Үйге бастапқы жарнаны қалай жинаған жөн?

Жарияланды
Осы кеңестердің көмегімен үй алуға бір табан жақындай түсесіз деп сенеміз

Үйдің толық сомасын бірден жинау оңай емес. Сол үшін бүгінде түрлі мемлекеттік ипотека бағдарламасы бар. Оның артықшылығы сол — бастапқы жарнаны жинасаңыз, қалғанын төмендеу пайызбен кредитке ала аласыз. Ендеше сол бастапқы жарнаны тез әрі оңай жинау үшін не істеу керегіне қатысты кеңестерімізді қабыл алыңыз. 

Жан-жақты хабардар болыңыз

Ең алдымен нарықты зерттеу маңызды. Әрі қай бағдарлама бойынша ала аласыз, шарттары қандай — бәрін біліп алыңыз. Соның ішінде:
•    Несие тарихыңызды тексеріңіз.
•    Жалақыңызды, жалпы табысыңызды есептеңіз. 
•    Ипотека туралы толық ақпарат білу керек. Қанша пайызға беріледі, айына қаншадан төлейсіз, қанша жылға аласыз? Айлық төлемге жалақыңыз жете ме?
•    Қаржылық сауатыңызды арттырыңыз.
Әдетте көпшілігі үшін мемлекеттік бағдарламалар тиімді. Соған сәйкес түрлі азаматтар категориясына арналған бірнеше бағдарлама бар. Яғни кейбірінде бастапқы жарна жарты сома болса, енді бірінде 20 пайыз, ал енді бірінде тіпті 10 пайыз дегендей. 

Айқын көрініс қажет

Шамамен айлық төлемнің қанша болатынын білу үшін онлайн ипотекалық калькуляторларды пайдалануға болады. Яғни өзіңіз салатын бастапқы жарна сомасын, алатын мерзімді, жылдық мөлшерлемені енгізу арқылы біле аласыз. Осылай есептеп көргеннің бір пайдасы — үй алатын мақсатқа жақындата түседі. Себебі тұманды күні жүргендей неге, қанша ақша жинау керегін білмей жүре бермейсіз. Нақты ақпарат алдыңыз, енді тек әрекет қажет. Ай сайын қаншадан жинау керегін есептеп алып, баспаналы болатын күнді де шамалап біле бересіз.  

Кредиттерден «тазарыңыз»

Ипотекалық бағдарламалар арқылы үй алатын кезде басқа кредиттерді жабу керек болады. Айлығыңыз төлемге жетіп тұрса да, банктердің басым көпшілігінде басқа несиелерден құтылуды талап етеді. Мұндай шарт анық жазылып тұрмаса да, құжат тапсыру барысында осындай ескерту алуыңыз ықтимал. Сондықтан алдымен ұсақ кредиттерді біржола төлеп, несие тарихыңызды тазалаудан бастаңыз. Тіпті кредит карталарын қолданбасаңыз да, жабуға тура келеді. 

Мобайл қолданбалармен дос болыңыз

Ипотекалық калькулятордың не кеңесшінің көмегімен шамамен қанша ақша керегін біліп алған болсаңыз, енді ақша жинауға кірісу қажет. Ол үшін бүгінде мобайл қолданбаның түр-түрі бар. Күн сайын шығын мен кірісті бақылап отыруға мүмкіндік беретін қолданбалардың ішінен көңіліңіз қалағанын жүктеп алып, онымен дос болыңыз. Сонда жинақ динамикасын бақылап отыра аласыз. Бұл сізге қосымша мотивация болатынын да атап өту керек. Керек емес, бос шығындардан да бас тартыңыз. Егер қолданбадан ештеңе жасырмай енгізіп жүрсеңіз, қаражатыңыздың қай жерге кетіп жатқанын айқын көресіз. Сонда шығындарды қысқарту да әлдеқайда оңайлай түседі. 

