Ресурстар

2020 жылы елімізде тараған ең танымал 5 фейк

Кейбір желі қолданушылары лайк пен көру санын арттыру мақсатында фейктер шығарған

2020 жыл Қазақстан үшін де, бүкіл әлем үшін де ерекше жыл болды. Кейбір желі қолданушылары лайк пен көру санын арттыру мақсатында фейктер шығарып, бүкіл елді адастырды. Бұл туралы StopFake.kz хабарлады. 

5–орын: Қашықтан білім беру форматын ұзарту

Қашықтан білім беруге көшу көптеген оқушылар мен олардың ата-аналары үшін қолайсыз болды. Бұл мәселе әлеуметтік желілерде әрдайым қызу пікірталас тудырады, ал Білім және ғылым министрлігінің жаңалықтары санаулы сағаттарда-ақ басты жаңалықтарға айналып отырды. Айта кетерлік үрдіс, кейбір блогерлер «отқа май құйып», қашықтан оқыту 2022 жылға дейін ұзартылды деген жалған ақпарат таратты. Бірақ оқушылардың мектепке оралуы тек елдегі эпидемиологиялық жағдайға ғана байланысты екені айтылып, бұл қауесеттер бірден жоққа шығарылды.

4-орын: Зейнеткерлік жастың өзгеруі

Қашықтан оқыту секілді, зейнеткерлікке шығу жасы да – Қазнетте қызу талқыланатын мәселелердің бірі. Қазақстандықтардың зейнеткерлікке шығу жасын төмендету мен ұлғайту туралы фейктер желіде тұрақты түрде жарияланып отырды. Мұндай өзгерістер енгізу туралы шешім Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінде және денсаулық сақтау министрі қабылдады деп жатты. Алайда, бұл қауесеттер расталған жоқ.

3-орын: ұшақтар қазақстандықтарды химиялық заттармен улайды

COVID-19 пандемиясы басталғалы Қазақстан халқының арасында химтрейлдер теориясы кеңінен тарады – бұл ескі аңызға сәйкес, ұшақтар елді мекендердің үстінен улы химикаттар шашады, бұл ауа райын бақылауға, өлім-жітімді арттыруға және адамдарды құлдықта ұстауға мүмкіндік береді. «У шашатын» ұшақтар туралы хабарламалар StopFake.kz редакциясына еліміздің түкпір-түкпірінен түсіп жатты. Бұл теорияны «дәлелдейтін» фотосуреттер мен видеоларда әдетте ұшақтардан кейін қалатын қарапайым конденсациялық іздер, өрт сөндіргіш ұшақтар шашқан жалынды басатын қоспалар немесе ерекше пішіндегі бұлттар бейнеленген. Сондай-ақ, фото мен видеоның басым бөлігі Қазақстанда түсірілмегені анықталды.

2–орын: ТЖ кезіндегі төлемдер

Қазақстанда COVID-19 пандемиясына байланысты төтенше жағдай режимі жарияланғаннан кейін карантиндік шектеулерге байланысты жұмысынан айрылғандарда 42 500 теңгеден төлене бастады. Мемлекеттен «ережелерді айналып өтіп» ақша алуға ниетті және алаяқтар үшін азаматтардың сенімінен пайда табу мүмкіндігі өз нәтижесін берді – жәрдемақы алудың стандартты емес және қосымша жолдары туралы фейктер Қазнетте қаптады. Алаяқтар белгілі банктердің атынан пайдаланушыларға 42 500 теңге ұсынып, төлем тағайындау үшін азаматтардың дербес деректерін Teleram-бот арқылы жинаған. Жазылушылар санын көбейтпек болған блогерлер «тағайындаудан автоматты түрде бас тарту» және төлемді міндетті түрде қайтару, тіпті әрбір қазақстандыққа «карантин үшін» 75 000 теңге төленетіні туралы хабарламалар жариялады.

1-орын: Карантиндік шараларды қатаңдату

Қазақстанда карантиннің енгізілуі ел тұрғындары үшін үлкен сынақ болды және бұл барлығына да әсер етті. Сол себепті санитарлық талаптардың өзгеруі, жаңа шектеулер мен жеңілдіктер туралы жаңалықтар өзекті болды. Осы тақырыптағы фейк жаңалықтар жүйелі түрде пайда болды. Көбінесе қазақстандықтарды жаңа, неғұрлым қатаң шектеулермен, жекелеген өңірлердегі жаппай локдаундармен және болашақта санитарлық нормаларды қатаңдату болжамдарымен қорқытты.