Ресурстар

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға немесе емделуге қалай пайдалануға болады?

Салымшы тарапынан БЖЗҚ-ға жеке өтініш беру талап етілмейді

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға немесе емделуге қалай пайдалануға болады? Бұл туралы БЖЗҚ АҚ баспасөз қызметі хабарлады.  

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейтін емдеу және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін, сондай-ақ жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін пайдалану құқығын алады. 

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты қажеттіліктерге пайдалану құқығын:

– міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары бар жұмыс істейтін азаматтар пайдалана алады. Нысаналы пайдалану құқығы белгілі бір жеткіліктілік шегінен асатын жинақтары бар азаматтар үшін көзделетін болады. Жеткіліктілік шегі әр жас үшін жеке анықталады.

– қалыптасқан зейнеткерлер (әлеуетті құрылымдар қатарындағы зейнеткерлерді қоса алғанда) – БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының қалған сомасының 50% аспайтын шекте қолдана алады. Олардың зейнетақысының жиынтық мөлшері (жасы немесе еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақыны, базалық зейнетақыны қоса алғанда) жоғалтқан табысын халықаралық стандарттарға сәйкес келетін деңгейде (кемінде 40%) алмастыруды қамтамасыз еткен жағдайда аталмыш құқықты пайдалануға болады.

– өмір бойғы аннуитеттік төлемдерді қамтамасыз ететін сақтандыру компанияларымен зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасқан тұлғалар жоғарыда аталған құқыққа ие.

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын іске асыру үшін азаматтар, ең алдымен, өз жинақтарын тексеріп, олардың БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотында алуға қолжетімді соманың бар екеніне көз жеткізуі тиіс.

Қордың enpf.kz корпоративтік сайтындағы Жеке кабинетте, сондай-ақ БЖЗҚ-ның жаңартылған ұялы қосымшасы арқылы онлайн режимінде жеткіліктілік шегі мен нысаналы пайдалану үшін қолжетімді сома туралы ақпаратты тексеру мүмкіндігі берілген. 

Қордың корпоративтік сайтындағы Жеке кабинетте және ұялы қосымшада авторланудың екі тәсілі қолжетімді: ЖСН мен парольді енгізу немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану. Сондай-ақ, ұялы қосымшаға кейіннен қайта кіретін болсаңыз, ұялы құрылғыңызда бар болса Touch ID немесе Face ID пайдалануға болады. Ыңғайлы болу үшін пайдаланушы қызмет көрсетудің қазақ немесе орыс тілдерін таңдай алады.

БЖЗҚ-дағы ң зейнетақы жинақтарын тексергеннен кейін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үйге және/немесе емделуге пайдалану туралы шешім қабылдаған салымшылар уәкілетті операторға жүгінуі тиіс. «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ тұрғын үй бойынша да, емделу бойынша да уәкілетті оператордың функцияларын орындайды. Ол электрондық-цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) бар болған жағдайда азаматтардың өтінімдерін арнайы интернет-порталда электрондық форматта қабылдайтын болады.

Салымшының құжаттарын тексергеннен кейін уәкілетті оператор БЖЗҚ-ға салымшының өзі айқындаған және оның уәкілетті операторға берген өтінімінде көрсетілген мөлшердегі зейнетақы жинақтарын аудару туралы хабарлама жібереді. 

Салымшы зейнетақы жинақтарын мақсатты қажеттіліктерге алған кезде жеке табыс салығын (ЖТС) төлеу тәсілін таңдау құқығына ие болады (жарналар аударылған кезде ЖТС алынбағанын ескертеміз). Азаматтар ЖТС төлеуді кейінге қалдыруды таңдаса болады немесе тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеуге арналған жинақтарын алған кезде ЖТС-ты толық көлемде өтей алады.

БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын уәкілетті операторға аударуды оның өтінімі бойынша электрондық хабарлама келіп түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жүзеге асыратын болады. Уәкілетті оператор аударылған зейнетақы жинақтарын азаматтардың арнайы шоттарына 1 жұмыс күні ішінде есептейді.

Зейнетақы жинақтары арнайы шоттарда 45 жұмыс күнінен аспайтын уақыт ішінде жата алады. Осы мерзім ішінде жинақтар нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуға не салымшының БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотына қайтарылуға тиіс.

Осылайша, азаматтардың тұрғын үй және емделу мәселелері бойынша барлық өтініштері уәкілетті операторға «бір терезе» қағидаты бойынша келіп түседі және қаралады. Салымшы тарапынан БЖЗҚ-ға жеке өтініш беру талап етілмейді.

Сондай-ақ, азаматтар түрлі инвестициялық стратегиялар ұсынатын инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) арасында өз қалауымен таңдау жасау арқылы жинақтарын басқаруға қатыса алады. Зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін аудару үшін салымшы БЖЗҚ-ға нысан бойынша және талап етілетін құжаттарды қоса тіркей отырып, өтініш бере алады. БЖЗҚ-ға өтінішті БЖЗҚ-ның өңірлік кеңселеріне жеке жүгіну арқылы немесе enpf.kz интернет-ресурсы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып қашықтықтан беруге болады. Азаматтардың зейнетақы активтерін басқару құқығын алған ИПБ тізілімін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айқындайтын болады. Бұл ретте зейнетақы жинақтарының бірыңғай есебі «БЖЗҚ» АҚ-да сақталады.