Қазақстанның Омбыдағы Консулдығының жәрдемімен жергілікті балалар клиникалық ауруханасынан денсаулығы нашарлаған екі айлық сәби санитарлық авиация бортымен Нұр-Сұлтанға жеткізілді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Рейсті ҚР Сыртқы істер және Денсаулық сақтау министрліктері ұйымдастырды.
Нәресте елордаға жеткізілгенге дейін мамандар оның диагнозын алдын-ала зерттеп, келген соң, бірден жедел емдеуді бастады.
Нәрестенің қазіргі жағдайы тұрақты. Еліміздің медицина қызметкерлері емдеудің толық бағдарламасын жүргізетін болады.