Түркістанда «Сергек» орнатылып, өз қызметін бастады, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты.
Түркістан қаласы облыс орталығы болғаннан бері халықпен бірге көліктердің де саны көбейді. Осыған орай жаңадан құрылған Түркістан облысының тұрғындары мен автокөліктерінің жүріп-тұруына қолайлы болу үшін барлық жағдайлар жасалуда.
Көшелер кеңейтіліп, арнайы жаяу жүргіншілер жолағы, веложолдар салынды. Республикалық, қала-ауданаралық жолдар реттелді. Жаңа ғимараттармен қатар, жол бойына соңғы үлгідегі бейнебақылау камералары орнатылуда.
Мұндағы басты мақсат – жол қозғалысы ережесінің бұзылуына жол бермеу, жол-көлік оқиғасының санын азайту болып табылады.
Осы бағытта Түркістан қаласының көліктер көп жүретін орындарында 10 «Сергек» автоматты құрылғысы орналастырылып, 2021 жылдың қаңтар айының бесеуінен бастап, өз қызметін атқаруда. Нақтырақ айтсақ, Тәуке хан көшесінде – үш, С.Қожанов көшесінде екі «Сергек» бейнебақылау камерасы қойылған. Ал Байбұрт, Б.Саттарханов, Қазыбек би көшелерінде, Қызылорда тас жолы бойында, Қазақстанға 30 жыл даңғылына бір данадан орнатылды.
«Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Ғалымжан Есимов: – Бұл құрылғылардың қойылуының негізгі себебі – қауіпсіздіктің барынша жоғары деңгейін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтарды автоматты түрде фотобейнетіркеу жүйелеріне енгізу. Сергек камералары рұқсатты жылдамдықты арттыру, қызылға өту, жол белгілері мен жолақтарының талаптарын бұзу, рұқсат етілмеген жерде тоқтау мен тұру және автобус жолағымен жүру сияқты ереже бұзушылықтарды тіркеп, көлік иесіне айыппұл жазып бере алады. Мәселен, осы сергек құрылғысы орнатылған екі күннің ішінде, жылдамдықты асыру бойынша 25 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, жүргізушілерге 500 мың теңгеге жуық айыппұл салынған. Жалпы айта кететін жайт, жол-көлік оқиғалары салдарынан 2020 жылы қаза тапқандар саны өткен жылмен салыстырғанда 46 пайызға азайған. Ал, жарақат алғандар 115-тен 82-ге кеміген. Көрсеткіштердің бұлай төмендеуіне, осы орнатылып жатқан бейнебақылау камераларының да септігі тиюде. Сондықтан бірінші кезекте өзіңіз бен өзге де жүргізуші, жолаушылардың өмірі үшін жол ережелерін сақтап жүріңіз! Асықпаңыз, жылдамдықты асырмаңыз»!, – деп атап өтті Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Ғалымжан Есимов.