1. Құныңыз қанша? Өз net worth-ыңызды жыл сайын есептеп отырыңыз
Алдымен net worth деген термин туралы айта кетейік. Егер сізге бұл жаңа сөз боп көрінсе, онда біліп жүргейсіз. Есепшілер арасындағы таза құн немесе табысты осылай айтады. Бұл ұғымды компанияларға ғана емес, жеке бюджетке қатысты да қолдануға болады. Яғни net worth ол — сіздегі барлық активтің құнынан пассивтерді алып тастағанда қалатын нарықтық баға. Яғни таразының бір жағында жинап жүрген не инвестициялық есепшоттарыңыздағы сомалар, жеке пәтеріңіз, көлігіңіз, жер теліміңіз не кәсібіңіз болса, соның бәрінің құны тұрады. Былайша айтқанда, қалтаңызды қампайтатын табыстың бәрі. Ал енді екінші жағында міндеттемелер қойылады. Бұл дегеніміз — қарызыңыз, несиелеріңіз, салық пен мүлікке кететін шығындар, күнделікті жүріс-тұрысқа кететін ақша. Тіпті қарапайым тілмен айтқанда, жеке пәтеріңіз бен банктегі депозитіңіз — плюс, кредитке алынғандары — минус. Біріншісінен екіншісін азайтыңыз. Содан шыққан соманы қараңыз. Егер оң сан шықса, демек бәрін дұрыс істеп келе жатқаныңыз. Осы қарқынмен активтерді көбейте беру керек. Ал енді нөлден төмен, яғни теріс шама шықса, бұл — ойлану керек деген сигнал. Көбірек жұмыс істеу қажет. Арқаңызда жүк болып тұрған пассивтерден тезірек құтылудың қамына кірісіңіз. Қайтсе капиталды көбейтуге болатыны туралы ойланыңыз.
2. Өз ақшаңызға сеніңіз, сізді алып шығатын сол ғана
Егер үнемі біреуден қарыз алып, тауар не қызметті кредитке рәсімдейтін болсаңыз, демек жағдайыңыз жақсы емес деген сөз. Мұндайда мынаның басын ашып алыңыз: сіз шынымен аз табыс табасыз ба? Әлде көтере алмайтын шоқпарды белге байлайтындардың қатарынансыз ба? Екі жағдайда да әрмен қарай еш өзгеріс енгізбесеңіз, көрген күніңіз қараң болған күйі қала береді.
Қазір көбі жинап барып сатып алғаннан, қарызға не несиеге ала салғанды жөн көреді. Бірақ қаржылық сауаты бар адамдар қарызға құмар болмайды. Экономикалық тұрғыдан келгенде, барған сайын бағасы шарықтай беретін дүниеге ғана кредит рәсімдеген жөн. Мысалы, үй алу үшін. Ал тұтынушылық несиелерді жөндеу жұмыстарына, тұрмыстық техникаға, электроника немесе еңбек демалысында қыдыруға, болмаса тіпті киім алуға алады. Байқасақ, бұлар уақыт өткен сайын құны өсетін дүниелер емес. Демек, несиеге алу арқылы тауардың құнынан бірнеше есе көп қаражатыңыз кететінін түсінуіңіз керек. Тіпті кейде телефонды несиеге алып, оны төлеп бітпей жатып жоғалтып не бұзып алатындар бар. Ал зат жоқ екен деп, несиені ешкім тоқтатпайды. Сонда сіз тіпті шығынға батқанның үстіне бата түсесіз. Ендеше, осы ретте сізге бірнеше кеңес бере кетейік:
• Тұтынушылық несиелер мен кредит карталарына құмар болмаңыз. Қазір ала алмайтын затты соның ақшасын жинағанша алмаған абзал.
• Қаражатты қайда жұмсағалы жатқаныңызды ойланыңыз. Саралап, ой елегінен өткізіңіз.
• Мақсат қойсаңыз, оған жететін қаражатты соған сай валютада сақтаған дұрыс. Мысалы, импорттық нәрсе алатын болсаңыз, доллар не еуро дұрыс.
3. Болашақты бүгіннен бастап ойланыңыз
Қазір Қазақстанда зейнетақы жинағы тақырыбы «қызып» тұр. Әрине, айлығы шайлығына жетпей жүрген адамдарға «болашағыңды бүгіннен ойла» деп ақыл айту әлдекімге орынсыз көрінеді. Әйтсе де, егер тұрақты түрде артқа алып қалуды әдетке айналдырсаңыз, ертеңін ойлайтын, қарттығын қазірден қамсыз өткізуді мақсат ететін жауапкершілігі мол адамдардың санатына кіресіз. Мысалы зейнетақы жинағын салып отыруды ай сайын не жылына бір құнттаудың қайсысы тиімді екенін өзіңіз үшін шешіңіз. Бастысы, бұл шығып жатқан ақшаның желге ұшып жатпағанын, өзіңізге арналғанын есте ұстасаңыз болғаны. Неғұрлым ертерек бастағаныңыз соғұрлым көбірек қаражат жинауыңызға сеп болады.
