Ресурстар

Қазақстанға Pfizer вакцинасы әкелінеді. Алексей Цой өзіне қай вакцинаны салдыратынын мәлімдеді

Министр коронавирус ахуалына қатысты мәлімдеме жасады

Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус инфекциясы бойынша Қазақстанның «жасыл аймақта» тұрғанын мәлімдеді. Дегенмен әлемдегі ахуал әлі күрделі. 220 мемлекетте 84 млн адам КВИ жұқтырып, оның 2 миллионға жуығы көз жұмған. 

Ведомство басшысының айтуынша, қазір елімізде КВИ жұқтырған адамдар саны 156 973-ге жеткен. 46 мыңға жуық адамға КВИ диагнозы қойылған. Қазіргі кезде науқастардың 87 пайызы індеттен жазылып шығыпты. 

«Республика қаупі төмен – «жасыл аймақта» тұр. Жоғары қауіпті аймақта немесе қызыл аймақта Атырау облысы қалды. Сары аймақта немесе орташа қауіпті аймақта 6 өңір тұр, олар – Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстары және Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары» деді Цой. 

Сондай-ақ министр коронавирусты лабораториялық диагностикалаудың да қалай жүргізіліп жатқанын айтты. 

«Былтыр вирусты лабораториялау бойынша мүмкіндіктеріміз артты. Пандемия басталған сәттен ПТР әдісімен Covid-19-ға тестілеу сәуір айында 19 лабораторияда басталды. Олардың қуаттылығы тәулігіне 6000 тест болды. Қазір КВИ диагностикасы 132 зертхана мен 48 пунктте іске асырылып, тәулігіне 100 мың зерттеу жасайды. Қазірге дейін 5 миллионнан астам зерттеу жүргізіліп, зертханалар күн сайын 40 мыңға жуық тест өндіріп жатыр» деді министр. 

Цой әлемде алғаш болып ресми тіркелген Pfizer вакцинасына қатысты да пікір білдірді. Оның айтуынша, шетелдік вакцина елімізде жылдың екінші жартысында келуі мүмкін. 

«Жаңа жыл қарсаңында Pfizer бойынша соңғы келіссөздер болды. Біз жеткізу және вакцина құны бойынша мәселелерді талқыладық. Құпиялылық туралы келісімге қол қойылды. Бұл вакцина 2021 жылдың екінші жартысында ғана әкелінуі мүмкін» дейді ведомство басшысы. 

Брифинг барысында сайлау комиссиясы мүшелері, бақылаушылар және сенімді өкілдердің кімнің есебінен тестілеуден өтетіні де айтылды. Тестілеу міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен тегін жүргізілмек. Қазір министрлік тегін тестілеуден өтетін азаматтар тізімін жасап жатыр. 

«Сақтандырылмаған азаматтар үшін біз қаржыландырудың басқа көзін қарастырамыз. Бізде ұлттық экспертиза орталығы зертханалары арқылы тестілеу мүмкіндігі бар. Яғни, бұл республикалық бюджет немесе басқа да көздер» деп түсіндірді Алексей Цой. 

10 қаңтар күні болатын мәжіліс және мәслихат сайлауына байланысты мемлекеттік бас санитар дәрігердің қаулысы да жарияланған. Алексей Цойдың айтуынша, эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бірқатар талаптар қарастырылып отыр. Соның ішінде негізгі талаптар мынадай: 

Сайлау учаскесіне қойылатын талаптар: 

  • Кіре берісте термометрмен температура өлшеу;
  •  Сайлаушылардың жүру бағытын көрсететін белгілер қою;
  •  Сайлау комиссиясы мүшелері 3 сағат сайын маска ауыстыруы тиіс;
  •  Қолды дезинфекциялауға арналған санитайзерлер болуы қажет;
  • Жиһаз бен техникалық жабдықты бір-бірінен кемінде 1,5-2 метр қашықтықта орналастыру;
  • Кемінде 1,5-2 метр әлеуметтік арақашықтық сақтау;
  •  Келушілердің дене температурасы көтерілген (37ºС жоғары) жағдайда, адамды оқшаулауға арналған жеке кабинет болуы қажет;

Сайлаушыларға қойылатын талаптар:

  1. Сайлау учаскесіне келгенде медициналық немесе қорғаныс маскасын және қолға арналған антисептикалық құралды пайдалану;
  2. Үйде емделуіне байланысты оқшаулау режиміндегі немесе коронавирус инфекциясына байланысты карантинде отырған дауыс берушілер сайлау учаскесінен тыс жерде дауыс беру туралы өтініш білдірген жағдайда сайлау комиссиясының мүшесіне хабарлауы тиіс.

Брифингке қатысқан санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова жаңа жылдық мерекелеуді өткізген жұлдыздардың әрекеті әлеуметтік желі арқылы бақылана ма деген сауалға жауап берді. 

«Белгіленген тыйым барлығы үшін бірдей, ешқандай ерекшелік жоқ. Карантин режимін бұзу әрекетін анықтау үшін елімізде 1600-ге жуық мониторингтік топтар жұмыс істеп жатыр. Топ құрамына жергілікті атқарушы орган, полиция қызметкерлері, еріктілер мен қоғамдық бірлестік мүшелері кіреді. Егер кімде-кім мониторингтік топ құрамында жұмыс істегісі келсе онда жергілікті әкімдікке барып өтініш жасауына болады» деді Есмағамбетова. 

Осы орайда ол 2020 жылдың 31 желтоқсаны мен 2021 жылдың 1 қаңтары күнгі заң бұзушылықтар туралы да айтты. 

«Аталған күндері алдыңғы бір аптаға қарағанда екі есе көп заң бұзушылықтар тіркелді. Мыңнан астам айыппұл салынды. Осы екі күннің өзінде 800 рейд жүргізіліп, 70-тен астам ереже бұзушы анықталды. Заң бұзушылықтардың басым бөлігі қызметіне тыйым салынған нысандарға тікелей байланысты» деді комитет төрағасы. 

Айтпақшы, министр Алексей Цой өзінің қай вакцинаны салдыратынын да айтты. 

«Әзірге мен қазақстандық вакцинаны да, ресейлік вакцинаны да ектірмедім. Қазір қорытынды нәтижесін күтіп отырмыз. Олар Қазақстанда тіркеле салысымен алғашқылардың бірі болып қабылдаймын және елімізде жаппай вакцинация басталады. Біз, министрлік, екеуінің де қауіпсіз әрі тиімді екенін дәлелдеу үшін екі вакцинаны да ектіреміз» деді Алексей Цой. 

Министр сондай-ақ өзге шенеуніктердің вакцинаны ектіруді бастап кеткеніне қатысты да пікір білдірді. 

«Біз ектіруге дайынбыз. Бұл жерде ешқандай проблема жоқ. Әрине, біз де күтіп отырмыз. Себебі бұл бізді қорғаудың маңызды факторы. Әріптестеріміздің қабылдап жатқаны әрине, жақсы. Бірақ денсаулық сақтау министрінің ектіруі өте маңызды. Егер министр ектірсе – онда бұл 100 пайыз қауіпсіз деп бағалап, бүкіл халықты егуге шақыру деген сөз. Сондықтан біз вакцинаның қауіпсіздігі және тиімділігі бойынша нақты сенімді нәтижені күтіп отырмыз» дейді министр.