Қазақстанда 430 мың тоннадан астам ет өндірілді

Жарияланды
Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 3,2%-ға артық

2020 жылғы қаңтар-қараша айларында ет өндіру көлемі (құс етін қоспағанда) 435 мың тоннадан асты. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,2%-ға артық. Бұл  туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады. 

Сондай-ақ, шұжық өнімдерін өндіру 12%-ға (48-ден 53,8 мың тоннаға дейін) және ет консервілерін өндіру 13,8%-ға (7,7-ден 8,8 мың тоннаға дейін) артты.

Сиыр етінің экспорты өткен жылдың қаңтар-қазан аралығында 26,4 млн АҚШ долларын құрады.

Отандық дайын өнім өндірісінің өсуі мал шаруашылығы және ет өңдеу салаларындағы мемлекеттік көмектің ұлғаюына байланысты. Сонымен қатар, өңдеуші кәсіпорындарының қуатының артуына ҚР АШМ өткен жылы іске қосқан тірі мал экспортына мораторий жариялауы оң әсерін тигізді. Бұл шара жануарлардың еліміздің шекарасынан жаппай шығарылуын тоқтатып қана қоймай, Президенттің тапсырмасына сәйкес дайын өнім өндірісінің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында ет өңдеушілер үшін келесі мемлекеттік қолдау түрлері:

1) жұмыс істеп тұрған зауыттарды жаңғыртуға және жаңа зауыттарды салуға инвестициялық салымдардың бір бөлігін өтеу (25%-ға дейін);

2) айналым және негізгі құралдарға арналған несиелер бойынша сыйақының пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау;

3) «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде, оның ішінде ет және құс етін өндірушілерге жеңілдікпен несие беру қарастырылған.

Сонымен қатар, ҚР АШМ өгізшелерді ет өңдеу кәсіпорындарына тапсыру кезінде фермерлерді субсидиялау шараларын енгізді. Мал өсірушілер мемлекеттен қосымша бір килограмм тірі салмақ үшін 200 теңгеден ала алады.

Сондай-ақ оқыңыз