Өткен жылы ауыл шаруашылығына 573,2 миллиард теңге инвестиция салынды
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Үкімет отырысында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2020 жылғы негізгі нәтижелері туралы баяндама жасады. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство басшысының айтуынша, өткен жылы да АӨК-де тұрақты өсім сақталды.
2020 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі бір жылда 5,6%-ға артып, 6,3 трлн. теңгені құрады.
Негізгі өсім – өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 7,8%-ға, яғни 3,6 трлн. теңгеге дейін ұлғаюымен қамтамасыз етілді.
Еліміздің 5 облысы: Қостанай (шамамен 121%), Ақмола (шамамен 113%), Павлодар (107,5%), Ақтөбе (106,7%) және Қарағанды (105,7%) жоғары өсу қарқынын көрсетті.
Мал шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 3%-ға артып, 2,6 трлн. теңгені құрады. Бұл ретте тірі салмақта ет өндіру көлемі 4,1%-ға, сүт өндіру көлемі 3,2%-ға өскені байқалады.
Шикізатты қайта өңдеу саласы да оң динамиканы көрсетті. Азық-түлік өнімдерінің өндірісі 2020 жылдың 12 айында 4%-ға өсіп, 1,9 трлн. теңгені құрады.
Сары майды 26,5%-ға, өңделген күріш – 20,1%-ға, шұжық өнімдері – 8,2%-ға, макарон өнімдері – 6,3%-ға, өңделген сүт – 4,9%-ға, сүт өнімдері – 4,8%-ға, ірімшік және сүзбе – 4,5%-ға, ұн – 1,6%-ға артық өндіріле бастады.
2020 жылдың 12 айында ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестициялар 15%-ға ұлғайып, 573,2 млрд. теңгені құрады. Азық-түлік өнімдері өндірісінің негізгі капиталына инвестициялар 13,5%-ға артып, 104 млрд теңгеге жетті.
«АӨК көрсеткіштерінің тұрақты өсуі негізінен фермерлердің үйлесімді жұмысының және Үкіметтің Covid-19 пандемиясы жағдайында егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің кедергісіз қозғалысын, жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер, тұқымдар, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын жедел жеткізуді қамтыған жұмыс алгоритмін уақтылы қабылдауының арқасында қамтамасыз етілді. Нәтижесінде егіс сапалы және оңтайлы аграрлық мерзімде жүргізілді», – деп атап өтті Сапархан Омаров.