50/20/30 ережесі

Ақша жинау үшін өзіңізді тәртіптеуіңіз керек. Себебі тәртіп бар жерде нәтиже болады. Мысалы 50/20/30 ережесі деген бар. Оның мәні мынадай: табысыңызды үшке бөліп, күнделікті қажеттіліктерге (тамақ, коммуналдық шығындар, көлікпен қатынау) — 50 пайызын, ипотеканың бастапқы жарнасына — 30 пайызын және қалған 20 пайызын тұрақты болмаса да, жалпы шығындарға жұмсаған дұрыс. Сонымен бірге жалақы түскен бойда 10 пайызын «сандыққа» салып тастап, мүлдем ол болмағандай түр таныту да ақша жинаудың тиімді тәсілі саналады. Сонда айлығыңыздан 10 пайызын ойша алып тастайсыз да, қалғанын 50/20/30 ережесі бойынша жұмсайсыз. Тексеріп көріңіз. Жап-жақсы жинақ шығады. Ай сайын тұрақты түрде бастапқы жарна үшін ақша бөлуді әдетке айналдыру шарт. «Осы айда салмай, келесі айда екі есе саламын» деп схеманы бұзбаған абзал. Өйткені бұл орайда сіз ішкі тәртібіңізді де бұзасыз. 

Үнемдеген ұтылмайды

Үнем, үнем және тағы да үнем. Шық бермес Шығайбай болып кетпесеңіз де, жоғарыда айтқандай, бос шығындардан арылыңыз. Үй алып алғанша киноға екі айда бір, мейрамханаға бір айда бір ғана барсаңыз, ештеңе етпейді. Есесіне, үйіңізге кіріп алған соң, аптасына барсаңыз да еріктісіз. Сонымен бірге дүкенге шыққанда нақты тізіммен жүрген дұрысырақ. Өйткені сөреде тұрған сан нәрсеге есіңіз кетіп, үйде бар затты қайталап алып қоюыңыз мүмкін. Болмаса, қарныңыз қатты ашып тұрғанда кіріп, тауыса алмайтын тамақ алып қоюыңыз ғажап емес. Жалпы алғанда қарын аш кезде дүкенге бармауға кеңес беретін себептің бірі осы — бос шығын.  

Бонустарды пайдаланыңыз

Бонустарға мән бересіз бе осы? Егер осыған дейін назарға ілмей келген болсаңыз, дәл қазірден бастап мән бере бастауға кеңес береміз. Өйткені сізден кеткен ақшаның аз да болсын үлесі қайтқаны қуаныш емес пе? Құдды тегін келіп жатқандай әсер ететіні тағы бар. Бүгінде банк карталарында бонус міндетті түрде беріледі. Қай банктің кэшбегі көбірек, сіз үшін мобайл қолданбасы тиімді болса, сол банктің клиентіне айналыңыз. Сонымен бірге айына бір ірі сауда жасап супермаркетке баратын болсаңыз, ақшаны қолма-қол шығарғаннан гөрі картамен төлеген дұрыс. Тіпті кейбірі смартфон не QR код арқылы жасалған төлемге көбірек кэшбек береді. Мұны да біліп жүріңіз. Сонда күнделікті ұсақ шығындар соның есебінен шығады. Ал сол ақшаны ипотекаға арналған бастапқы жарнаға салып қойсаңыз, мақсатыңыз айқындала түседі.

Қосымша табыс көзін табыңыз

Бүгінде бір айлыққа қарап өмір сүру оңай емес. Әрине, егер айына кемі миллион теңге табыс кіріп тұрса, әңгіме басқа. Ал үй алуды мақсат етіп, ипотека рәсімдеуді ойлап жүрген адамға бір емес, бірнеше жұмыс істеу керек болады. Қазіргі таңда үйде отырып табыс табудың түр-түрі бар. Мамандығыңыз бен қызығушылығыңызға қарай түрлі нұсқа табылатыны анық. Бастысы, шынайы ниеттену керек. Содан кейін қорықпай, іске кірісіңіз. Тек заңсыз жолмен ақша табуға әуестенбеңіз, қаржы пирамидалары, онлайн ойындар сынды тәсілдерге жүгінбеңіз. Қабілетіңізге қарай қосымша жұмыс табу аса қиынға соқпауы тиіс. Жұмыс іздейтін сайттарға тіркеліп, анкета толтырсаңыз болғаны, күніне бірнеше жұмыс шығып тұрады. Көңіліңіз қалағанына резюме тастап, жұмыса тұруға болады. Негізгі жұмыстан тыс, қосымша алып жүруге арналған істің түрі көп. Бастысы, ерінбесеңіз болғаны.  
   
 

Сондай-ақ оқыңыз