тидіріп алмау. Ең бастысы – тәуекел тобындағы туған-туыс пен жақындарыңызға қауіп төндірмес үшін, барынша сақ болыңыздар, қашықтан құттықтаңыздар» дейді ведомство өкілі.
Бұл ретте Шоранов жаңа жылды туған-туыс, дос-жаран, таныстарды жинамай-ақ, тек отбасы мүшелерімен бірге қарсы алуға шақырады.
«Пандемия мен оған қарсы күрес жалғасып жатқанына тағы да назар аударғым келеді, сондықтан әрбір адам жағдайға барынша жауапкершілікпен қарауы қажет. Ауруды өзі жұқтырмау және оны басқаларға жұқтырмау үшін бәрін жасаңыз, міндетті түрде маска тағып, әлеуметтік қашықтықты және гигиена талаптарын сақтаңыздар. Алдағы мерекелер эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына және коронавирус инфекциясының бақылаудан шығып, науқас санының өсуіне әкелмеуі керек екенін естен шығармайық. Бұл біздің тәртібімізге және алдын алу шараларын ұстануымызға тікелей байланысты» деді спикер.
Министрлік дерегіне сәйкес, халық карантин талаптарын да жиі бұзып жатыр. 17 тамыздан бастап 267 866 нысанға 60 375 рейд жүргізіліп, соның ішінде 20 504 нысанға 19 406 айыппұл салынған. Заңды бұзы әрекеттері негізінен Түркістан, Алматы, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Нұр-Сұлтанда анықталған. Қызметіне тыйым салынған мекемелер шектеуді бұзып, бұқаралық іс-шаралар өткізіп келген. 1,1 млрд теңгеден астам сомаға 11 285 адам әкімшілік айыппұл салыныпты. Тек 300 млн теңгеге жуық айыппұл қорғаныс маскасы болмағандығы үшін салынған.
«Мұндай объектілер бойынша санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмысты тоқтата тұру туралы мәселені шешу үшін органдары әкімшілік материалдарды сотқа жолдайды. 1 қарашадан бастап 132 объектіге жоспардан тыс тексеру жүргізілді, оның ішінде 128-де бұзушылықтар анықталды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы 329 хаттама жасалды, 31 материал сотқа берілді. Сот шешімімен 6 нысанның қызметі тоқтатылды, 7-і әкімшілік айыппұлға тартылды» деп атап өтті Шоранов.
Дәл қазіргі сәтте елімізде COVID-19-дан сауығып шыққандардың саны 87 пайызға дейін өскен. Маусым-шілде айларының өзінде бұл көрсеткіш 60 пайыздан аспаған. 28 желтоқсандағы жағдай бойынша республика тәуекел дәрежесі төмен аймақтан тәуекел дәрежесі орташа аймаққа – жасыл аймақтан сары аймаққа ауысыпты. Атырау, Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстары – ҚЫЗЫЛ, Солтүстік Қазақстан облысы, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары – САРЫ аймақта орналасқан.
Министрлік мәліметінше, қазіргі кезде елімізде КВИ диагностикасы тәулігіне 100 мың зерттеу жүргізе алатын 132 зертхана мен биологиялық материал жинайтын 48 пунктте жүзеге асырылып жатыр. Зертханалар күн сайын 40 мыңға дейін тест жүргізе алады. Ал жалпы, қазірге дейін 5 млн-нан астам зерттеу жүргізілген.
Сондай-ақ спикер 2020 жылы Қазақстанда халық арасында тырысқақ, оба, іш сүзегі, паратиф, дифтерия, сіреспе, полиомиелит, безгек ауруларының тіркелмегенін, 52 инфекция бойынша сырқаттанушылықтың төмендегенін де айтып өтті.