Ресурстар

Алматының медицина қызметкерлеріне 15 млрд теңгеден астам үстеме ақы төленді

Төлемдерді беру үш тәуекел топтары бойынша жүзеге асырылды

2020 жылдың наурызынан қарашаға дейінгі КВИ-ге қарсы күреске қатысқан Алматының сегіз мың медициналық қызметкері жалақыларына қосымша үстеме ақы алды.Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің Telegram каналы хабарлады.

Коронавирустық инфекция пандемиясы басталған кезде Алматының Қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты медицина ұйымдарының Covid-19-ды жұқтырған науқастарды емдеген қызметкерлеріне жалақыларына қосымша үстеме ақы төленді. Барлығы 8 мыңға жуық медициналық қызметкері үстеме ақы алды, оның жалпы сомасы 15 142 760,1 мың тг.

Үстеме ақының мөлшері дәрігерлердің қандай аймақта жұмыс жасағанына байланысты болды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 4 сәуірдегі «COVID-19 коронавирусына қарсы күресте эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқан денсаулық сақтау қызметкерлерін қаржылай қолдаудың кейбір мәселелері туралы» бұйрығына сәйкес төлемдерді беру үш тәуекел топтары бойынша жүзеге асырылды.
 
1 тәуекел тобы (өте жоғары) — жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, бұлардың қатарына COVID-19 науқастарына медициналық көмек көрсетуге қатысқан жансақтау бөлімдерінің және басқа стацинарлардың қызметкерлері де қосылды.

Осы тәуекел тобындағы бір қызметкерге берілетін үстеме ақы көлемі ең төменгі айлықтық жалақының жиырма еселенген мөлшерінен аспады. Осы топтағыларға жалпы сомасы 6 795 746,1 мың тг көлемінде үстем ақы төленді.

2 тәуекел тобы (жоғары) — провизорлық стационарлардың, провизорлық бөлімдердің дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, жедел медициналық көмектің дәрігерлері мен фельдшерлері, оның ішінде амбулаториялық жағдайда медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері.
 
Осы тәуекел тобындағы бір қызметкерге берілетін үстеме ақы көлемі ең төменгі айлықтық жалақының он еселенген мөлшерінен аспады. Аталған топқа төленген үстеме ақының жалпы сомасы 6 223 334 мың тг.

3 тәуекел тобы (орташа) — карантиндік стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, жедел медициналық көмек бригадасының жүргізушілері, оның ішінде амбулаториялық жағдайда медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері.

Осы тәуекел тобындағы бір қызметкерге берілетін үстем ақы мөлшері ең төменгі айлықтық жалақының бес еселенген мөлшерінен аспады. Осы топтағыларға жалпы сомасы 2 123 680 мың тг көлемінде үстем ақы төленді.