Қ.Тоқаев: «Қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды»

Жарияланды
Мемлекет басшысының мақаласы Egemen Qazaqstan газетінде жарық көрді

«Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді», деді мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы Egemen Qazaqstan газетінде жарық көрді.

Шекара сызығын ресми түрде халықаралық шартпен бекітіп, оны әлем жұртының мойындауы соңғы бірнеше ғасырда үрдіске айналды. Оған дейін қазіргідей делимитация, демаркация деген ұғымдар болмаған.  

Біз шекара мәселесін шешумен нақты айналысып жатқан кезде кейбір саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері «біз бұған асықпайық», «кейін де келісуге болады» деп арқаны кеңге салғысы келгені есімізде. Келіссөздерді табандылықпен жүргізіп, іргемізді дереу қымтап алғанымыз өте дұрыс болғанын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Қазір кім не айтса да, біздің екіжақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарамыз бар. Енді оған ешкім дауласа алмайды.

Президенттің айтуынша, 2018 жылы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылғаннан кейін құрлықтағы ғана емес, теңіздегі шекарамыз да біржола айқындалып, түпкілікті шешілген:

Қазақстан – біртұтас мемлекет. Еліміз оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс деп бөлінбейді. Бұл – тек бағытты білдіретін шартты атаулар. 2018 жылы Елбасының Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысына Түркістан атауы берілді. Тарихи әділдікті қалпына келтірген орынды шешімді халық бірауыздан қолдап, өте жылы қабылдады. Өйткені, мұндағы шежірелі шаһар ғана емес, тұтас өңір көне замандардан бері Түркістан деп аталған. Осы игі үрдісті еліміз бойынша жалғастыруға болады. Біз мұндай қадамдарды байыппен жасаймыз. 
Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет. Келесі жылы Жер кодексінің жекелеген нормаларына қатысты енгізілген мораторийдің мерзімі аяқталады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізіп, халықтың игілігіне жарату – өте маңызды мәселе. Сондықтан, биыл Жер мәселесі жөніндегі комиссияны құрып, соның аясында бір байламға келген жөн.

Сондай-ақ оқыңыз