Зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін алып, оны тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсау туралы үкімет шешімі қазір қоғамда қызу талқыланып жатыр. Жинаған қаржысы бар азаматтар бұл мүмкіндікті пайдалануға ұмтылады. Дегенмен дәл осы жолдан басқа да мүмкіндіктер бар екені белгілі. Ең бастысы тұрғын үй саласындағы маңызды дүниелерді біліп жүрген жөн. Осы орайда оқырмандарымызға ең маңызды сауалдардың жауабын ұсынып отырмыз.
Баспана кезегіне тұру үшін не істеу керек?
Баспана кезегіне тұрудың екі жолы бар. Алдымен барлық тиісті құжатты алып халыққа қызмет көрсету орталығына бару керек. Негізгі қажетті құжаттар – отбасы мүшелерінің жеке куәлігі, зейнетақы аударымы және қосымша табыс туралы анықтама. Екінші жолы – онлайн түрде рәсімдеу. Ол үшін egov.kz порталына кіріп, қызметке онлайн тапсырыс беріп, тиісті құжаттарды сол жерде тіркейсіз. Кейін жеке кабинетіңізге кіріп, өтінішіңіздің жәй-күйін біліп отырасыз.
«Отбасы банкіндегі» ұлымның жинағын қалай алсам болады?
Ол үшін қорғаншылық және қамқорлық органдарының келісімін алу керек. Ол келісімді egov.kz порталы арқылы да алуға болады. Алдымен кәмелетке толмаған баланың жинағын басқаруға рұқсат сұрап А4 форматында өтініш толтырасыз. Егер баланың жасы 12-ге толған болса онда өзі ата-анасының қаражатты басқаруына (жабу, біріктіру, тағы басқа) рұқсат беретінін айтып өтініш жаза алады.
- ЭЦҚ көмегімен порталға кіресіз.
- «Отбасы» дегенді таңдайсыз.
- «Қамқоршылық, қорғаншылық қолдау» бөліміне кіресіз.
- Қызметтер ішінен «Кәмелетке толмағандардың мүлкіне иелік ету үшін анықтамалар беру» дегенді тауып, басасыз.
- Әрі қарай қызметке онлайн тапсырыс беріп, тиісті құжаттарды жүктеп, ЭЦҚ кілтіңіз арқылы қол қойып, жолдайсыз. 3 жұмыс күні ішінде қамқоршылық және қорғаншыылық органының рұқсат берген шешімі келіп түсуі тиіс.
«Отбасы банкіндегі» депозитті қалай онлайн жабуға болады?
Егер сізде 15-200 мың теңге аралығында жиналған болса онда банктің интернет-банкинг қызметі арқылы онлайн режимде жауып тастауға болады. Егер 500 мың теңгеге дейін қаражат жиналса депозитті банктің қосымшасына кіріп бейне қоңырау арқылы жаба аласыз. Бейне қоңырау арқылы жабу кезінде өзіңізбен бірге жеке куәлік болуы керек. Ал егер жинаған қаражат 500 мыңнан көп болса онда депозитіңізді банк бөлімшесіне барып жабасыз. Жабу туралы өтініш 7 күнтізбелік күнде қаралады.
«Отбасы банкіндегі» жинағымды қалай тексеруге болады?
Өз жинағыңызды интернет-банкинг көмегімен тексеруге болады. Ол үшін тіркеуден өтіп, құпия сөзіңізді алу қажет.
«Отбасы банкімен» келісімшартты үзгеннен кейін бірден ақшамды қайтарып аламын ба?
Келісімшарт бұзылған жағдайда банк қаражатты 5 жұмыс күні ішінде береді.
Келісімшартты қалай өзгертуге болады?
Сіз минималды сома 500 АЕК-ке дейін жинақ ашуға мүмкіндік беретін «Баспана» жаңа тарифтік бағдарламасына еш қиындықсыз ауыса аласыз. Сол арқылы келісім сомасын арттырып, депозиттерді біріктіріп, мүмкіндіктерді пайдалана аласыз. Банк салымшысы кез-келген уақытта басқа тарифтік бағдарламаға ауыса алады. Ол үшін жақын маңдағы банк бөлімшесіне барып, өтініш жазу қажет. Содан кейін барып клиент жинақтау шартының өзгергені туралы сертификат алады. Бірақ бағалау көрсеткіші өзгеріссіз қалады. Депозиттегі қаражатты мемлекеттік сыйақысымен бірге алу тек 3 жылдан кейін ғана мүмкін болады.
Үй сатып алдым. Баспана кезегіне тұра аламын ба?
Егер сіздің атыңызда баспана болса онда тағы да мемлекеттен баспана аламын деп үміттенуге болмайды. Тіпті басқа қаладан да. Ал егер үйіңізді сатуға қойсаңыз, онда тек 5 жылдан кейін ғана кезекке тұра аласыз.
Тұрғын үй кезегін басқа қалаға ауыстыруға бола ма?
Олай болмайды. Егер басқа қалаға көшіп барсаңыз, онда жаңадан кезекке тұру қажет.
Ипотека бойынша қандай жағдайда азаматтың өтініші қабылданбауы мүмкін?
Ипотекалық несие – ерекше қатаң шарттарға негізделген банк өнімі. Негізінен көп жағдайда екі себеп бойынша бас тартады. Алғашқысы – нашар несие тарихы. 5-15 күн аралығындағы төлем кешіктірудің өзі «нашар тарих» болып саналады. Екіншісі – ипотека төлемін жауып тұра алатын тиісті табыстың, яғни, тұрақты жалақының болмауы. Көбіне соңғы 6-12 айдағы табыс есепке алынады.
Скорингтік ұпай деген не және ол қалай есептеледі
Банкке өтініш берген кез-келген клиентке байланысты скорингтік балл есептеледі. Ол клиенттің несиені қайтару ықтималдылығын есептейді. Ықтималдылық қаншалықты жоғары болса клиентке деген банк сенімі де соншалықты жоғары деген сөз. Әр қаржы институтының скорингтік жүйесі жеке зияткерлік меншігі болып саналады. Сондықтан ол туралы банктегі санаулы қызметкер ғана біледі. Ол автоматты жүйе болғандықтан, оған қолжетімділік жоқ. Яғни, оның қалай жұмыс істейтінін ешкім тап басып айта алмайды.