4. Сезімге беріле бермеңіз
Адам болғасын түрлі көңіл-күйде боламыз. Кейде көңіліміз құлазып, жанымыз жабырқап, жалғыздық жүрегіңізге батуы мүмкін. Ал кейде шаттанып, төбеміз көкке бір елі жетпей, ғашық болып бәріне жайдары қарап қаламыз. Шынында, осы сынды небір эмоциялар бізді басқарады. Соған байланысты қалтамызға қарамастан бір айлық ақшаны бірнеше сағатта құртып тастаймыз. Содан кейін минусқа кіретініміз белгілі. Ендеше, эмоцияны игеру арқылы бекер ақша шашатын жаман әдеттен арылуға болады. Мысалы «көңіл-күйім жоқ, көтеру үшін шоппинг жасауым керек» деп қатты қажет болмаса да, эмоцияға беріліп зат аласыз. Салқын сананы қосып, өзіңізден сұраңыз. Бұл затсыз күніңіз қараң боп қала ма? Қазір құртқан ақша үшін ертең өкінбейсіз бе? Қарыз алуға мәжбүр болып қалмайсыз ба? Ойланыңыз.
5. Сыйақы түссе, жаратуға асықпаңыз
Мерекеде шала байып қаласыз ба? Айлыққа қоса, сыйақы түссе бірден ойша қайда жұмсайтыныңызды, не алатыныңызды жоспарлап тастайтын да боларсыз. Егер аса үлкен қажеттілік болмаса, оны депозитіңізге салып қойғаныңыз дұрыс. Себебі онсыз да жалақыны алдыңғы айларда жеткізіп жүрсеңіз, бұл сыйақы болмағанда да өмір сүретініңіз белгілі. Ендеше, оны жинаған сіз үшін тиімдірек. Ал егер несиеңіз болса, мәселе басқа. Ондай жағдайда уақытынан бұрын жауып тастаудың қамын жасаған жөн. Яғни алған сыйақыны бөлшектеп болсын жабуға жұмсаңыз.
6. Қаржылық тексеріс ұйымдастырып тұрыңыз
Бюджетіңізді қалай жұмсап жүрсіз? Бос шығындар бар ма? Осыны ара-арасында тексеріп тұрғанның артығы жоқ. Себебі өз жайыңыз өзіңізге белгілі. Сізге осы ретте бірнеше кеңес бере кетейік. Мына нәрселерге баса мән берген дұрыс:
• Банк карталарының қызмет көрсеткені үшін алатын тарифтерінің құны. Қай карта ақылы, қанша ақша алады? Бәлкім, қолданбайтын, бірақ ай сайын 200-300 теңгелеп алып жатқандары бар шығар? Осыны анықтаңыз. Кейде тіпті қарызға кіргізіп жіберуі мүмкін екенін де ескеріңіз. Қызмет үшін ақы төлемеді деп сотқа сүйрелгендердің оқиғасы аз емес. Қажет емес карта болса, құтылыңыз. Ал қолданатын болсаңыз, оның жылдық қызмет көрсету құнынан сізге түсетін пайда көп пе, есептеп көріңіз. Яғни бонустық бағдарламасы, кэшбек және т.б тиімді ме — анықтап көрген артық болмайды.
• Салымдар бойынша мөлшермелерге ұсыныстар. Ара-арасында еліңіздегі банктердің ұсыныстарына құлақ түріп жүріңіз. Кейде жап-жақсы шарттарды ұсынуы мүмкін. Бәлкім, сіз қолданып жүргеннен гөрі жақсырақ болып шығар. Бұл жерде ең маңыздысы сол — алданып, құр сөзге сеніп қалмау. Клиент жинау үшін жарнама жер жарып, шын мәнінде еш артықшылығы болмай шығуы да мүмкін. Сондықтан барынша шарттарын дұрыстап оқыған абзал.
• Кредитті қаржыландыру бойынша банк мөлшерлемелері. Егер сізде ірі кредит болса, немесе бірнеше ұсақ кредит болса, қайта қаржыландыру үшін тиімді шарттары бар ұсыныстар жоқ па екен, анықтап көріңіз. Соның арқасында несие төлемдерінен біршама ұтуға болады.
• Ақылы жазылымдар. Кино және сериал қарауға жазылып алған болсаңыз, сол платформаның бәрін пайдаланасыз ба? Тексеріп көргеннің артығы жоқ.
• Телефон байланысы мен интернет тарифтері. Жарты жылда бір тиімді тарифтер шықпады ма, қарап көріңіз. Болмаса, оператордың қажетсіз ақылы қызметтер қосып қоймауын да қадағалаған жөн.
7. Шетелдік валюта шетелге шыққанда ғана керек емес, былайғы күні де ұстауға әдеттеніңіз. Уақыт өткен сайын доллар мен еуро бағамы шарықтап жатыр. Тіпті шетелге шығатын ойыңыз болмаса да, артық ақшаңызды отандық емес, шетелдік валютада бір бөлігін сақтауды әдетке айналдырыңыз.