Ресурстар

Майра Мұхамедқызы театр басқаратын болды

Әйгілі опера әншісі Шымкентке қоныс аударды

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Астана Опера» театрының жетекші солисі Майра Мұхамедқызы Шымкент қалалық опера және балет театрының директоры болып тағайындалды. Өнердегі әріптестері әлеуметтік желілерде жақсы жаңалықпен жарыса бөлісіп, әлемдік деңгейдегі өнер иесін құттықтап жатыр. 

«Шымкент опера және балет театрының директоры қызметіне ұсыныс түскенде, бұл Алла тағаланың маған берген сынағы ма, әлде сыяпаты ма деп қатты толғанып ойландым. Алдымда қатпар-қатпар қиындықтар мен асулар тұрғаны анық. 30 жылдан астам уақыт операның қайнаған ортасында жүріп, жілігін шағып майын ішіп, қыр-сырын білген маған бұл тағдырдың маңдайыма жазған тосын сыйы емей немене?», – деп жазды әнші әлеуметтік желідегі жеке парақшасында. 

Өзіне сенім артқан Шымкент қаласының басшылығына алғыс айтуды да ұмыт қалдырған жоқ. Сөйтіп, өнер ордасының абыройын көтеруге кірісіп кетті. 

Шымкенттегі опера және балет театрының ғимараты 1984 жылы салынған. 2007 жылы театр ғимараты ретінде қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Өнер ордасының шымылдығы 2008 жылы 7 қарашада «Інжу-Маржан» қойылымымен түрілді. Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан болатын. Мәдени мекемеде 300 көрерменге арналған үлкен зал мен 86 орындық кіші зал бар. Аталмыш театрға 2017 жылдың 1 ақпанынан бері Қазақстанның мәдениет қайраткері Әбдіхан Нұрмаханбетов жетекшілік еткен еді. 

Айта кетелік, осыдан жарты ай бұрын ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «МузАрт» тобының әншісі Сәкен Майғазиев те Шымкентке қоныс аударды. Бұған дейін Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында проректор қызметін атқарған Сәкен Қордабайұлы қазір Шымкенттегі қалалық мәдениет үйін басқарады.